Snap акциялары жарнамадағы қиындықтар жайлы ескертуден кейін құнсыздануда

Snap акциялары Нью-Йорктегі саудада күрт төмендеді. Компания Уолл-стрит күткеннен сәл жақсы нәтиже көрсеткенімен, ағымдағы тоқсанға болжам бермей, экономикалық тұрақсыздық оның жарнама табысына қатты соққы беруі мүмкін екенін ескертті. Жарнама берушілер сұранысына әсіресе Дональд Трамптың de minimis ережесін қайта қарау шешімі әсер етуде — бұл ереже Қытайдан келетін ұсақ импортты баж салығынан босататын жеңілдік болатын.
Толығырақ
Snap акциялары Нью-Йорк қор биржасындағы қосымша саудада 14,4%-ға құлдырады. Инвесторлар табыстың нарық күткеннен сәл жоғары болғанына мән бермей, Snapchat бас компаниясының жарнама бизнесіне қатысты алаңдаушылығына назар аударды.
Snap осы тоқсандағы сату болжамынан бас тартып, инвесторларға жолдаған хатында жарнама нарығына әсер ететін макроэкономикалық «қарсы желдерді» алға тартты. Компания екінші тоқсанда табыс өсіп жатқанымен, экономикалық тұрақсыздықтың жарнама сатуына — Snapchat-тің негізгі табыс көзіне — ықпалы күшеюі мүмкін екенін мәлімдеді.
Snap-тың жарнама берушілері шығындарын қысқартып жатыр. Бұған Ақ үйдің de minimis ережесін өзгерту жоспарлары әсер етуде. Бұл ереже АҚШ-қа құны 800 доллардан төмен посылкаларды кедендік баж салығынан босатады. Bloomberg хабарлауынша компанияның қаржы директоры Дерек Андерсен инвесторлар алдында сөйлеген сөзінде осылай деді. Трамп қол қойған жарлық 2 мамырдан бастап Қытай сатушыларына қатысты бұл мүмкіндікті жояды. Сонымен қатар, Вашингтон бұл жеңілдікті басқа елдерге де тоқтатуы мүмкін екенін ескертті.
Маңызды сандар
Snap-тың қаңтар-наурыз айларындағы табысы 1,36 млрд долларды құрады. Бұл Bloomberg-тің 1,35 млрд долларлық орташа болжамынан сәл жоғары. Компанияның жылдық таза шығыны екі есеге азайып, 140 млн долларға дейін қысқарды. Snap жылдық түзетілген операциялық шығындар болжамын 50 млн долларға азайтып, 2,65–2,7 млрд доллар аралығында ұсынды. Қаржы директоры Андерсеннің айтуынша бұл қысқарту жұмысқа қабылдау жоспарына әсер етуі мүмкін, себебі шығындардың үштен екісі — қызметкерлерге жұмсалатын қаражат.
Snap жарнама берушілер базасын бір жылда 60%-ға арттырды. Ал тұтынушыны нақты әрекетке итермелейтін жарнама (мысалы, сайтқа өту, тауар сатып алу) жарнама табысының 75%-ын құрады — бұл рекордтық көрсеткіш. Bloomberg бұл бағытты Snap үшін басты басымдық деп бағалайды, себебі мұндай жарнама тиімділігін өлшеу оңай.
Сондай-ақ ақылы Snapchat+ жазылымы да өсуде: қазіргі таңда 15 млн жазылушы бар, бұл бір жыл ішінде 59%-ға өскен. Қызметтің жалпы айлық аудиториясы — 900 млн адам. Snap мақсаты — бұл көрсеткішті 1 миллиардқа жеткізу.
Сарапшылар не дейді
Осы аптада Deutsche Bank Snap акциялары бойынша мақсатты бағасын 14 доллардан 10 долларға дейін төмендетті, дегенмен оларды сатып алуға кеңесін өзгерткен жоқ. Бірақ мұндай оптимистер аз: FactSet деректеріне сәйкес Snap қағаздарына берілген орташа сараптамалық баға «бейтарап» (Hold) деңгейінде. Қазір бір акцияға белгіленген орташа мақсатты баға — 10,7 доллар. Бұл баға алдағы бір жылда акциялардың шамамен 18%-ға өсуін білдіреді.
Контекст
АҚШ пен Еуропадағы ірі компаниялар — General Motors, JetBlue, Snap және Volvo — енді өздерінің қаржылық көрсеткіштерін алдын ала болжаудың мәні жоқ деп санайды. The Wall Street Journal басылымының жазуынша Трамп әкімшілігінің бастамасымен енгізілгелі жатқан жаңа кедендік баждар бұл болжамдарды мағынасыз етеді.
GM, JetBlue және Volvo 2025 жылға арналған пайда болжамдарын қайтарып алды. GM автосаладағы баж салығы құрылымы қалай өзгеретінін білмейді. JetBlue сұраныстың төмендеуін алға тартты және ол жазға дейін жалғасуы мүмкін. Ал UPS болжамын жаңартпағанымен, екінші тоқсанда тасымал көлемі мен табыс төмендейтінін ескертті.








