БастыReview
Бөлісу

Лабубу ойыншықтарына бүкіләлемдік әуестік неден басталды?

Максим Семеляк

Максим Семеляк

Лабубу ойыншықтарына бүкіләлемдік әуестік неден басталды?

The New York Times газетінде жуырда жарияланған мақала Лабубу деп аталатын жүнді ойыншықтарға қатысты жаппай әуестікті ресми түрде мойындатып, бұл құбылысты шынайы тренд ретінде таныды.

Мақалада бұл құбылыстың ауқымы егжей-тегжейлі сипатталған: жұма күні таңғы 4:30-да Лос-Анджелестегі Pop Mart дүкенінің алдында жүздеген адам кезекке тұрады. Көпшілігінің қолында жиналмалы орындық пен азық-түлігі бар. Сатып алушылар бір-бірін итеріп, кейде жығылып та қалады. Ал жаңа ойыншықтан құр қалғандары үйінде бұрын шыққан алты нұсқасы барын жұбаныш етеді.

Ресми сатылым басталған күні сұраныс көп болғаны соншалық сайт пен қосымша тұтынушылар легіне шыдамай істен шығты. Қалпына келген сәтте-ақ, барлық қуыршақтың сатылып кеткені белгілі болды. Мұның бәрі сырт келбеті аса тартымды емес, тістері ақсиған, аң терісінен тігілген ойыншықтар үшін.

Бұл вирус секілді тарап жатқан қуыршақтарды тек қана қытайлық Pop Mart ойыншықтар желісі сатады. Лабубуды алғаш рет 2015 жылы гонконгтық суретші Касин Лун балалар кітабына арнап салған. Ал 2019 жылы Pop Mart компаниясымен жұмсақ ойыншықтар өндірісі бойынша келісімшарт жасалды. 2023 жылдың наурызында Pop Mart Лондонда, Harrods дүкенінде сауда нүктесін ашты. Жалпы алғанда, бұл ойыншықтардың танымалдығында шекара жоқ. Лабубудың әр жаңа нұсқасы сатылым басталған бетте-ақ сатылып кетеді. Біреуінің бағасы шамамен 30 доллар, кейбір коллекциялық түрлері одан да қымбат.

Қытай ойыншықтарының сатылымы жалпы алғанда жоғары көрсеткішке ие. Бірақ солардың ішінде Pop Mart компаниясының үнемі өсіп келе жатқан табысы Bloomberg агенттігі тарапынан ерекше құбылыс ретінде танылды. Бұл компанияға сауда соғыстары да, жалпы тұрақсыздық та әсер етпейтіндей көрінеді. Pop Mart акциялары Гонконг қор биржасында саудаланады, ал биылдан бастап олардың бағасы шамамен 120%-ға өсті. 2024 жылғы компанияның табысы 1,8 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Оның 400 миллион доллары, яғни табыстың бестен бірі, Лабубуға тиесілі болған.

Лабубу қуыршақтары көбінесе «соқыр қораптарда» сатылады. Сондықтан сатып алушы нақты қай нұсқаны сатып алғанын бірден білмейді. Осы белгісіздік жағдайы адамдардың қызығушылығын тіпті күшейтеді: олар ойыншық алған сайын ерекше бір әсер күтіп, шынайы құмарлыққа бой алдырады. Дегенмен, жұмсақ ойыншықтан қандай тосынсый күтуге болатыны түсініксіздеу.

Нассим Талеб «Қара аққуда» режиссер Лукино Висконтидің актерлерді өз рөлдеріне шынайы енуі үшін репетиция кезінде жабық қорапқа нағыз гауһар тастар салғызғанын айтып өтеді. Мұндағы ой – актер сол қорапта не жатқанын білмесе де, ішіндегі заттың құнды екенін сезіп, өз рөліне шынайы бойлай түседі. Бірақ, бір қарағанда, бұл гауһарлар мен қазіргі түкті ойыншықтарды салыстыруға да келмейді. Әйтсе де, заман басқа, талап та басқаша.

Бұл жаппай құмарлық былтыр көктемде басталды. Оңтүстіккореялық Blackpink тобының әншісі әрі актрисасы Лиса (ол «Ақ лотос» сериалының үшінші маусымында да ойнаған) Instagram парақшасына Louis Vuitton сөмкесіне байланған жұмсақ ойыншықпен түскен суретін жариялады. Артынша Pop Mart дүкенінде бүкіл ақшасын жұмсайтынын да айтып қалды. Одан кейін бұл ойыншықтармен Рианна мен Дуа Липа да көзге түсті. Қысқасы, әдеттегі хайптың тарихы — мәні жоқ дүние, оны түсіндіруге тырысу да бос әурешілік деуге болады.

Бұл жағдай ескі фильмдердің тіріліп кеткен көрінісін еске салады. Мысалы, «Гремлиндер» фильмі, онда үлпілдек мақұлық Магвай (айтып өтейік, сюжет бойынша ол Қытай кварталынан шыққан) басты рөлде. Немесе Владимир Набоковтың «Камера обскура» романындағы басында сипатталатын мультфильм кейіпкері Чипиді еске түсіреді. Онда күлкілі теңіз шошқасы әлемді өзінің салынған сүйкімділігімен баурап алады.

Ересектердің ойыншықтарға құмар болуы неліктен?

Ересек адамдардың балаға тән заттарға әуестігі — ерекше құбылыс емес. Мысалы, кеңестік кезеңде пианист Святослав Рихтер өзімен бірге үнемі пластмасса шаян алып жүрген. Айтуынша, ол оны күйзелістен сақтап қалатын. Тіпті сахнаға шықпағаны болмаса, үнемі жанында болған.

Қазіргі кезде ойыншықтарға деген құмарлықтың себебі айқын: бір жағынан, бұл — терапияның бір түрі. Әлем астан-кестеңі шығып жатқанда, адам балалығын және жайлылық іздейді.

Лабубу ойыншықтарына ең әуес — миллениалдар мен зумерлер, яғни жастары едәуір болса да, олар ендігі балалар емес. Бірақ бұны нағыз шынайы эскапизм деп те айту қиын. Бұл құбылысқа қазіргі таңда «жаңа есею» деген атау беріліп жүр. Яғни адамдар ересек болуға қарсы емес, бірақ бұрынғы жас кезеңге тән артықшылықтардан да бас тартпайды. Мұны адам дамуының баяулауымен түсіндіруге болады. Бұл құбылысты алғаш 1884 жылы биолог Юлиус Кольманн «неотения» ұғымы арқылы сипаттаған. Яғни, ересек адам өмір бойы балаға тән кей белгілерін сақтап қалады деп санаған. Бұл – мәңгілік жастық емес, бірақ жастық шақтың үщаққа созылуы деуге болады.

Үшінші жағынан қарағанда, бұл — тапшылыққа негізделген рөлдік ойын іспетті. Бүгінде кез келген тауар қолжетімді әрі әп-сәтте табылатын заманда дәл осындай жетіспеушілік адамдарға ерекше тартымды көрінеді. Тіпті кейбіреулер, социалистік елдерде өмір сүріп, расында да пластмасса ойыншықтар тапшы болған кезді бастан кешпегендіктен, кезекте тұрудың өзінен сексуалды немесе оргиастикалық бір ләззат іздейтіндей әсер қалдырады.

Мұндай «ойын-сауыққа» сұраныс күн санап артып келеді. Global Info Research дерегінше, жұмсақ ойыншықтар нарығының көлемі 2030 жылға қарай 17 миллиард доллардан асады деп күтілуде.

Ал Лабубу авторы Касин Лун бүгінде әлемге танылған тұлғаға айналды — оның көрмелері Бангкоктан Нью-Йоркке дейінгі қалаларда өтіп жатыр. Әрине, суретшінің жетістігіне қуану керек, бірақ бұл жерде оның тек жеңімпаз емес, сондай-ақ плагиатор екенін де айта кеткен жөн. Лун Лабубу атауының бірегейлігін мұқият тексергенін айтады. Алайда ол ойыншық бейнесіндегі кейбір көзге бірден түсетін ерекшеліктерді, мысалы, тістерін ақситқан аузын байқамай қалған секілді — бұл тұтасымен әйгілі америкалық суретші, марқұм Морис Сендактың туындысынан көшірілген.

Сендак, айтпақшы, АҚШ азаматы. Ал енді оны әдейі не байқамай көшірген гонконгтық суретші мен Қытайлық компания бұл арқылы пайда тауып отыр. Сонда, сауда шектеулерін қатты ұстануымен танымал АҚШ президенті қайда қарап отыр екен?

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары