АҚШ Uber-ге клиенттерін алдады деп шағымданды. Акциялары күрт төмендеді

21 сәуір, дүйсенбі күні Uber компаниясының акциялары 3%-дан астамға төмендеді. Бұған АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясының (FTC) компанияға қарсы сотқа шағым түсіруі себеп болды. Комиссия Uber-ді пайдаланушыларды олардың келісімінсіз Uber One жазылымына қосқан деп айыптауда. Сонымен қатар, жазылымнан бас тартқысы келгендер күрделі және ұзақ процестен өткен.
Толығырақ
Uber Technologies акциялары дүйсенбі күні сауда барысында 5,3%-ға дейін төмендеп, $71,3-ке дейін түсті. Сауда күні 3% төмендеумен аяқталды. FTC мәліметінше, Uber тұтынушылардан келісімсіз ақша алған, уәде етілген жеңілдіктерді толық ұсынбаған, әрі жазылымды тоқтату жолын қиындатқан.
FTC төрағасы Эндрю Фергюсон: «Біз бүгін Uber компаниясы тұтынушыларды жазылым жайында жаңылыстырды және оны тоқтату жолын негізсіз күрделендірді деп есептейміз», — деді.
Uber бұл әрекетімен Федералдық сауда туралы заңды және онлайн сатып алушылардың сенімін қалпына келтіру туралы заңды (ROSCA) бұзған деп санайды комиссия. Бұл заңдар онлайн қызмет көрсетушілерге шарттарды ашық көрсетуге, пайдаланушының келісімін алуға және жазылымнан оңай бас тарту мүмкіндігін ұсынуға міндеттейді.
Сарапшылар не дейді
Uber акциялары 2025 жылдың басынан бері шамамен 21%-ға өсті. MarketWatch мәліметінше 59 сарапшының 51-і бұл қағаздарды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері), ал 8 сарапшы — портфельде ұстап тұруға (Hold) кеңес береді. Сатуға кеңес берген ешкім жоқ.
Консенсус бағасы — $89,5, бұл дүйсенбі күнгі жабылу бағасынан 23%-ға жоғары.
Контекст
CNBC хабарлауынша бұл — Трамптың екінші мерзімінде АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясының (FTC) ірі технологиялық компанияға қарсы алғашқы ісі. Қазіргі уақытта FTC Meta, Google және Amazon сынды алпауыттарға қарсы бірнеше сот процесін жүргізіп жатыр. Олардың кейбірі Байден тұсында басталғанымен, ең белсенді әрекеттер Трамптың бірінші мерзімінде Meta-ға қарсы қолданылды.
Телеарнаның мәліметінше Uber мен оның бас директоры Дара Хосровшахи Трамптың инаугурациялық қорына әрқайсысы $1 млн аударған, бұл — жаңа әкімшілікпен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқан технология саласы өкілдерінің кең таралған әрекеті.
FTC басшысы Эндрю Фергюсон наурыз айында CNBC-ге берген сұхбатында: «Біз ірі технологиялық компанияларды бақылауды жалғастырамыз», — деп мәлімдеді.








