Wells Fargo Nike акцияларын сатып алуға кеңес беруден бас тартты

Nike алдағы макроэкономикалық тұрақсыздыққа бейімсіздік танытады, деп санайды Wells Fargo банкі.
Wells Fargo спорттық киім шығаратын Nike компаниясының акцияларына берген бағасын төмендетті. Банк «сатып алу» деген кеңестен бас тартып, нейтрал позицияға өтті және акцияның мақсатты бағасын бірден 25%-ға қысқартты. Бұл шешімді банк Nike-ке екі жақтан қысым жасалып отыр деп түсіндіреді: бір жағынан — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі, екінші жағынан — 2025 жылдың екінші жартысындағы рецессия қаупі. Осы жаңалықтан кейін 30 сәуір күні Nike акциялары бірден 5%-ға арзандады.
Егжей-тегжейі:
Wells Fargo сарапшысы Айк Боручау Nike акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» деген бағадан «нарықпен бірдей» деңгейге түсірді, деп хабарлайды CNBC. Сонымен қатар, ол компания акцияларының мақсатты бағасын 20 долларға, яғни 55 долларға дейін қысқартты. Бұл сома қазіргі нарықтық бағамен шамалас.
Сарапшының пікірінше, Nike акциялары алдағы бір жыл ішінде өспейді, өйткені компанияға АҚШ-тың Қытайдан келетін импортқа салған тарифтері мен АҚШ-та болуы мүмкін рецессия қатты әсер етуі мүмкін. Wells Fargo бұл жағдай компания табысына нұқсан келтіріп, оның жақын арадағы қиындықтарды еңсеруін қиындатады деп санайды. Басқа бәсекелестермен салыстырғанда Nike тұрақсыздыққа мардымсыз төтеп береді, дейді Айк Боручау.
«Біз рейтингті төмендетіп отырмыз. Себебі қалпына келу қарқыны күткенімізден баяу, ал қазіргі экономикалық орта бұл процесті одан әрі тежейді», — деді А. Боручау CNBC-ге берген пікірінде.
Сондай-ақ, ол Nike-тің жаңа бас директоры Джон Донахьюдің компанияны қайта жаңғыртуға бағытталған іс-әрекеттеріне нарық жағдайы қолайсыз болып тұрғанын атап өтті.
Базалық сценарийден бөлек, Боручау екі балама нұсқаны да қарастырған. Жағымды жағдайда акциялар 22%-ға өсіп, 70 долларға жетуі мүмкін. Ал жағымсыз нұсқада болса, акция 30 долларға дейін, яғни 48%-ға төмендеуі ықтимал.
Нарық реакциясы
30 сәуірдегі саудада Nike акциялары шамамен 5%-ға төмендеп, 54,7 долларға жетті. Жалпы, жыл басынан бері компания нарықтық құнының 27%-ын жоғалтты. Салыстырмалы түрде, АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 осы уақыт аралығында 6%-ға ғана төмендеген.
Басқа аналитиктер не дейді?
Сол аптада Citi банкі де Nike акцияларының мақсатты бағасын 72 доллардан 57 долларға дейін төмендетті, бірақ бейтарап бағаны сақтап қалды. Ол да тарифтердің әсерін және нарықтағы жалпы қиындықтарды себеп ретінде келтірді.
Bank of America сарапшысы Лоррейн Хатчинсон да акция бағасының болжамын 90 доллардан 80 долларға түсірді, бірақ «сатып алуға кеңес беремін» деген ұсынысын өзгертпеді. Оның айтуынша, қазіргі бағаның төмендеуі тарифке байланысты қауіптердің бәрін ескеріп қойған. Ол Nike-тің өндірістік базасы жақсы әртараптандырылған дейді: аяқкиім өндірісінің 50%-ы — Вьетнамда, 27%-ы — Индонезияда, ал Қытайдың үлесі — 18% ғана. Оның үстіне Қытайдағы өндіріс ішкі нарыққа бағытталған.
Хатчинсонның есебінше, қазіргі баж салығы сақталса, Nike үшін орташа салық мөлшерлемесі 16,75% болады, бұл компанияның маржасын 110 базистік пунктке төмендетуі мүмкін. Дегенмен, өнім бағасын әлем бойынша бар болғаны 2%-ға көтеру арқылы бұл шығынды толық жабуға болады, дейді сарапшы.
Жалпы баға
MarketWatch дерегі бойынша, Nike акцияларын 41 аналитик бақылауда ұстап отыр. Олардың 20-сы акцияны сатып алуға кеңес береді, 19-ы — ұстап тұруды ұсынады, тек екеуі ғана — сатуды жөн көрген. Консенсус-бағалау бойынша мақсатты баға — 74,7 доллар. Бұл қазіргі бағадан 30%-ға жоғары.








