БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Duolingo жасанды интеллект көмегімен курс санын екі есе арттырды

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Duolingo жасанды интеллект көмегімен курс санын екі есе арттырды

2025 жылы нарықтағы құлдырауға қарамастан, компания әзірге табысты жұмыс істеуде. Қаңтар айынан бері оның акцияларының құны шамамен 20%-ға өсті.

Duolingo – тіл үйренуге арналған ең ірі онлайн-платформа. Ол генеративті жасанды интеллектінің арқасында өз курстарының санын екі еседен артық ұлғайтты. Бұған дейін компания жасанды интеллект көмегімен жасалған шахмат курсын іске қосқан. Bloomberg-тің пікірінше, Duolingo жасанды интеллектіні бизнесінің барлық салаларына енгізуге ерекше ықыласпен кіріскен. Тіпті мұны Кремний алқабының стандарттарымен салыстырғанда да анық байқауға болады. Бұл тәсіл сарапшыларға ұнап отыр.

Егжей-тегжейі:

Duolingo генеративті жасанды интеллектінің көмегімен 148 жаңа курс іске қосты. Бұл компания курстарының жалпы санын екі еседен артық арттыруға мүмкіндік берді.

Мәселен, енді испан, португал және өзге де еуропалық тілдерде сөйлейтіндер жапон, корей және қытай тілдерін үйрене алады. Ал азиялық тілдерді білетіндер ағылшыннан бөлек ең танымал тілдерге – испан, француз және итальян тілдеріне қол жеткізе бастады. Жаңа курстар негізінен жаңадан бастаушыларға арналған, ал алдағы жылы күрделірек материалдар да енгізіледі.

Бұл – Duolingo тарихындағы ең ауқымды мазмұндық жаңарту. Компанияның айтуынша, бұл жаңартулар әлем бойынша 1 миллиардтан астам әлеуетті оқушыны қамтуға мүмкіндік береді.

«Бұған дейін алғашқы 100 курсты дайындауға бізге 12 жыл қажет болды. Ал енді жасанды интеллекттің көмегімен біз бұрын-соңды болмаған ауқымда және жылдамдықпен жаңа контент жасап жатырмыз», – деді компанияның тең құрылтайшысы әрі бас директоры Луис фон Ан.

Бұл нені білдіреді

Bloomberg мәліметінше, Duolingo жасанды интеллектіні бизнесіне ендіруде ең қарқынды әрекет етуде. Кремний алқабындағы компаниялардың ешқайсысы мұндай ұмтылыс таныта алмады. 28 сәуірде жарияланған ішкі хатында Луис фон Ан контент әзірлеу үдерісін жеделдету үшін алгоритмдерді қолдануды «соңғы кездегі ең дұрыс шешімдердің бірі» деп атады. Ол тіпті кей жағдайда сапа сәл төмендесе де, бұл технологиялық артықшылық өзін-өзі ақтайтынын атап өткен.

Өткен аптада Duolingo iOS пайдаланушылары үшін шахмат курсын бета-нұсқада іске қосты. Bloomberg мәліметінше, бұл курсты инженерлер емес, өнім менеджері мен дизайнер Cursor AI құралын пайдаланып әзірлеген.

Компания басшысы AI стратегиясын әрі қарай ілгерілетіп жатыр. Оның мақсаты – күнделікті қайталанатын жұмыстардың көлемін азайту. Осы бағытта Duolingo былтырғы қаңтарда штаттан тыс қызметкерлердің 10%-ын қысқартқан. Луис фон Анның айтуынша, алдағы уақытта мердігерлерді жұмыстан біртіндеп босатып, олардың орнын бағдарламалар алмастырады.

Дегенмен, барлық пайдаланушылар мұндай өзгерісті қолдай бермейді. Кейбір қолданушылар компания санға емес, сапаға көңіл бөлуі керек деп есептейді.

Мәселен, LinkedIn қолданушыларының бірі: «Қосымшадан өзгерістерді байқадым. Бірақ олар жақсарған жоқ. Айтылым мен жазу жаттығулары менің дұрыс жауаптарымды қате деп белгілейді» деп жазған.

Duolingo өкілі агенттікке берген мәлімдемесінде былай деді: «Контентті әзірлеуге бұрынғыша мердігер мамандар да қатысады. Біз адам әзірлеген де, жасанды интеллект жасаған да барлық материалды мұқият тексереміз. Қазіргі уақытта жасанды интеллект көбірек қате жібереді деген нақты деректер жоқ».

Акцияларға қатысты сарапшылар пікірі

30 сәуір, сәрсенбі күнгі саудада Duolingo акциялары біршама өсіп, күннің ең жоғары шегінде 0,8%-ға қымбаттады.

Сол күні D.A. Davidson сарапшысы Duolingo акцияларын сатып алуға кеңес берді және мақсатты бағаны 410 $ деп бекітті.

23 сәуірде Morgan Stanley Duolingo акцияларын бақылауға алып, бірден Overweight (сатып алуға кеңес) рейтингін беріп, мақсатты бағасын 435 $ деп белгілеген. CNBC мәліметіне сүйенсек, бұл — Wall Street сарапшылары арасында белгіленген ең жоғары баға. Morgan Stanley Duolingo-ның генеративті ЖИ қолданудағы артықшылығын ерекше атап өтті. Банк сарапшыларының пікірінше, Duolingo – орташа капитализациясы бар компаниялар ішінде ЖИ-ді жай жариялап қана қоймай, одан нақты қаржылық нәтиже алып отырған сирек компаниялардың бірі.

23 сәуірде Scotiabank сарапшысы да мақсатты бағаны 425-тен 405 долларға дейін түсіргенімен, Outperform рейтингін (нарықтан озық нәтиже көрсетеді) сақтап қалды. Ол Duolingo жылдың басын жақсы бастаса да, күнделікті белсенді қолданушылар саны (DAU) баяу өсіп жатқанын атап өтті.

Needham сарапшысы Duolingo-ның төртінші тоқсанда ЖИ-ге салған инвестициясы компанияның жалпы пайдасын қысқартқанын айтып отыр. Бұл жағдайды ол қысқа мерзімді «ауырсыну» деп атап, оптимист инвесторлар бұған көз жұма қарауға дайын екенін жазды. Duolingo мәліметінше, ЖИ негізіндегі жаңа функциялар жазылушылар санын рекордтық деңгейге жеткізген. Бұл жылдық сату болжамын жақсартуға сеп болған. Енді 2025 жылдың бірінші тоқсанына арналған есеп 1 мамырда жарияланады.

MarketWatch дерегінше, қазіргі уақытта бірде-бір сарапшы Duolingo акцияларын сатуға кеңес бермейді. 16 сарапшы сатып алуға (Buy және Overweight) кеңес берсе, қалғандары ұстап тұруды (Hold) жөн санайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары