«$10 млрд-тық мәміле»: Google Cloud Palo Alto-ның ЖИ сервисімен бірлеседі

Alphabet бұлтты есептеу бөлімшесі және Palo Alto Networks киберқауіпсіздік компаниясы серіктестікті кеңейтетінін мәлімдеді. Reuters дереккөзіне қарағанда, бұл Google Cloud-тың қауіпсіздік қызметтері саласындағы ең ірі келісімі.
Егжей-тегжейлі
Palo Alto мәліметінше, серіктестік Google Cloud-тың бұлтты және жасанды интеллект технологияларын Prisma AIRS қауіпсіздік платформасымен біріктіреді. SeekingAlpha бұл серіктестік ЖИ-жүйелері мен бұлтты инфрақұрылымға бағытталған кибершабуылдардың көбеюі аясында кеңейтіліп отырғанын атап өтті.
Reuters дереккөзіне сүйенсек, Google Cloud пен Palo Alto арасындағы келісім Palo Alto-ның бірнеше жыл ішінде Google Cloud-қа $10 млрд төлеу міндеттемесін қамтиды.
Алайда, екі компанияның басшылығы келісім сомасына қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Palo Alto президенті Би Джей Дженкинстің айтуынша, қаражаттың бір бөлігі компанияның қолданыстағы сервистерін Google платформасына көшіруге, ал едәуір бөлігі жасанды интеллекті бар жаңа сервистерді қосуға бағытталады. Өз кезегінде Google Cloud-тың кірістер жөніндегі директоры Мэтт Реннер «жасанды интеллект қауіпсіздікке деген зор сұраныс тудырды» деп атап өтті.
Palo Alto баспасөз хабарламасында бұл келісім компанияларға ЖИ саласындағы ең озық шешімдерді енгізе отырып, зияткерлік меншік пен бұлттағы деректерін қорғауға мүмкіндік беретіні айтылған.
Жасанды интеллект кейбір бизнес-функцияларды, мысалы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді, түбегейлі өзгерткен. Ал киберқауіпсіздік сияқты басқа салалар әлі де дамудың бастапқы кезеңінде қалды, деп жазды Reuters. «Бұл бұлтты технологиялар енді дамып бастаған кезде, ешкім елестете алмаған жаңа қауіптер пайда болған жағдайға ұқсас», — деп түйіндеді Дженкинс.
Контекст
Бұл Alphabet үшін мұндай алғашқы келісім емес. 2025 жылдың наурызында интернет-алпауыт киберқауіпсіздік саласындағы Wiz стартапын компания тарихындағы рекордтық $32 млрд-қа сатып алу туралы келіскен. Қазір бұл мәміле реттеуші органдардың мақұлдауын күтіп отыр, деп жазды Reuters.
Palo Alto қазан айында жасанды интеллектке негізделген киберқауіпсіздік шешімдерін іске қосып, арада бір ай өткенде, қарашада, Chronosphere бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеуші компаниясын $3,35 млрд-қа сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
2014 жылға дейін Palo Alto бас директоры Никеш Арора Google компаниясында ұзақ уақыт жұмыс істеп, бизнесті дамыту жөніндегі директор қызметін атқарған, деп еске түсірді Reuters.
Google Cloud пен Palo Alto серіктестігінің кеңейгені туралы жаңалық шыққаннан кейін, 19 желтоқсандағы саудада Alphabet-тің A және C класындағы акциясы шамамен 1% қымбаттады, ал Palo Alto акциясы 0,9% өсті.








