БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Инвесторлар үшін алтын «Керемет жетіліктен» де тартымды болуда

Биыл спот-нарықтағы алтын бағасы 27%-дан аса өсті, ал «жетілік» компанияларының акциялары 12–40% аралығында арзандады

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Инвесторлар үшін алтын «Керемет жетіліктен» де тартымды болуда

Bank of America-ның осы аптадағы сауалнамасына сәйкес соңғы екі жылда алғаш рет алтын «Керемет жетілік» — Apple, Alphabet, Microsoft, Amazon, Meta, Tesla және Nvidia акцияларынан озды. Инвесторлар Дональд Трамп бастаған сауда соғысы аясында сенімді актив іздеуде. Сәрсенбі күні алтын бағасы тарихи рекорд орнатып, $3300 деңгейінен асты.

Толығырақ

Yahoo Finance хабарлауынша алтын технологиялық алыптардың акцияларын ығыстырып, Уолл-стриттегі ең танымал инвестицияға айналды. BofA жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша капиталды басқаратын мамандардың 49%-ы алтын бағасының өсуіне ставка жасауды (long gold) нарықтағы ең танымал мәміле деп таныды. Бұл — жоғары технология секторын екі жыл бойы үздік санап келген инвесторлар пікірінің күрт өзгеруі.

Жыл басынан бері алтынның споттық бағасы 27%-дан астам өсті. Ал керісінше «Керемет жетілік» акциялары айтарлықтай құлдырады. Ең көп жоғалтқан — Tesla: компанияның нарықтық құны 40%-дан астамға қысқарды. Apple акциялары 23%-ға, Nvidia — 22%-ға, Google-дің ана компаниясы Alphabet — 18%-ға, Microsoft — 12%-ға, Meta — 14%-ға, ал Amazon — 20,5%-ға төмендеді.

Соңғы екі айда америкалық активтерден рекордтық капитал ағыны тіркеліп отыр. BofA мәліметі бойынша инвесторлардың 73%-ы АҚШ нарығының «ерекшелігі» аяқталды деп санайды. Ал алтынға деген сенім керісінше күшейіп келеді. Уолл-стрит сарапшылары баға шарықтағанына қарамастан, бұл қорғаныс активке бәс тігуін жалғастырып, оған қатысты бағам болжамдарын да көтеріп отыр. Bank of America мәліметінше 2025 жылдың ең үздік активі ретінде алтынды таңдайтын басқарушылар үлесі наурыздағы 23%-дан сәуірде 42%-ға жеткен. Бұл сауда соғыстары мен жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында орын алған үлкен бетбұрыс.

Алтын қанша тұрады

Сәрсенбі күнгі саудада алтынның споттық бағасы 3%-дан аса өсіп, бір унциясы $3340-қа жетті — бұл тарихи жаңа рекорд. Қымбат металға деген сұраныстың артуы Трамптың бастамасымен өршіген сауда соғысы аясында байқалып отыр. Сейсенбіде Трамп стратегиялық маңызы бар минералдар импортына жаңа баж салығын енгізуге алып келуі мүмкін тергеуді бастауға тапсырма берді. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісін ушықтырып, тұрақсыздық жағдайында алтынға деген сұранысты арттырды. Сонымен қатар доллар да өзге валюталарға қатысты әлсіреп, өткен аптадағы үш жылдық минимумға қайта жақындады. Reuters мәліметінше бұл да алтынды басқа валюталардың иелері үшін тартымды ете түсті.

Сарапшылар пікірі

FXTM аға талдаушысы Лукман Отунуга:

«Доллардың әлсіреуі, баж салығы төңірегіндегі белгісіздік және жаһандық рецессияға деген қорқыныш алтынды ұтымды активке айналдырып отыр».

Оның айтуынша $3300 шегінен асқаннан кейін бағаның ары қарайғы өсуі психологиялық маңызды деңгейлермен — $3400, $3500 және одан жоғары көрсеткіштермен анықталмақ. Алайда сарапшы алтын бағасы өскен соң пайданы бекіту немесе АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерден оң жаңалықтар естілсе, қысқа мерзімді түзету болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Galaxy Futures (Шанхай) сарапшысы Лучэнь Ван:

«Әлемдік державалар арасындағы текетірес жақын арада аяқталмайды. Сондықтан алтынның бағасы қысқа және орта мерзімде өсуді жалғастырады», — деп есептейді.

Sprott инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Райан Макинтайр (Yahoo Finance):

«Алтын бағасының жаңа шыңдары инвесторлардың АҚШ активтеріне деген қызығушылығының азайғанын көрсетеді. Олар енді әртараптандыру жолдарын іздеуде», — дейді.

Saxo Bank-тың шикізат стратегиялары бөлімінің басшысы Оле Хансен:

«Ралли бақылаудан шығып бара жатқандай көрінеді, бұл бағаның уақытша кері қайту қаупін арттырады. Дегенмен біз бір жылдан бері түзетулердің таяз болатынын көріп келеміз — сұраныс бірден оралады», — дейді сарапшы.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары