Nasdaq 3% құлады: Пауэлл нарықты автобус астына тастағандай болды

АҚШ-тың қор нарығындағы аптаның басындағы салыстырмалы тыныштық сәрсенбі күні бұзылды. Үш негізгі индекс те сауданы минуспен жапты. Инвесторлардың көңіл-күйіне чип өндіруші алпауыт компаниялардан келген жағымсыз жаңалықтар мен ФРЖ төрағасының мәлімдемесі әсер етті. Bloomberg-тің жазуынша бұл мәлімдеме реттеушінің қор нарығына араласуы мүмкін деген үмітті жоққа шығарды.
Толығырақ
16 сәуірде ең көп жоғалтқан Nasdaq Composite технологиялық индексі болды — ол 3,07%-ға төмендеді. Технологиялық компаниялар үлесі жоғары S&P 500 индексі 2,2%-ға құлдыраса, Dow Jones Industrial Average («көк фишкалар» индексі) 1,7%-ға түсті.
Акциялар неге төмендеді
Инвесторлар акцияларын сата бастады, себебі графикалық процессорлар әзірлеуде көшбасшы Nvidia компаниясы Қытай мен тағы бірнеше елге H20 чиптерін жеткізуге қатысты шектеулерден $5,5 млрд жоғалтуы мүмкін екенін ескертті. Бұл шектеулерді Ақ үй енгізген. Бұған қоса The New York Times басылымы Ақ үйдің Nvidia компаниясы чип жеткізетін қытайлық DeepSeek ИИ-стартапына қатысты жаңа шектеулерді қарастырып жатқанын жазды. Соның нәтижесінде Nvidia акциялары 6,9%-ға арзандады. Шамамен осынша шығынды нидерландтық ASML компаниясы да көрді — ол чип өндірісіне арналған жабдықтар шығарады. ASML бірінші тоқсандағы таза тапсырыстар көлемінің күрт қысқарғанын хабарлап, қазіргі тоқсанға арналған болжамын да нашарлатты. Себеп — сауда саясатына қатысты белгісіздік.
Пауэллдің сөзінен кейінгі әсер
Күннің екінші жартысында құлдырау үдей түсті. Инвесторлардың сеніміне ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің Чикагодағы сөз сөйлеуі кері әсер етті. Пауэллдің айтуынша, кедендік баж салығының жоғары болуы инфляцияны үдетіп, экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін. Бұл ФРЖ-ның баға тұрақтылығы мен толық жұмысбастылықты қамтамасыз ету жөніндегі қос мандатына қауіп төндіреді. Оның сөзіне қарағанда, Федрезерв инфляцияны тежеу мен экономиканы қолдау арасында қиын таңдау алдында қалуы мүмкін. Сондай-ақ Пауэлл ФРЖ инвесторларды тыныштандыру үшін қор нарығына араласуды немесе ақша-кредит саясатын қайта қарауды жоспарламайтынын мәлімдеді — алдымен баж салығына қатысты көбірек анықтық қажет.
Уолл-стриттегі пікірлер
«Негізі, Пауэлл экономиканы дұрыс арнаға қайтару үшін күрделі шешімдер қажет болатынын айтты, — деді Jacobs Investment Management консалтингтік фирмасының негізін қалаушы Райан Джейкобс MarketWatch-қа. — Экономиканы қолдауға бағытталған кез келген әрекет инфляцияның артуына себеп болуы мүмкін, бұл өз кезегінде нарықтағы тұрақсыздықтың ұзаққа созылуына әкеледі. Менің ойымша сауда соғысы әлі аяқталған жоқ, біз инфляциялық қысымның күшеюі жағына қарай жылжып келеміз».
«Қаржы нарықтары ФРЖ пайыздық мөлшерлемені күткеннен ертерек төмендетуі мүмкін деген ең болмағанда бір белгіге үміттеніп отырды, — дейді Global X инвестициялық стратегия жөніндегі басшысы Скотт Хельфштейн. — Бірақ Пауэллдің айтуынша, ең дұрыс шешім — сабыр сақтау».
«Пауэлл қор нарығын жай ғана көлік дөңгелегінің астына лақтырып жіберді, — деп келтіреді Bloomberg FBB Capital Partners зерттеулер жөніндегі директоры Майкл Бейлидің сөзін. — Бұл — орындалмаған үміттердің жылы: алдымен бізді баж салығы, енді ФРЖ-ның үнсіздігі ренжітті. Пауэлл нарықты мүлде елемей отыр, ал бұл өте қолайсыз кезең — жартылай өткізгіштер саласы бүкіл әлем бойынша инвесторлардың сенімін шайқалтып жатыр».








