2025 жылы iPhone сатылымының өсуі баяулайды – Citi
Apple-дің негізгі кіріс көзі – смартфондар

Citi банкі iPhone сатылымының өсу болжамын 5%-дан 2%-ға төмендетті. Бұған себеп – Apple компаниясының Siri дауыстық көмекшісіне жаңа жасанды интеллект (AI) функцияларын енгізуді кешіктіруі. Дегенмен инвестбанк Apple акцияларын сатып алу бойынша ұсынысын сақтап қалды, деп хабарлайды Seeking Alpha. Дүйсенбі күні АҚШ қор нарығындағы жалпы құлдырау аясында Apple акциялары 6%-ға жуық арзандады.
Болжамдар
Citi Research 2025 жылы iPhone жеткізілімін 232 миллион данаға дейін қайта қарады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға өсім. Бұрын банк сарапшылары 5%-дық өсім болатынын болжаған еді.
«Siri-дің кеңейтілген жаңартуы – экранда болып жатқан оқиғаларды тану, жеке контекст және қолданбалармен терең интеграция – сәуір немесе мамыр айында iOS 18.4 жаңартумен бірге шығады деп күтілген. Алайда 7 наурызда Apple бұл мүмкіндіктерді 2026 жылға шегеретінін хабарлады. Бұл жаңалықты біз теріс белгі ретінде қабылдаймыз, себебі бағдарламалық жасақтаманың жаңартылуы биылғы жылы пайдаланушылардың құрылғыларын жаппай жаңартуға ынталандыруы мүмкін еді», – деп жазды Seeking Alpha Атиф Маликтің жетекшілігімен Citi сарапшыларына сілтеме жасап.
Citi 2026 жылғы болжамын өзгертпеді – 244 миллион құрылғы немесе 5%-дық өсім. Сонымен қатар Apple акцияларын сатып алу бойынша ұсынысын және олардың мақсатты бағасын $275 деңгейінде сақтады. Бұл компания акцияларының жұма күнгі жабылу бағасынан 15%-ға қымбаттайтынын білдіреді.
Инвесторлар үшін маңызды жайттар
Apple кірісінің негізгі бөлігі iPhone сатылымынан түседі, деп жазады Barron’s. Оның мәліметінше, 2024 қаржы жылында (қыркүйекте аяқталған) компания смартфондарды 4,4%-ға аз сатты. 2025 қаржы жылының бірінші тоқсанында да сатылым 1%-ға төмендеді. iPhone-нан түскен табыс $69,1 млрд болды, ал Wall Street сарапшылары $71,03 млрд болады деп күткен.
2025 жылдың екінші тоқсанына Apple қаңтар айының соңында оптимистік болжам берген еді. Компания табыстың «бір таңбалы төменнен орташаға дейінгі» пайыздық өсім шегінде болатынын (low- to mid-single digits) болжады, бұл шамамен 5%-ды құрайды.
Қытай факторы
Citi сарапшылары Apple-дің Қытай нарығында Apple Intelligence функцияларын енгізу жолдарын қарастырып жатқанын атап өтті. Бұл – компания үшін маңызды өсу нүктесі. Америкалық технологиялық алып Қытайдағы жасанды интеллект қызметтерін бейімдеу үшін Қытай мен АҚШ-та бірнеше инженерлік топтарды жұмылдырған. Сонымен қатар, Apple-ге реттеушілік кедергілерді еңсеру қажет.
Компания Alibaba-мен серіктестік орнатып, Қытайда Siri-дің ChatGPT-мен интеграциясын алмастыратын жергілікті AI шешімін ұсынады. Сондай-ақ, Apple iPhone-дағы AI функцияларын дамыту бойынша Baidu-мен жұмысын жалғастыруда.
«Apple Қытайда Apple Intelligence-ті қашан іске қосатынын әлі жариялаған жоқ, себебі реттеушілік процестерден өтіп жатыр. Алайда, Alibaba және Baidu компанияларымен серіктестікті растауы, сондай-ақ, сәуір айында қарапайым қытай тілі қолдауының қосылуы оң қадам деп санаймыз», – деп жазды Citi сарапшылары.
8 ақпанда Apple бірнеше жыл бойы әзірлеген Apple Intelligence-ті қолдайтын жаңа қолжетімді iPhone 16e моделін сатылымға шығарды. Бұл құрылғы Wall Street сарапшылары күткеннен 20%-ға қымбат болып шықты. Бұл баға Apple-дің табысына оң әсер етуі мүмкін, себебі смартфонын жаңартқысы келетін тұтынушылар күтілгеннен көбірек ақша жұмсайды. Дегенмен iPhone 16e таныстырылған күні Apple акциялары айтарлықтай өзгерген жоқ.
Акциялар бағасы
10 наурыз, дүйсенбі күні, АҚШ нарығындағы жаппай сатылым аясында Apple акциялары 5,9%-ға құлдырап, $225-қа дейін төмендеді. Бұл деңгей қаңтар айының соңындағы көрсеткішпен тең. Құлдырау АҚШ президенті Дональд Трамптың рецессия қаупін жоққа шығармауына байланысты орын алды.
Соңғы 12 айда Apple акциялары 30,5%-ға қымбаттады, бірақ жыл басынан бері 10%-ға төмендеді. MarketWatch мәліметінше iPhone өндірушісін бақылайтын 50 сарапшының 31-і акцияларды сатып алуды ұсынса, 14-і оларды ұстап тұруды, ал 5-еуі сатуды жөн санайды. Орташа болжам бойынша, Apple акцияларының бағасы $254 болуы мүмкін, бұл жұма күнгі жабылу бағасынан 6%-ға жоғары.








