Hasbro акциялары бес жылда үздік нәтиже көрсетті: сауда соғысынан сескенбейді

Hasbro акциялары — «Монополия» үстел ойыны мен «Трансформерлер», My Little Pony ойыншықтарын шығаратын компания — бейсенбіде соңғы бес жылдағы ең күшті бір күндік өсім көрсетті. Олар 15%-ға жуық қымбаттады. Компания бірінші тоқсанда сарапшылардың болжамынан жоғары табыс пен кіріс көрсетті және Дональд Трамптың сауда соғысына дайын екенін мәлімдеді. Бірақ баж салығы жұмыс орындарының қысқаруына, тұтынушы бағасының өсуіне және акционерлер пайдасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Толығырақ
24 сәуірдегі сауда барысында Hasbro акциялары 14,6%-ға қымбаттап, $60,37-ге жетті. Бұл баға Дональд Трамптың импорттық баж салығын жариялаған 2 сәуірден бергі ең жоғары жабылу бағасы.
Сауда кезінде акция бағасы 17%-ға жуық көтеріліп, соңғы бес жылдағы ең жоғары күндік өсімді көрсетті, деп жазды Bloomberg. Инвесторларды компанияның бірінші тоқсандағы мықты көрсеткіштері мен баж салығына байланысты дағдарысқа төтеп бере алатындығына сенімділік қуантты.
«Қазіргі әлемдік сауда жағдайы қиындық туғызатынын білеміз. Бірде-бір компания толық қорғалмағанымен, Hasbro жақсы жағдайда», — деді компанияның бас директоры Крис Кокс Bloomberg-ке берген мәлімдемесінде. Бірақ қазіргі жағдай жұмыс орындарының қысқаруына, тұтынушылар бағасының өсуіне және акционерлердің пайдасының азаюына алып келуі мүмкін деп ескертті.
Компанияның АҚШ-тағы сатылымдарының жартысы жергілікті өндіріс пен америкалық серіктестер лицензияларына негізделген өнімдерге тиесілі, деді Кокс. Мысалы, бірінші тоқсанда Hasbro табысын 17%-ға арттырған Magic: The Gathering карталық ойыны АҚШ, Еуропа және Жапонияда шығарылады. АҚШ Қытайдан әкелінетін тауарларға 145%-дық баж салығын енгізген, ал Жапония, Еуропа және басқа елдерге баж салығын 90 күнге шегерген болатын.
Hasbro баж салығының қысымын азайту үшін шығындарды $1 млрд-қа төмендету жоспарын жылдамдататынын айтты. Қаржы директоры Джина Гёттердің сөзінше компания 2026 жылға қарай Қытайдағы өндіріс үлесін 40%-дан төмендетуді жоспарлап отыр. Дегенмен басшылық АҚШ-тағы өндіріс Қытайға қарағанда қымбатырақ екенін, бұл тұтынушы бағасына әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлады CNBC.
«Біздің болжамымыз Қытай тауарларына салынатын тарифтердің 50%-дан 145%-ға дейін өзгеру сценарийлерін, сондай-ақ басқа елдерден импортқа 10% тарифті ескереді», – деді Гёттер инвесторлармен байланыста. – «Бұл 2025 жылы біздің бизнесімізге $100-300 млн көлемінде әсер етуі мүмкін, бұған дейін ешбір шара қабылданбаған жағдайда».
Компанияның қазіргі жағдайы
Hasbro-ның 2025 жылғы бірінші тоқсандағы кірісі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 17%-ға өсіп, $887,1 млн-ға жетті. Бұл сарапшылардың болжамынан ($769,2 млн) айтарлықтай жоғары, деп жазады Bloomberg. Бір акцияға шаққандағы таза пайда (EPS) болжамнан ($0,65) асып түсіп, $1,04 болды. Компания ақпан айында жариялаған жылдық болжамын өзгертпеді: 2027 жылға дейін сатылымдардың тұрақты түрде 4-7%-ға өсуі жоспарланған.
Сонымен қатар, бас директор Крис Кокс Magic: The Gathering ойынының келесі шығарылымы (Final Fantasy әлемі негізінде жасалған) «шығарылым күніндегі сатылым бойынша рекорд орнатады» деп сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл ойын тіпті 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде де белсенді өсім көрсеткен.
Сарапшылардың ұтанымы
Жыл басынан бері Hasbro акциялары 8%-ға қымбаттады. MarketWatch деректері бойынша компания акцияларына 16 сарапшы рейтинг берген. Оның ішінде 13 сарапшы акцияны «сатып алуға» кеңес берсе (Buy және Overweight рейтингтері), үшеуі «портфельде ұстауды» ұсынады (Hold). Акцияларды сатуға кеңес бергендер жоқ. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы – $71,6, бұл 24 сәуірдегі жабылу бағасынан 18,5%-ға жоғары.








