Starbucks-тың табысы екі есеге азайды, сатылым бесінші тоқсан қатарынаy құулауда

Starbucks компаниясының қаржылық көрсеткіштері инвесторларды қуанта алмады: таза пайда екі есеге қысқарды, ал салыстырмалы сату бесінші тоқсан қатарынан төмендеді. Дегенмен, компания басшылығы оптимизмін жоғалтпай, бизнесті қайта құрылымдау стратегиясы нәтиже беріп жатқанын айтады.
Толығырақ
2025 қаржы жылының екінші тоқсанында Starbucks-тың кірісі $8,76 млрд болды. Бұл сарапшылар болжаған $8,82 млрд-тан төмен. Түзетілген акцияға пайда $0,41 болып, күтілген $0,49-дан аз болды. Таза пайда бір жыл бұрынғы тоқсанмен салыстырғанда екі есеге жуық қысқарып, $384,1 млн-ды құрады.
Салыстырмалы сату көлемі 1%-ға азайды — бұл көрсеткіш желідегі жаңа нүктелердің әсерін алып тастап есептеледі және тұтынушы белсенділігін дәл көрсетеді. АҚШ пен Қытайдағы тұтынушылар арзан кофеге көше бастаған.
Операциялық маржа 12,8%-дан 6,9%-ға дейін төмендеді. АҚШ-та компания баристалар санын арттырды, ал шетелде жарнамалық науқандар мен құрылымдық өзгерістерге шығындалды.
Bloomberg атап өткендей, кейбір аймақтарда оң серпін байқалуы бар: халықаралық нарықта салыстырмалы сатылым 2%-ға өсті, ал Қытайда сатылым бір жыл бұрынғы деңгейде сақталып, болжамнан жақсы нәтиже көрсетті.
Акция динамикасы
Қаржылық есеп жарияланғаннан кейін инвесторлар акцияларды жаппай сата бастады. 30 сәуірдегі саудада бағасы бір сәтте 7,3%-ға төмендеп, $78,65-ке дейін түсті. Негізгі сессияда $84,85-ке дейін көтеріліп, 14 сәуірден бергі ең жоғарғы жабылу деңгейін көрсетті. Жыл басынан бері акциялар 7%-ға арзандады.
Компания қандай шараларды қолға алуда
Starbucks бас директоры Брайан Никкол 2024 жылдың қыркүйегінен бастап желіні реформалау процесін бастаған еді: кофеханалар интерьері жақсаруда, қызметкерлер саны артып, тапсырысты өңдеу алгоритмдері енгізілуде.
Қазан айында компания 2025 жылға арналған болжамын кері қайтарып, қайта жүктеу жоспарын ұсынды. Ақпанда 1100 кеңсе қызметкері мен жүздеген бос жұмыс орындарын қысқартатынын жариялады.
«Қаржылық көрсеткіштеріміз әлі толық нәтижесін көрсетпесе де, біз «Starbucks-қа қайта оралу» стратегиясының арқасында сенімді серпін алдық», — деді Никкол.
Сарапшылардың ұстанымы
MarketWatch деректеріне сәйкес 37 сарапшының 17-сі Starbucks акцияларын сатып алуға кеңес береді, 15-і — ұстауға, 5-еуі — сатуға шақырады. Уолл-стриттің орташа бағалауынша, мақсатты баға $98,6 — бұл қазіргі бағадан 16%-ға жоғары.








