JPMorgan Трамптың сауда соғысына үш сценарий ұсынды. Инвесторларға қандай кеңес берді

JPMorgan стратегтері АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысының үш сценарийін жасады: негізгі, қатаң және жұмсақ. Ең ықтимал ретінде негізгі сценарий қаралуда, ал оң сценарийдің орындалу мүмкіндігі аз деді.
Негізгі сценарий
JPMorgan Wealth Management мәліметінше АҚШ пен оның кейбір сауда серіктестері арасында белгілі бір келісімдер жасалуы мүмкін. Бұл келісімдер кейбір күшіне енген баж салығы мөлшерлемелерін жұмсартуы ықтимал.
Банк болжамынша орташа баж салығы шамамен 10–20% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл – жылдың басындағы 2%-бен салыстырғанда айтарлықтай өсім, бірақ «азаттық күніне» дейінгі Уолл-стрит болжамдарына сай келеді. (Ескерту: Трамп 2 сәуірді «Азаттық күні» деп атап, дәл сол күні АҚШ енгізетін «жауапты» баж салығы мөлшерін алғаш рет жариялаған еді.)
JPMorgan бұл сценарийдің өзі АҚШ-тың ЖІӨ өсіміне қатты соққы беруі, жұмыссыздық пен инфляцияны арттыруы мүмкін екенін айтады. Дегенмен, рецессияның алдын алуға болады. Нарықтағы құбылмалылық сақталып, импорттық баж салықтары компаниялардың пайдасына кері әсер етеді.
Банк пікірінше білікті инвесторлар бұл жағдайды құрылымдық ноталар мен хедж-қорлар арқылы әртараптандырылған портфельдің бір бөлігі ретінде пайдалана алады.
Ең нашар сценарий
Егер АҚШ енгізген баж салықтары толық күшіне енсе және сауда серіктестерінің тарапынан жартылай ғана қарсы шаралар қабылданса, импорттық баждың тиімді мөлшерлемесі 20%-дан асады. JPMorgan мәліметінше мұндай жағдайда тарифтердің өсуі бағаның шарықтауына, тұтыну шығындарының азаюына, іскерлік сенімнің әлсіреуіне, инвестициялардың тоқтауына, экономикалық сұраныстың жойылуына, жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп, АҚШ пен бүкіл әлемде рецессия туғызуы мүмкін.
«Инвесторлар қорғаныш позиция ұстанғаны жөн. Біз ФРЖ (ФРС) мен Еуропа орталық банкі пайыздық мөлшерлемелерді айтарлықтай төмендетеді деп күтеміз. Облигациялар табыстылығы құлдырайды, әлемдік акциялар құнын екі таңбалы пайызға дейін жоғалтады, ал АҚШ доллары әлсірей береді. Мұндай жағдайда табысы тұрақты облигациялар мен алтын инвестициялық портфельдер үшін пайдалы болуы мүмкін», — делінген JPMorgan есебінде.
Ең жақсы (бірақ ықтималдылығы аз) сценарий
Егер тарифтерге қатысты шешім кейінге қалдырылып немесе олар нарық күткендей ауыр болмай шықса, АҚШ-тың баж салығының тиімді мөлшерлемесі 10%-дан төмен болады.
«Біз бұл сценарийдің орындалу мүмкіндігі ең төмен деп есептейміз, бірақ ол тәуекелі жоғары активтер үшін ең оң нәтиже береді. Мұндай жағдайда әлемдік акциялардың өсу әлеуеті жоғары — табыстылығы 20%-дан асып кетуі мүмкін. Орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді тағы бірнеше рет төмендетуі мүмкін, ал облигациялар табыстылығы шектеулі деңгейде қалып, доллар соңғы уақыттағы кейбір шығындарын өтей алады», — деп жазады JPMorgan.
Банк бұл жағдайда «тарифтік соғыс» кезінде ең көп қысым көрген тәуекелді активтер ұтысқа ие болуы мүмкін дейді. Мысалы, технологиялық компаниялар, шағын капитализациялы бизнестер мен энергетика секторы.








