Royal Caribbean туризмдегі бәсеңдеуге қарамастан жылдық болжамын көтерді

Круиздік компания Royal Caribbean Cruises ағымдағы жылға арналған табыс болжамын жақсартты. Себебі круиздерге сұраныс жалпы туристік саладағы қиындықтарға қарамастан өсіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg. Компания жыл басындағы нәтижелері өз болжамдарынан жоғары болған соң, болжамды жаңартқанын айтты.
Толығырақ
Royal Caribbean-нің болжамынша 2025 жылы түзетілген акцияға табыс шамамен 28%-ға өсіп, бір акцияға $14,55–15,55 аралығында болады. Бұған дейін компания $14,35–14,65 диапазонын болжаған еді. Bloomberg жазуынша сарапшылар орта есеппен $14,78 табыс күтті.
Есеп жарияланғаннан кейін Royal Caribbean акциялары премаркетте 5%-дан астам өсті, бірақ негізгі саудада 2,4%-ға төмендеді. Бәсекелестері де премаркетте өскенімен, негізгі сауда сессиясында құлдырады: Carnival Corp акциялары 2%-ға, ал 30 сәуірде есеп беретін Norwegian Cruise Line бағасы 1,8%-ға төмендеді.
Контекст
Bloomberg мәліметінше круиздік демалыстар әлі де сұранысқа ие, ал туристік сектордағы басқа компаниялар экономикалық белгісіздіктен сұраныстың азайып жатқанын айтып дабыл қағуда. Royal Caribbean-нің оң болжамы Delta Air Lines-тің әрекеттерімен күрт ерекшеленеді: әуекомпания жылдық болжамын қайтарып алды, ал Трамп инаугурациясынан бері оның акциялары 36%-дан астам құнсызданды. Delta сұраныс төмендегендіктен билеттерді жеңілдікпен сатуға мәжбүр.
Ал Royal Caribbean рекордтық бронь көрсеткіштерін тіркеді: бірінші тоқсанда жүктеме коэффициенті 109% болды. Сәуірдегі жаңа бронь көлемі де былтырғыдан жоғары. Кеме бортындағы шығындар мен қосымша қызметтерге алдын ала төлемдер де өткен жылмен салыстырғанда өсті.
«2025 жылға броньдаулар жоспарланған деңгейде, қайтарулар әдеттегі шектерде, ал жақын круиздерге сұраныс өте жоғары», — деді Royal Caribbean бас директоры Джейсон Либерти.
Бірінші тоқсанда компанияның жалпы табысы $4 млрд болды, түзетілген таза табыс — $0,7 млрд немесе акцияға шаққанда $2,71. Жалпы маржа 13,9%-ға өсті.
Royal Caribbean бәсекелесі Carnival да наурыз айында бронь көрсеткіштерінің жақсы болуына байланысты жылдық болжамын көтерген еді, бірақ оның табысы сарапшылар күткен деңгейден төмен болды.
Сарапшылардың пікірі
Bloomberg дерегінше жыл басынан бері Royal Caribbean акциялары 7,3%-ға арзандады, бұл шамамен S&P 500 индексінің көрсеткішіне сәйкес келеді. MarketWatch мәліметінше компанияның қағаздарын бақылайтын 28 аналитиктің 21-і оны сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight бағалары), бесеуі ұстауға кеңес береді (Hold), ал екеуі сатуды ұсынады (Underweight). Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — $266,6, бұл 28 сәуірдегі жабылу бағасынан 23%-ға жоғары.








