АҚШ-тағы шығындардың баяулауы: Сарапшы Chipotle акциялары туралы пікірін өзгертті

Жыл басынан бері
мексикалық асхана желісі Chipotle-дің
акциялары 15%-ға арзандады.
Argus инвестициялық
компаниясы Chipotle Mexican Grill-дің акцияларының
рейтингін түсіріп, оларды енді сатып
алуға кеңес бермейді. Argus аналитигі Джон
Стейшек компанияның табысы шығындардың
артуы, жоғары бәсекелестік және келушілер
санының төмендеуі салдарынан баяулауы
мүмкін деп отыр. Бұрын Chipotle экономикалық
тәуекелдердің көбеюіне байланысты
келушілердің сирей бастағаны туралы
шағымданған болатын.
Толығырақ
Argus аналитигі Джон
Стейшек Chipotle Mexican Grill-дің рейтингін «Buy»
(сатып алуды ұсыну) деңгейінен «Hold»
(бұрын сатып алынған акцияларды ұстап
тұру) деңгейіне түсірді. Бұл туралы
Seeking Alpha хабарлайды.
Оның пікірінше, авокадо,
тауық еті мен бұрыштың бағасы, сондай-ақ
мейрамхана саласындағы қатал бәсекелестік
пен жаңа ғимараттарды жалға алу және
жұмысшыларды жалдауға кететін шығындардың
артуы компания үшін кері әсер етуде.
Сонымен қатар, тұтынушылардың
көңіл-күйлерінің нашарлауы мен мәзірдегі
бағалардың өсуі мейрамхана қонақтарының
санының азаюына әкелген. «Бұл өз кезегінде
салыстырмалы сатылымдардың өсуін
баяулатуы мүмкін», деп ескертеді сарапшы.
Argus 2025 жылы бір акцияға
түсетін пайда (EPS) болжамын 1,3$ деп азайтты.
Ал бұрын 1,58$ деп болжаған. 2026 жылға
арналған болжамы да 1,8$-ден 1,5$-ке дейін
төмендеді.
«Егер тұтынушылар саны
артып, ингредиенттер мен еңбекақы
шығындары төмендесе, біз рейтингті
қайта көтеру мүмкіндігін қарастырамыз»,
— деп жазды Стейшек аналитикалық есепте.
Контекст
23 сәуірде Chipotle бірінші
тоқсанда салыстырмалы сатылымдардың
0,4%-ға төмендегені туралы есеп берді.
Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда
алғашқы төмендеу еді. Seeking Alpha жазғандай,
аналитиктер FactSet-ке сілтеме жасап, 1,2%
өсім күткен. Компания үш рет қатарынан
болжамдарды ақтамады. Chipotle бұған қолайсыз
ауа райы мен тұтынушылық шығындардың
төмендеуі кесірін тигізді деп түсіндірді.
Chipotle басшысы Скотт
Боутрайт MarketWatch-ке берген сұхбатында
тұтынушылардың экономикалық жағдайға
алаңдап, мейрамханаларға сирек келуін
басты себеп ретінде атаған.
Компания 2025 жылға
арналған салыстырмалы сатылымдардың
өсу болжамын «төмен бір таңбалы мәндерге»
дейін түсірді, ал ақпан айында олар
«төменнен орташа бір таңбалы мәндерге»
дейін өседі деп үміттенген.
Айта кетейік, Chipotle —
Starbucks компаниясының қазіргі бас директоры
Брайан Никкол жұмыс істеген компания,
ол Starbucks-қа ауысқанға дейін алты жыл
бойы Chipotle-дің бас директоры болды.








