БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Uber экс-басшысының стартапы IPO-ға шықпақ, Shein үзіліс алды

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Uber экс-басшысының стартапы IPO-ға шықпақ, Shein үзіліс алды

Shein Лондон биржасына шыпайтын болып, дайындықты тоқтатты, ал Оңтүстік Кореяда соңғы үш жылдағы ең ірі IPO өтпейтін болды. Әлемдегі ең ірі тау-кен компанияларының бірі – Rio Tinto акционерлері компанияның негізгі листингін Лондоннан Сиднейге көшіру туралы белсенді инвестордың ұсынысын қабылдамады. Ал Uber негізін қалаған Трэвис Каланик өз стартапы CloudKitchens-ті Таяу Шығыс биржасына шығаруды қарастырып жатыр. Aspen Insurance делистингтен кейін алты жыл өткен соң Нью-Йорк биржасына қайта оралуда.  IPO нарығында бір апта ішінде қандай жаңалықтар болды – осы шолудан оқи отырыңыз.

Болашақ IPO-лар туралы не белгілі 

– Uber-дің бұрынғы басшысы Трэвис Каланик негізін қалаған CloudKitchens стартапы Таяу Шығыста IPO-ға шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздері. Компания акцияларын Біріккен Араб Әмірліктері немесе Сауд Арабиясы биржасында, не болмаса екі жерде қатар орналастыруы мүмкін. Жеткізуге арналған коммерциялық асүйлерге маманданған бұл бизнеске листингке дайындалу үшін Goldman Sachs тартылған. Әзірге IPO-ның нақты параметрлері белгіленбеген. Қазір CloudKitchens «KitchenPark» брендімен БАӘ, Сауд Арабиясы және Кувейтте жұмыс істеп жатыр. Осыған ұқсас жоба — Дубайдағы Kitopi — SoftBank инвестициясынан кейін «жалғыз мүйізді» атанып, онлайннан офлайн мейрамханаларға дейін кеңейе бастады.

– Азиядағы киім сатушы онлайн-алып Shein-нің Лондон биржасына шығуға дайындығы тоқтады, дейді Bloomberg дереккөздері. Бұл – соңғы жылдардағы Ұлыбританиядағы ең ірі IPO болуы керек еді. Алайда листингке деген қызығушылық бәсеңдеген. Сонымен қатар, Shein-нің нарықтық бағасы да күрт төмендеді: 2023 жылы компания $90 млрд-қа бағаланса, 2025 жылдың ақпанына қарай бұл көрсеткіш $30 млрд-қа дейін құлдырады. Қазір кейбір инвесторлар акцияларын жеке мәмілелер арқылы үлкен жеңілдікпен сатуға тырысуда.

– Бермуд аралдарында тіркелген Aspen Insurance компаниясы Нью-Йорк биржасына қайтып келуді жоспарлап отыр – делистингтен кейін арада алты жыл өтті. Компания нарықтан $2,85 млрд-қа дейінгі баға алуды көздеп отыр. Оның иесі – Apollo Global Management – 11 млн акцияны бір данасы $29–$31 аралығында сату арқылы $341 млн тартқысы келеді. Биржада компания AHL тикерімен тіркеледі. IPO ұйымдастырушылары: Goldman Sachs, Citigroup және Jefferies. 2002 жылы құрылған Aspen әлем бойынша сирек кездесетін тәуекелдерді сақтандырумен айналысады. Бұрын компания табиғи апаттардан – дауыл, өрт, жер сілкіністерінен – көп шығын көрген. Бірақ Apollo сатып алған соң, басшылыққа келген сақтандыру саласының ардагері Марк Клотье тәуекелдерді азайтып, портфельді қайта қарап, 2021 жылы Aspen-ді қайтадан табысқа шығарды. Қазір компания экологиялық, саяси және несиелік тәуекелдер сияқты тар бағыттарға шоғырланған.

– АҚШ-тың Andersen компаниясы (салық және қаржылық кеңес берумен айналысады) IPO өткізуге өтінім берді. Бұл инвесторлардың кәсіби қызметтер секторына, атап айтқанда – беделі мен серіктестердің байланыстарына тәуелді бизнеске деген қызығушылығын көрсетеді, деп жазады Financial Times. Andersen акцияларының бағасы мен көлемі әлі белгіленбеген. Компанияны 2002 жылы Arthur Andersen аудиторлық компаниясының 23 бұрынғы серіктесі құрған. Arthur Andersen – АҚШ тарихындағы ең ірі корпоративтік жанжал – Enron ісінен кейін жабылған. Осы жағдайдан кейін «Үлкен бестік» деп аталған аудит алпауыттары төрттікке қысқарды: Deloitte, PwC, EY және KPMG.

– Оңтүстік Кореяда соңғы үш жылдағы ең ірі IPO тоқтатылды. Бұл да Азиядағы инвесторлардың сеніміне әсер етіп отырған белгі.

– Rio Tinto акционерлері компанияның негізгі листингін Лондоннан Сиднейге көшіру туралы инвестор-активисттің ұсынысын қабылдамады.

Жуырдағы IPO нәтижелері

– Қытайлық Yuanbao сақтандыру брокері АҚШ нарығында сәтті дебют жасады, бұл АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіскен сауда қарым-қатынасы мен нарықтағы құбылмалыққа қарамастан орын алды. Компанияның Nasdaq-тағы алғашқы сауда күнінде оның акциялары (ADS) бір сәтте 93%-ға дейін өсіп, сауда жабыларда IPO бағасынан 6,4%-ға жоғары, яғни $15,96 деңгейінде тұрақтады. 29 сәуірдегі листинг кезінде Yuanbao $30 млн тартты, акцияларын баға диапазонының жоғарғы шегінде орналастырып. Бұған дейін, сәуір айында, басқа қытайлық эмитент — шай дүкендер желісі Chagee — Nasdaq-та $411 млн тартып, дебюттік күнінде акциялары 16%-ға қымбаттаған еді.

IPO-ны кейінге қалдырған немесе тоқтатқан компаниялар

– Оңтүстік Кореялық DN Solutions, өнеркәсіптік құралдар өндірушісі, сәуір соңында $1,1 млрд-қа дейінгі IPO жоспарынан бас тартты. Компания бұл шешімді ел ішіндегі және жаһандық нарықтағы белгісіздік салдарынан әділ баға алу қиындығына байланысты қабылдағанын мәлімдеді. DN Solutions листингі 2022 жылдың қаңтарынан бері елдегі ең ірі IPO болуы мүмкін еді. Ол кезде LG Energy Solution Сеул биржасынан 12,8 трлн вон тартқан болатын. Бұған дейін де жаһандық нарықтардағы дүрбелең, әсіресе Дональд Трамптың кедендік тарифтері аясында шведтік Klarna финтех-компаниясы мен корейлік Cuckoo тұрмыстық техника өндірушісі IPO-ларын кейінге қалдырған болатын.

– Вьетнамдық Masan Consumer корпорациясы да $1 млрд-тан асатын IPO-ны кейінге шегерді. The Wall Street Journal дереккөздері бойынша бастапқыда 2025 жылдың III тоқсанына жоспарланған листинг IV тоқсанға ауыстырылды. Masan – Вьетнамдағы ең ірі азық-түлік ритейлерлерінің бірі, оның өнімдері 15-тен астам елге экспортталады. Қазіргі уақытта компания Ханой қор биржасындағы UPCoM платформасында саудаланады. 2024 жылдың соңында Masan Хошимин қор биржасына шығу жоспарын жариялаған еді.

– Үндістандық Oyo қонақүй желісі 2021 жылдан бері үшінші рет IPO-ны кейінге қалдырды. Компания 2025 жылдың қазанында листингке шығуды көздеген, бірақ SoftBank негізгі инвесторының қарсылығына және нарықтағы теріс көңіл күйге байланысты жоспарынан бас тартты. Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек SoftBank алдымен компаниядан тұрақты табыстылықты көрсетуді талап етуде. Енді Oyo листингті 2026 жылдың наурызына дейін шегеруі мүмкін, әрі $7 млрд-тан жоғары капитализацияға ұмтылады. Айта кетейік, 2019 жылы Oyo $10 млрд-қа бағаланған, бірақ қатаң бәсекелестік оның нарықтық құнын және табысын айтарлықтай төмендеткен.

IPO нарығындағы өзге маңызды жаңалықтар

– Rio Tinto акционерлері компанияның қосарлы листингінен бас тарту туралы ұсынысты қабылдамады. Palliser Capital атты британдық хедж-қор Лондон биржасындағы негізгі листингті Сиднейге көшіруді ұсынған. Қор мұндай өзгеріс Rio Tinto-ның нарықтық құнын арттырып, құрылымын жеңілдетеді деп есептейді. Бірақ Rio Tinto бұл салық жеңілдіктерінен айыруы мүмкін және қосымша шығындарға әкелетінін айтып, бұл ұсынысты кері қайтарды.

– Үндістандық электрлі скутер өндіруші Ather Energy компаниясы $352 млн-дық IPO-ны толықтай орналастырды. Алғашқыда инвесторлардың қызығушылығы төмен болды, бірақ соңғы күні институционалдық инвесторлардан 15,6 млрд рупийге ($190 млн) тапсырыс түсті. Бұған дейін компания ірі зәкірлі инвесторлардан $159 млн тартқан еді, олардың қатарында Abu Dhabi Investment Authority және Temasek (Сингапур) бар. Бұл орналастыру Үндістандағы IPO нарығының ахуалына индикатор ретінде қарастырылады. 2025 жылы жаһандық құбылмалық пен АҚШ-тың сауда саясаты салдарынан Үндістандағы IPO белсенділігі 15%-ға қысқарған.

– Криптоинфлюенсер Энтони «Помп» Помплиано басқаратын ProCap Acquisition атты SPAC-компания IPO өткізуге өтінім берді. Ол $200 млн тартуды көздеп отыр. 1,7 млн жазылушысы бар Подкаст иесі Помплиано осы SPAC құруға жауапты демеуші-компанияны бақылайды. Саудалар Nasdaq-та өтеді, ұйымдастырушысы — BTIG инвестициялық фирмасы. Бұл оқиға компаниялардың Microstrategy үлгісі бойынша биткойнды капитал ретінде алу ниетінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді, деп жазады Bloomberg.

– Гонконг қор биржасы 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өзінің тарихындағы ең жоғары таза кірісті тіркеді — 4,08 млрд гонконг долларына ($526 млн) жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға жоғары. Сауда-саттықтың негізгі көзі – спот-нарықтағы орташа күндік айналым 242,7 млрд HKD ($31,3 млрд) құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Қаңтар-наурыз айларында 17 IPO өтіп, 18,7 млрд гонконг доллары тартылған — бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төрт есе көп. Гонконг — шетелдік капитал тартқысы келетін қытайлық компаниялар үшін негізгі алаң.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары