IBM АҚШ-та 150 млрд доллар инвестиция салып, кванттық компьютер шығарады

Бұған дейін Nvidia мен
Apple компаниялары да АҚШ экономикасына
әрқайсысы 500 миллиард доллар инвестиция
құюды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген
еді.
Америкалық IBM алдағы
бес жылда АҚШ-та 150 миллиард доллар
жұмсамақ. Бұл қаржының бір бөлігі
кванттық компьютерлерді өндіру нысандарын
салуға бағытталады. Уолл-стрит
сарапшыларының пікірінше, ірі технологиялық
компаниялар мұндай инвестициялық
міндеттемелерді сауда саласындағы
тәуекелдерден қорғану құралы ретінде
пайдаланып отыр.
Толығырақ
IBM бес жыл ішінде
АҚШ-та 150 миллиард доллар инвестициялауды
жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл
соманың 30 миллиард доллардан астамы
АҚШ-та кванттық компьютерлер мен
мэйнфрейм жүйелерінің өндірісін
кеңейтуге жұмсалмақ. Мэйнфреймдер —
үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеуге
арналған жүйелер, деп жазады Reuters.
IBM бұл жоспарларын
Nvidia мен Apple-дің ірі инвестициялық
шешімдерінің ізін ала жариялады: аталған
екі компания да алдағы төрт жылда АҚШ-та
шамамен 500 миллиард доллар жұмсауды
көздеп отыр, деп хабарлайды Reuters.
Бұл нені білдіреді
Сарапшылардың айтуынша,
мұндай инвестициялық міндеттемелер
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен
қарым-қатынасты жақсарту әрекеті болуы
мүмкін. Өйткені Трамптың сауда саясаты
жеткізу тізбегін бұзып, технологиялық
саладағы шығындарды арттырып жіберуі
ықтимал, деп түсіндіреді Reuters.
«IBM кванттық
технологиялар саласына нақты инвестиция
салуды жалғастырып жатыр. Дегенмен,
осындай үлкен көлемдегі уәделер АҚШ
әкімшілігіне арналған қадам болуы әбден
мүмкін,» — дейді D.A. Davidson компаниясының
сарапшысы Гил Лурия. Оның пікірінше,
ірі технологиялық компаниялар
инвестициялық уәделер арқылы сауда
саласындағы қысымнан қорғанғысы келеді.
Контекст
IBM әлемдегі ең ірі
кванттық есептеу жүйелері парктерінің
бірін басқарады. Бұл жүйелер дәстүрлі
компьютерлермен салыстырғанда мың есе
жоғары өнімділікке қол жеткізуге
мүмкіндік береді. Кванттық есептеу
саласындағы жетістіктер, соның ішінде
Alphabet компаниясының желтоқсан айында
таныстырған жаңа Willow кванттық чипі, бұл
секторға деген қызығушылықты арттыра
түсті. Alphabet алдағы бес жылда коммерциялық
қосымшаларды ұсынуды жоспарлап отыр.
Алайда Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг
шынайы қолданбалы кванттық компьютерлердің
пайда болуы үшін шамамен 20 жыл қажет
болатынын мәлімдеді.
Акциялар жағдайы
28 сәуірдегі сауда-саттықта
IBM акциялары 0,3%-ға өсті. Жыл басындағы
көрсеткішпен салыстырғанда олардың
құны 6%-ға артқан. Ал АҚШ-тың негізгі қор
индексі S&P 500 осы аралықта шамамен
7%-ға төмендеді.
Өткен аптада IBM компаниясы
Трамп әкімшілігінің шығындарды қысқарту
бағдарламасы аясында 15 мемлекеттік
келісімшарттың уақытша тоқтатылғанын
хабарлады. Бұл жаңалық компанияға
тиесілі акция бағасының 6%-дан астам
төмендеуіне себеп болды. Мұндай құлдырауға
екінші тоқсанға арналған табыс болжамының
оң болуы да әсер ете алмады, деп жазады
Reuters.
MarketWatch деректеріне
сүйенсек, IBM акцияларын бақылайтын 22
сарапшының 12-сі компания акцияларын
сатып алуға кеңес береді (Buy және
Overweight рейтингтері), алтауы бұрын сатып
алынған акцияларды ұстап тұруды ұсынған
(Hold). Ал қалған төртеуі акцияларды саты
жіберген жөн деп отыр (Underweight және Sell).








