БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Eli Lilly 25 жылдағы ең үздік күнін өткізді: арықтататын дәрісі сынақтан өтті

АҚШ фармкомпаниясы арықтататын инъекция орнына алғашқы таблетканы шығаруы мүмкін

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Eli Lilly 25 жылдағы ең үздік күнін өткізді: арықтататын дәрісі сынақтан өтті

АҚШ-тың фармацевтикалық алыбы Eli Lilly өздерінің жаңа арықтататын дәрісінің клиникалық сынақтың шешуші кезеңдерінің бірінен сәтті өткенін хабарлады. Бұл жаңалық компанияның семіздікке қарсы дәрілер нарығындағы жетекшілігін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде 17 сәуір күні Eli Lilly акциялары 17%-ға секіріп, ал негізгі бәсекелесі Novo Nordisk-тің (Ozempic препаратының өндірушісі) акциялары керісінше арзандады.

Нарық реакциясы

17 сәуір күні Eli Lilly акциялары $858-ға дейін қымбаттап, бір айдағы максимумға жетті және S&P 500 индексіндегі өсім бойынша көш бастады. MarketWatch бұл күнді компания акциялары үшін соңғы 25 жылдағы ең сәтті күн деп сипаттады.

Компания акциялары соңғы бес сауда күнінің төртеуінде өсті. Жыл басынан бері 17 сәуірдегі секіруді қоса есептегенде, Eli Lilly-дің нарықтық құны 9%-ға артты, ал S&P 500 керісінше, осы аралықта шамамен 10% жоғалтты.

Компанияның арықтауға арналған тәжірибелік дәрісі — орфорглипрон — қант диабетінің екінші түрімен ауыратын пациенттерге арналған үшінші фазалық сынақтың бір кезеңінен сәтті өтті. Препарат қандағы қант деңгейін және салмақты азайтып, инъекциялық баламалармен салыстырмалы қауіпсіздік деңгейін көрсетті.

Сынаққа қатысушылар 40 апта ішінде орта есеппен 7,9% немесе 7 келіге жуық салмақ тастаған. Ең маңыздысы — зерттеу соңында арықтау үдерісі жалғасып жатты, бұл ұзақ мерзімді әсер болатынын көрсетеді. Жанама әсерлер негізінен жеңіл немесе орташа деңгейде болды және танымал инъекциялармен ұқсас сипатта болды.

Eli Lilly бас директоры Дэвид Рикс: «Күнделікті қабылданатын ыңғайлы дәрі ретінде орфорглипрон жаңа емдеу әдісіне айналуы мүмкін. Егер мақұлданса, бұл дәрі әлем бойынша пациенттерге жылдам жеткізіліп, кең көлемде қолжетімді болады», деді.

Компания семіздікті емдеу үшін препаратты мақұлдатуға 2025 жылдың соңына дейін, ал диабетті емдеу үшін 2026 жылы өтінім беруді жоспарлап отыр.

Бұл неліктен маңызды

Orforglipron — бұл арықтауға арналған таблетка түріндегі алғашқы препарат, ол клиникалық сынақтардың шешуші кезеңдерінің бірінен сәтті өтті. Қазіргі таңда мұндай дәрілер тек инъекция түрінде ғана бар. MarketWatch хабарлауы бойынша дәрінің таралуы – нарықтағы ойынды түбегейлі өзгертуі мүмкін: оны қабылдау оңай, өндірісі жеңіл әрі жылдам масштабтауға болады. Бұл Eli Lilly компаниясына өзінің басты бәсекелесі — инъекциялық Ozempic дәрісін шығаратын даттық Novo Nordisk компаниясына қарағанда айқын артықшылық беруі мүмкін.

Жаңалық шыққаннан кейін Novo Nordisk-тің Нью-Йорктегі депозитарлық жазбалары 7%-дан астамға арзандады.

Нарықтың келешегі

Семіздік пен қант диабетін емдеуге арналған нарық қарқынды өсіп келеді. CNBC мәліметі бойынша 2030 жылдардың басына қарай бұл нарықтың көлемі жылына $150 млрд-тан асады. Оның ішінде ауыз арқылы қабылданатын (таблетка түріндегі) препараттар $50 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл сегмент үшін ірі фармкомпаниялардан бөлек, Viking Therapeutics секілді шағын фирмалар да белсенді күресуде. Eli Lilly жаңалығы шыққанда Viking акциялары бастапқыда 10%-ға құлдырап, кейін аздап қалпына келді.

Сарапшылар не дейді

BofA Securities сарапшысы Тим Андерсон сынақ нәтижелерін «барлық негізгі көрсеткіштер бойынша дерлік ең жақсы сценарийге жақын» деп атады — салмақ азаюы, қант деңгейін бақылау, қауіпсіздік және көтерімділік. Ол бұл нәтижені соңғы жылдардағы ең маңызды және көптен күткен оқиғалардың бірі деп сипаттады. Андерсон Eli Lilly акцияларына «сатып алу» деген бағаны сақтап, мақсатты бағасын $1000 деп қойды — бұл қазіргі жабылу бағасынан 36%-ға жоғары.

Mizuho сарапшысы Джаред Хольцтің айтуынша, бұл нәтиже Eli Lilly-дің бәсекелестерінен басып озуын одан әрі нығайтып, оны фармацевтикалық және биотехнологиялық сектордағы басты ойыншы ретінде ұзақ уақытқа бекіте түседі.

Jefferies сарапшысы Бенджамин Джексон да таблетка түріндегі жаңа препараттың Ozempic инъекцияларымен бәсекелесе алатынын және Novo-ның Wegovy дәрісіне ұқсас арықтататын әсер беретінін айтты. Оның айтуынша Eli Lilly нарықтың 30%-дан астамын иеленуі мүмкін, ал Novo компаниясының үлесі таблетка түріндегі баламасының болмауы себепті шектеулі болып қалады.

MarketWatch деректеріне сүйенсек Eli Lilly компаниясын 29 сарапшы бақылайды. Олардың басым бөлігі акцияларды «сатып алуға» кеңес береді, үшеуі бейтарап ұстанымда. Ал «сатуға» кеңес берген ешкім жоқ.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары