JPMorgan мамыр айына арналған үздік акциялар тізіміне Netflix-ті қосты

АҚШ-тың ең ірі банкі JPMorgan мамыр айына арналған инвестициялық басым активтердің тізімін жаңартты. Бұл тізімге банк ай сайын өзгерістер енгізіп отырады және оны төрт негізгі стратегияға сай құрайды: өсу (growth), табыс (income), құн (value) және қысқа позициялар (short).
Осы айда Netflix-пен қатар, тізімге автокөлік бөлшектерін сататын AutoZone, косметика дүкендер желісі Ulta Beauty және дата-орталықтар иесі Digital Realty Trust акциялары енді. Олар өткен айда ұсынылған ірі ритейлерлер мен газ жеткізушілерін ығыстырды.
Егжей-тегжейлі
Netflix акциялары банк тарапынан өсу идеялары (growth) бөліміне енгізілді. Стриминг алыбының қағаздары шынымен де өсіп келеді: 2025 жылдың басынан бері шамамен 30%-ға қымбаттады, ал соңғы сауда күнінде, 2 мамырда, олардың бағасы $1156,49 болды — сол күні тарихи максимум жаңартылған еді. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш JPMorgan сарапшысы Дуглас Анмут белгілеген $1150 мақсатты бағадан асып тұр. Соған қарамастан, Анмут компанияға деген сенімін сақтап отыр. Оның айтуынша Netflix — жаһандық стриминг саласының анық көшбасшысы ретінде орнықты және «ғаламдық теледидарға» айналу жолында. Сарапшының пайымдауынша мамыр айындағы жарнама берушілерге арналған презентациялар компания акциялары үшін оң серпін беруі мүмкін.
Тізімдегі екінші жаңа компания — AutoZone автокөлік бөлшектерін сататын дүкендер желісі. Оның акциялары биыл 17%-ға өсті. JPMorgan бұл компанияны тағы бір болашағы зор өсу идеясы ретінде қарастырып отыр. Сарапшы Кристофер Хорверс автосервиске арналған сегментте (Do It For Me — DIFM) сатылымдардың арту әлеуетін және нарық үлесінің кеңею мүмкіндігін көруде. Оның айтуынша бағаның баж салығы әсерінен өсуі, валюта тәуекелдерінің азаюы және акцияларды кері сатып алу да қосымша оң факторлар болуы ықтимал. Хорверс белгілеген мақсатты баға — $3830, бұл соңғы жабылу бағасынан 2%-ға жоғары.
Косметика өнімдерін сататын Ulta Beauty ритейлерінің акциялары құн (value) стратегиясы бойынша тізімге енді. JPMorgan сарапшысы Хорверс компанияның нарықтағы үлесінің артуы мен пайда маржасына қатысты сақтықпен жасалған болжамдары табыстың өсуіне және акциялардың қайта бағалануына әкелуі мүмкін деп санайды. Оның мақсатты бағасы — $475, бұл қазіргі бағадан 20%-ға жоғары өсім күтілетінін көрсетеді.
Төртінші компания — Digital Realty Trust, жылжымайтын мүлікке (REIT) инвестиция салатын қор. Оны тізімге не себепті енгізгенін CNBC нақтыламады. Компания деректер орталықтарына маманданған, бұл секторда жасанды интеллекттің өрлеуіне байланысты сұраныс күрт артқан. Соған қарамастан, қордың акциялары 2025 жылдың басынан бері 7%-ға арзандады. Алайда сарапшылардың бірлескен бағалауы (консенсус) бойынша бұл акцияларға «нарықтан жоғары» (Overweight) рейтинг берілген, яғни сатып алуға ұсынылады деген сөз.
Контекст
JPMorgan-ның мамыр айындағы инвестициялық идеялар тізімінің жаңартылуы нарықтағы қобалжумен тұспа-тұс келді. Өткен айда Трамп әкімшілігі енгізген жаңа сауда баждары мен әлсіз макроэкономикалық деректер салдарынан нарықтарда құлдырау байқалды. Сәуірдің соңына қарай сауда соғысының бәсеңдеуіне үміт артқан инвесторлар нарықты жандандырғанымен, бұл негізгі америкалық индекстер — S&P 500 және Dow Jones Industrial Average үшін айды оң нәтижемен аяқтауға жеткіліксіз болды, деп хабарлайды CNBC.
JPMorgan сәуірде ұсынған, бірақ мамыр тізіміне енбей қалған акциялар қатарында Lowe’s, Home Depot, Wayfair және табиғи газ жеткізушісі Targa Resources бар.








