БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Сауда соғысының салқыны: Қай технология алпауыты баж салығына төтеп бере алады?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Сауда соғысының салқыны: Қай технология алпауыты баж салығына төтеп бере алады?

АҚШ-тың ірі технологиялық алпауыттары соңғы тоқсанда Уолл-стриттің сарапшылары күткен нәтижеден асып түсті. Бір айта кетерлігі, бұл есептерде сауда соғысының салдары сезілмейді.

Apple, Microsoft, Amazon, Alphabet және Meta сынды бес ірі технологиялық компания өткен тоқсанда жалпы сомасы 450 миллиард долларға жуық табыс тапты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Бес компания да сарапшылар болжамынан жоғары нәтиже көрсетті. Алайда бұл көрсеткіштердің ешқайсысында Дональд Трамп бастаған ауқымды сауда соғысының салдары айқын сезілмейді. Алайда алдағы тоқсанға жасалған болжамдарда сыртқы сауда жағдайларының тұрақсыздығы көбірек ескерілген. Енді осы технологиялық алпауыттардың ішінде қайсысына көбірек қауіп төнеді? Осы сұрақтың жауабын бірге іздеп көрелік.

Apple

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Apple баж салығына төтеп беруде ең осал компаниялардың бірі. Өткен тоқсанда Қытайдағы сатылымдар бірнеше пайыздық пунктке төмендеген. Ал алдағы тоқсанға жасалған болжам Уолл-стрит күткен деңгейден төмен болды. Бұл болжам жарияланғаннан кейін, 2 мамырдағы саудада Apple акциялары бірден 4 пайызға арзандады.

Дегенмен, Apple баж салығының әсерін азайту үшін әрекет етіп жатыр. Компания өндіріс қуаттарын Қытайдан Үндістан мен Вьетнамға көшіріп келеді. Екінші тоқсанда АҚШ-та сатылатын құрылғылардың басым бөлігі осы елдерден жеткізілмек. Бұл шешім Apple-ге тоқсан сайын шамамен 900 миллион доллар қосымша шығын әкеледі. Бірақ, соған қарамастан, жалпы маржаны бар болғаны бір пайыздық пунктке ғана азайтады.

Компания әзірге өнім бағасын көтеруге асығар емес. «Қазірше жариялайтын ештеңеміз жоқ», – деді Тим Кук баға өсімі туралы сұраққа жауап берерде. «Егер iPhone бағасы көтерілсе, бұл сатып алушылар үшін ауыр соққы болар еді», деп жазды WSJ.

Бүгінде Apple смартфондарының орташа бағасы 1000 доллардан асады. Дегенмен, олар интернет, онлайн сауда, әлеуметтік желі мен бұлтты сервистер секілді күнделікті қажеттілікке айналды.

Amazon

Apple секілді баж салығына осал тағы бір техгигант – Amazon. Компанияның алдағы тоқсанға берген болжамы да Уолл-стрит күткен деңгейден төмен болды. Соған қарамастан, 2 мамырда Amazon акциялары шамамен 1 пайызға қымбаттады.

WSJ дерегінше, Amazon дәл қазіргі тұрақсыздыққа төтеп бере алады. Компания өз бетінше сататын тауар қорын алдын ала толықтырып алған. Ал үшінші тараптағы сатушылар өз өнімдерін баж салығы енгізілмей тұрып жеткізуге тырысып жатыр.

«Қазіргі кезде тұтынушылар сұранысы әлсіреді деп айта алмаймыз», – деді бас директор Энди Джесси инвесторлармен кездесуде. Оның айтуынша, Amazon платформасында 2 миллионнан астам сатушы бар, олардың бәрі бірдей бағаны көтере қоймайды. «Сатушыларымыз әртүрлі елдерден, сондықтан баға саясаты да әртүрлі болады», – деді ол.

Meta және Alphabet

Meta (Facebook және Instagram иесі) мен Alphabet (Google-дың бас компаниясы) жайлы сөз қозғала қалса, оларды жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты екі компания деп атауға болады. Екеуі де негізгі табысын онлайн жарнама арқылы табады. Қазіргі тоқсанда бұл бизнес бағыты тұрақтылығын жоғалтпаған.

Meta тіпті инвестицияларын арттырып жатыр: компания биыл жасанды интеллектіні дамытуға 72 миллиард доллар жұмсамақ. Бұл — жылдық болжамды табыстың 40 пайызына жуық қаржы. Бұл Meta-ның өз болашағына сенімді екенін көрсетеді.

Microsoft

WSJ пікірінше, бес ірі техгиганттың ішіндегі ең мықтысы – Microsoft. Компания табысының басым бөлігі корпоративтік ІТ-бюджеттер есебінен түседі. Ал олар қысқартуға онша бейім емес.

Microsoft мықты болжам ұсынып отыр. Ал оның бұлтты қызметтерінен түсетін табыс өсімі Amazon-ға қарағанда екі есе жоғары болды. Есеп жарияланғаннан кейін Microsoft акциялары бірден 8 пайызға өсті және бұл өсім 2 мамырда да жалғасты. Нәтижесінде компанияның нарықтық құны 3 триллион доллардан асып, Apple-ды басып озды.

Алайда Microsoft-ты да сауда соғысы айналып өтпеді. Компания Xbox ойын консолі мен оған байланысты аксессуарлардың бағасын көтеруге мәжбүр. Өйткені, бұл Microsoft-тың баж салығына ең тәуелді «темір» өнімі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары