Мұнай бағасының төмендеуі мен жаңа кедендік тарифтер Exxon мен Chevron кірісін азайты

Егер мұнайдың бір баррелі 60 доллар шамасында ғана болатын болса, жаңа ұңғымалар қазу компаниялар үшін тиімсіз саналады.
АҚШ-тың екі ірі мұнай компаниясы — ExxonMobil мен Chevron жұма күні ең төмен кіріс туралы есеп берді. Дональд Трамптың сауда саясаты мен ОПЕК+ ұйымындағы келіспеушіліктерге байланысты мұнай бағасы төмендеді. Ал жаңа кедендік тарифтер мұнай-газ компанияларына жабдық пен материалдарды сатып алуды қымбаттатты. Биыл бұл саладағы инвестициялар азаюы мүмкін.
Егжей-тегжейі
ExxonMobil 2025 жылдың алғашқы үш айында 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда таза табысының 6 пайызға төмендегенін хабарлады. Қазіргі табыс — 7,7 миллиард доллар. Ал Chevron таза табысы үштен бірге қысқарып, 3,5 миллиард долларға түскенін мәлімдеді. Бұл шикі мұнай сатудан түскен түсімнің азаюымен және қайта өңдеу бағытындағы маржаның төмендеуімен байланысты. Бұл деректер Chevron есебінде айтылған. «Біз баға мен маржаның қатты қысымына тап болып отырмыз», — деді ExxonMobil бас директоры Даррен Вудс есеп жарияланғаннан кейінгі сарапшылармен сөйлесуінде.
2 мамырда есеп берген Exxon мен Chevron қаржылық нәтижелері Трамп 2 сәуірде жаңа тарифтер пакетін жарияламай тұрып қалыптасқан жағдайды сипаттайды, деп жазады The New York Times. Сол тұста ОПЕК+ ұйымы да көмірсутек өндірісін арттыру жоспары барын айтқан болатын.
ExxonMobil акциялары жұма күнгі сауда басталғанда 3 пайызға өсіп, 109 долларға дейін көтерілді. Алайда кейін бұл өсімнің біраз бөлігін жоғалтты. Chevron акциялары да 2,6 пайызға көтерілді, бірақ кейін өсім қарқыны 1,5 пайыз шамасында баяулады.
Мұнай саласында не болып жатыр?
АҚШ-тың екі ірі мұнай компаниясы президент Дональд Трамп бастаған сауда соғысының экономикалық салдарына дайындалып жатыр. Бұл соғыс тұтынушылар сенімін әлсіретіп, мұнай бағасының түсуіне әкелді, деп жазады NYT.
АҚШ-тың WTI маркалы мұнайының бағасы осы аптада 60 доллардан төмен түсті. Бұл – жаңа ұңғымалар қазу тиімді болмайтын шектік деңгей, деп көрсетеді NYT. Қазір мұнай бағасы Трамптың екінші президенттік мерзімі басталған кездегі бағадан шамамен 20 доллар төмен. Сонымен бірге мұнай компанияларының шығындары да артты: жаңа кедендік тарифтер салдарынан болат пен басқа материалдар, сондай-ақ шетелдік жабдық қымбаттады.
Салдарынан кейбір компаниялар белсенділігін азайта бастады. АҚШ-тағы ең ірі мұнай кен орны саналатын Перм бассейнінде соңғы айда бұрғылау қондырғыларының саны 3 пайызға қысқарды. Бұл туралы NYT Baker Hughes мұнайсервис компаниясының дерегіне сүйеніп жазды. Компания өкілдерінің айтуынша, клиенттер қосымша шығындарды кейінге шегере бастаған. Жалпы алғанда, биыл мұнай-газ саласына құйылатын инвестиция азаюы мүмкін.
Қандай болашақ күтіп тұр?
Энергетикалық компанияларды мұнай бағасының қазіргі деңгейде (шамамен 60 доллар) қанша уақыт сақталатыны толғандырып отыр, деп жазады New York Times. Егер баға 50 долларға дейін түссе, АҚШ-та мұнай өндірісі бір жыл ішінде шамамен 8 пайызға азаюы мүмкін, деп болжайды S\&P Global Commodity Insights. Қазірдің өзінде АҚШ – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел.
«Компаниялар АҚШ-тың сауда саясаты нақтырақ қалыптасқанша шығындарын қысқартып жатыр. Қазір жағдай сондай, әр бұрыштан үнем іздеп, ештеңені назардан тыс қалдырмай отыр», — дейді Maine Pointe консалтинг компаниясының басшысы Джозеф Эстевес. Бұл компания жеткізу тізбегін басқаруға маманданған.
ExxonMobil компаниясының бас директоры Даррен Вудс та шикізат бағасының төмендеуі жаңа келісімдерге жол ашуы мүмкін екенін айтты. Мысалы, былтыр Exxon шамамен 60 миллиард долларға Pioneer Natural Resources компаниясын сатып алған еді.
Chevron-ға тарифтердің әсері әзірге онша білінбей отыр, дейді компанияның қаржы директоры Эймер Боннер. Оның айтуынша, Chevron болат пен басқа да материалдарды америкалық жеткізушілерден сатып алуға тырысады, осылайша шығынды азайту көзделген. Алайда Chevron Байден тұсында енгізілген жеңілдіктерді жойып, Венесуэлада мұнай өндірісіне қайта шектеу қойған Трамп әкімшілігінің шешімдерінің салдарын сезініп отыр. Боннердің сөзінше, компания енді Венесуэладан мұнай экспорттай алмайды. Себебі лицензия қайта қаралып, талаптар қатайған. Chevron-ның Венесуэламен жасалған келісімшарттары 27 мамырда аяқталады.
Сарапшылар не дейді?
Жыл басынан бері ExxonMobil акцияларының бағасы 1 пайызға төмендеді. MarketWatch дерегіне сүйенсек, бұл компанияның акцияларын бақылайтын 28 аналитиктің 17-сі оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight бағалары), 10-ы портфельде ұстау қажет десе (Hold), біреуі сату керек деп есептейді (Sell). Уолл-стрит сарапшыларының ортақ болжамы бойынша, ExxonMobil акциясының құны 123,8 доллар болады деп күтілуде. Бұл 1 мамырдағы сауда жабылған бағадан 17 пайызға жоғары.
Ал Chevron акциялары жыл басынан бері 4 пайыздан астам арзандады. Компания акцияларын 26 сарапшы қадағалап отыр, олардың ішінде басым бөлігі сатып алуға кеңес береді (13 рет Buy және екі Overweight). Тағы он сарапшы акцияны ұстай тұруды ұсынса (Hold), біреуі сатуды жөн көреді (Sell). Уолл-стриттің болжамынша, 1 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда Chevron акциялары шамамен 23 пайызға қымбаттап, 167,4 долларға дейін өсуі мүмкін.








