Hermès сатылымы Қытайдағы сұраныс әлсіреуінен баяулап, акциялары құлдырады
Hermès АҚШ-та бағаны көтеріп, Трамп тарифтерінен келген шығынды өтемек

Францияның Hermès сән үйі 2025 жылдың алғашқы тоқсанында табыс өсімінің сирек кездесетін баяулауын мәлімдеді. Бұған Қытайда сән-салтанат тауарларына деген сұраныстың төмендеуі себеп болды. Бұған дейін Hermès басқа люкс брендтерінің сатылымы бәсеңдеген кезеңде де тұрақты өсімді сақтап келді. LVMH-тің әлсіз есебінен кейін Hermès тіпті қысқа уақытқа болса да сектордағы ең қымбат компанияға айналды. Алайда бейсенбі күні Париждегі саудада оның акциялары арзандады.
Толығырақ
Hermès 2025 жылдың бірінші тоқсанында табысы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,2%-ға өсіп, 4,13 млрд еуроны (4,71 млрд доллар) құрағанын хабарлады. The Wall Street Journal жазуынша Visible Alpha деректері бойынша сарапшылар 4,14 млрд еуро күткен. Алдыңғы тоқсандағы 18%-дық өсіммен салыстырғанда бұл – айтарлықтай баяулау.
Азия-Тынық мұхиты аймағындағы (Жапониядан басқа) сатылым небәрі 1,2%-ға артты, ал сарапшылар бұл көрсеткіш 4% болады деп болжаған. Дегенмен Hermès барлық өңірлерде, соның ішінде сатылымы 11%-ға өскен Солтүстік және Оңтүстік Америкада да оң динамика сақталғанын атап өтті.
Акциялардың жағдайы қалай
17 сәуірде Париждегі саудада Hermès акциялары бір сәтте 4,2%-ға төмендеді, бірақ кейін біршама қалпына келді. Жыл басымен және соңғы 12 аймен салыстырғанда олардың бағасы 1%-ға ғана төмендеген.
Инвестор үшін маңызды жайттар
Bloomberg жазуынша Hermès сирек жағдайда ғана нарықты қаржылық көрсеткіштерімен ренжітеді, бірақ Қытайдағы сән-салтанат секторындағы әлсіреу тіпті осы нарықтағы ең мықты компанияны да айналып өтпеді. Дональд Трамптың АҚШ-та импорттық тарифтерді көтеру туралы мәлімдемесінен кейін сектор болашағы бұлыңғыр бола түсті. 2024 жылдың табысты аяқталуынан кейін люкс индустриясы 2025 жылы АҚШ-тағы сұраныстың артуына үміттенген еді. Егер жаңа импорттық тарифтер күшіне енсе, Еуропадан келетін тауарларға 20%-ға дейін салық салынуы мүмкін. Өткен аптада Трамп бұл салықтардың басым бөлігін 90 күнге кейінге шегеріп, бастапқы мөлшерді 10% деңгейінде белгіледі.
Hermès қаржы директоры Эрик дю Альгуэнің айтуынша бренд 1 мамырдан бастап АҚШ-та өнімдерінің бағасын көтереді. Bloomberg хабарлағандай, ол «тарифтердің әсерін толық өтеуді» жоспарлап отырғанын айтқанымен, нақты қандай санаттарға қанша қосылатынын ашып айтпады. Hermès сәуір айында америкалық тұтынушылардың сатып алу мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс байқалмағанын мәлімдеді. Ал Қытайда сұраныстың төмендеуі жылжымайтын мүлік нарығының әлсіреуімен және өткен жылғы жоғары база әсерімен байланысты.
Бәсекелестердің жағдайы
Hermès бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. WSJ жазуынша бұл брендтің әлемдегі ең ауқатты клиенттерге бағытталуы – оның дағдарыс кезіндегі тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
14 сәуірде ең ірі люкс холдингі LVMH (Christian Dior және Louis Vuitton брендтері) де күткендей нәтиже көрсетпеді. Оның бірінші тоқсандағы табысы 3%-ға, ал сән және былғары бұйымдар бөлімінің табысы 5%-ға азайды. Әсіресе Қытайды қамтитын аймақта түсім 11%-ға төмендеді. Бұл аймақ LVMH сатылымының 30%-ын, ал Hermès үшін 48%-ын құрайды, деп жазады Bloomberg.
LVMH есебі бүкіл индустрияның жағдайын көрсететін индикатор ретінде инвесторларды алаңдатты. Компания акциялары арзандағаннан кейін Hermès қысқа уақытқа болса да люкс секторындағы ең қымбат компанияға айналып, Францияның CAC 40 негізгі индексіндегі ең қымбат акциялы компания мәртебесін иеленді.
Сарапшылар не дейді
17 сәуірде UBS сарапшысы Зузанна Пуш Hermès акцияларына Buy рейтингін беріп, мақсатты бағасын 2975 еуро деп белгіледі — бұл олардың қазіргі бағасынан шамамен 25%-ға жоғары.
HSBC Global Research талдауына сүйенсек, Hermès 2024 жылдың күшті төртінші тоқсанынан кейін барлық нарықтарда сатылым өсімінің біртіндеп бәсеңдеуін көрсетуі мүмкін. Barclays те осындай болжам жасап, АҚШ-тағы жағымды нәтижелерден кейін Hermès-ке деген сұраныстың бәсеңдеуін күткен — қор нарығындағы құлдырау мен сауда соғысы тәуекелдері тұтынушылық көңіл күйге кері әсер еткен.
Соған қарамастан сарапшылар Hermès сауда алымдарының ықпалына төтеп бере алады деп есептейді. Оның баға белгілеу мүмкіндігі ерекше — брендтің беделі, премиум материалдар және шектеулі өндіріс оған жоғары баға қоюға мүмкіндік береді. Barclays түсіндіруінше бұл Hermès-ке бәсекелестеріне қарағанда аз мөлшерде бағаны көтеріп, тиімділікті сақтау үшін жеткілікті сату көлемін қамтамасыз етуге жағдай жасайды.








