Reddit инвесторларын ЖИ іздеу трафигін өзгертуі мүмкін деген қауіп алаңдатуда

Интернет-форумдарының иесі саналатын Reddit компаниясының тоқсандық есебі сарапшылардың күткенінен асып түсті – акциялары постмаркетте 19%-ға өсті. Алайда Reddit басшылығы инвесторлармен сөйлесу барысында экономикалық тұрақсыздық пен Google-дің іздеу трафигіне байланысты мәселелерді айтқан соң, бағамдар қайта құлдырады, деп жазады CNBC.
Негізгі жайттар
Reddit-тің күнделікті бірегей белсенді қолданушылары (DAUq) 2025 жылдың I тоқсанында 108,1 млн адамға жетіп, былтырғыдан 31%-ға өсті (күтілгені — 107,3 млн). Авторизациядан өткен қолданушылар саны 23%-ға өсіп, 48,7 млн-ға жетті, ал тіркелмегендер 38%-ға көбейіп, 59,4 млн болды.
Компания Google іздеу жүйесіндегі оң өзгерістер мен сайтты жетілдіру арқасында жаңа және бұрынғы қолданушыларды тартты.
Дегенмен Reddit компаниясының негізін қалаушы Стив Хаффман Google-ден келетін трафик алдағы уақытта қайта тұрақсыз болуы мүмкін екенін ескертті — іздеу жүйелерінде ауқымды өзгерістер болып жатыр.
ChatGPT, Perplexity сынды ЖІ қосымшалары интернеттегі мәліметтерді жинап, бірден жауап беретіндіктен, қолданушылар бастапқы дереккөзге кіруден қалған екен.
Reddit осыған жауап ретінде Reddit Answers атты өз ЖИ қызметін іске қосты, оны аптасына 1 млн қолданушы пайдаланады. Хаффманның айтуынша, Reddit ЖИ-дің құрғақ жауаптарына емес, шынайы, әртүрлі пікірлерге толы қолданушы контентіне мән береді.
Reddit акцияларына әсері
1 мамырда есеп жарияланғаннан кейін Reddit акциялары постмаркетте 19%-ға бірден көтерілді. Алайда компания басшысы Стив Хаффманның Google-ден келетін трафиктің болашақтағы тұрақсыздығы туралы ескертуі инвесторлардың алаңдаушылығын туғызып, акциялар өсімінің басым бөлігін жоғалтып, тек 7% ғана сақтап қалды.
2025 жылдың басынан бері Reddit акциялары 27%-ға арзандады.
Соңғы 12 айда олардың бағасы шамамен 150%-ға өсті. MarketWatch дерегі бойынша, 28 сарапшының 17-сі акцияны сатып алуға кеңес береді, 9-ы – ұстауға, 2-еуі – сатуға.
Уолл-стриттің ортақ бағалауынша Reddit акциясының әділ бағасы – $152. Бұл ағымдағы бағадан шамамен 28% жоғары.
Компания есебіндегі өзге деректер
I тоқсанда Reddit-тің табысы өткен жылмен салыстырғанда 61%-ға артып, $392 млн болды (күтілгені – $370 млн).
Таза пайда $26,2 млн немесе бір акцияға шаққанда $0,13 болды (күтілгені – $0,02). Былтыр осы кезеңде Reddit IPO шығындарына байланысты $575,1 млн таза шығын көрсеткен еді. Reddit келесі тоқсанда $410–430 млн аралығында табыс түседі деп болжап отыр (сарапшылардың күткен көрсеткіші – $396 млн).








