Трамп тарифтері Еуропадағы ең қымбат банк көшбасшысын өзгертті
Сауда соғыстары швейцарлық UBS капитализациясына испандық Santander-ге қарағанда қаттырақ әсер етті

Испаниялық Santander континенттік Еуропадағы ең қымбат банк атағын иеленді. Бұл атақ соңғы 1,5 жыл бойы UBS-ке тиесілі болған. Басты себеп — Дональд Трамп енгізген тарифтер швейцарлық банктің нарықтағы бағасына қатты соққы болды.
Толығырақ
2 сәуірде Трамп «өзара» тарифтер енгізетінін мәлімдеген соң UBS акциялары 15%-ға жуық арзандады. Ал испаниялық Santander акциялары сол уақытта небәрі 5%-ға төмендеді. Financial Times басылымының Bloomberg деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша 16 сәуірде сауда жабыларда Santander-дің нарықтық құны €91,3 млрд-қа жетіп, UBS-ті (€85,7 млрд) басып озды.
UBS 2023 жылдың тамызынан бері — Credit Suisse банкін сатып алғаннан кейін — континенттік Еуропадағы ең құнды банк болып келген. Бірақ оның АҚШ нарығына тәуелділігі қазіргі геосаяси жағдай мен сауда соғыстары кезінде әлсіз тұсқа айналды.
Сарапшылардың пікірі
UBS табысының үштен бірі АҚШ-тан түседі. Morningstar мен Vontobel сарапшылары бұл жаһандық банктің жаңа дәуірде, әсіресе деглобализация мен геосаяси шиеленістер кезеңінде осалдығын көрсетеді дейді.
Vontobel сарапшысы Андреас Вендеттидің айтуынша UBS-ке қысым көрсетіп тұрған тағы бір фактор — Швейцария билігінің жаңа қатаң реттеулері. UBS директорлар кеңесінің төрағасы Колм Келлехер жаңа талаптар банкті бәсекелестерінен 50%-ға артық капитал ұстауға мәжбүрлейтінін мәлімдеді.
Осы жағдайға қарамастан Santander табысты жұмыс істеуде: 2025 жылдың басынан бері оның акциялары үштен бірге өскен. Банк басшысы Ана Ботин бұл жетістікті Santander-дің бизнес үлгісінің сенімділігімен түсіндіреді.
Контекст
Жалпы, еуропалық банктер соңғы айларда нарықтағы қарқынды өсімнен ұтып отыр. Euro Stoxx Banks индексі 2025 жылдың басынан бері 20%-дан аса өсті. Santander мен UBS-тен кейінгі ірі банктер қатарында француз BNP Paribas (€80,9 млрд) және италиялық UniCredit (€78,9 млрд) бар. Еуропаның абсолютті көшбасшысы — британдық HSBC, оның нарықтық құны £137,8 млрд.








