Ұлыбритания мен Германияда Tesla-ға сұраныс азайып қалды

Илон Масктың компаниясының көліктеріне деген сұраныс Еуропада төмендеп барады. Бірақ электр көліктеріне деген жалпы қызығушылық артқан.
Reuters-тің мәліметі бойынша, Tesla-ның Ұлыбритания мен Германиядағы жаңа электрокөліктерінің сатылымы сәуірде екі жылда алғаш рет ең төменгі деңгейге жеткен. Бұл жағдай, әрине, екі елде де электрокөліктерге деген сұраныс өсіп жатқан кезде болып отыр. Tesla-ның Еуропадағы саяси белсенділігі компанияға сатып алушылардан айырылуға әкеліп соғуда.
Егжей-тегжейі
Tesla сәуір айында Ұлыбританияда бар болғаны 512 электромобиль сатты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 62%-ға аз, деп хабарлайды британдық автокөлік өндірушілерінің ассоциациясы SMMT. Алайда, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ұлыбритания Tesla-ның Еуропада сатылымын арттырған жалғыз ел болды.
Германияда сәуір айында Tesla-ға деген сұраныс 46%-ға азайып, 885 электромобиль сатылған. Бұл туралы Федералдық автокөлік агенттігінің (KBA) статистикасы көрсеткен. Бұл — төрт ай қатарынан сатылымның төмендеуін байқатады. Қаңтар-сәуір айларындағы жалпы көрсеткіш 2024 жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда 60%-дан астам төмендеген, деп жазды Reuters.
Сонымен қатар, ресми статистикаға сәйкес, Ұлыбританияда электромобильдер тіркеуі сәуірде 8,1%-ға өскен. Соған қарамастан жалпы сатылған көліктер саны 10,4%-ға қысқарған. Ал Германияда электромобильдер сатылымы өткен айда 53,5%-ға өскен, деп хабарлайды Reuters.
Контекст
Tesla-ның сәуір айындағы сатылымдары Еуропа бойынша күрт төмендеді. Бұл жағдай қытайлық электромобильдердің Еуропа нарығына енуі мен Илон Масктың еуропалық оңшыл саясаткерлерді белсенді қолдауынан кейінгі тұтынушылардың наразылығымен байланысты болып отыр.
Мысалы, Швецияда Tesla-ның жаңа электромобильдері өткен айда 80,7%-ға құлдырап, 2022 жылдың қазанынан бері ең төмен деңгейге жетті. Нидерландта бұл көрсеткіш 73,8%-ға төмендеді. Бұл соңғы үш жылдағы сәуір айындағы ең нашар көрсеткіш. Данияда 67,2%-ға, Францияда 59,4%-ға азайған. Тек Италияда ғана Tesla сатылымы 29,3%-ға, Норвегияда 11,8%-ға артқан.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Tesla-ның Еуроодақ, Еуропалық еркін сауда ассоциациясы (Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Швейцария) және Ұлыбританиядағы жалпы сатылымы 37,3%-ға төмендеген, ал бұл уақытта электромобильдер нарығы 28%-ға өскен, деп хабарлайды Inside EVs. Сәуір айындағы сатылымның тағы да төмендеуі Масктың саяси белсенділігі үшін Tesla клиенттерінен айырылып жатқанын көрсетеді. Тіпті бұл жайтты жақында жаңа модельдердің шығыуы да өзгерте алмай отыр, деп атап өтті Bloomberg.
Жағдайды оңтайлы ету үшін жаңартылған Model Y шығарылуы тиіс. Бірақ компанияның Ұлыбритания мен Германиядағы сайттарында кроссовердің жеткізілімі тек маусым айында басталатыны туралы хабарлануда. Сондықтан жаңа модельдің тұтынушыларды қайта тарта алатынын түсіну үшін бірнеше ай қажет болады, деп жазады Reuters.
Акциялармен не болып жатыр?
Еуропадағы сатылымдардың төмендеуі туралы мәліметтер жарияланғаннан кейін, Tesla-ның акциялары Нью-Йорк биржасында шамамен 2%-ға төмендеді. Ал күннің басында баға 3%-ға дейін түсіп кетті. 2024 жылдың желтоқсанынан бастап, компанияның акциялары тарихи максимумға жеткеннен кейін 40%-дан астамға арзандады.
Биржалық сарапшылар Tesla акцияларының тартымдылығы туралы әртүрлі пікір білдіруде. «Сатып алу» ұсыныстары әлі де жоғары — 57 талдаушының 30-ы Buy немесе Overweight рейтингін берген. Алайда 12 сатылым (Sell) ұсынысы және нейтралды (Hold) консенсус рейтингі Уолл-стриттің компанияның болашақ перспективаларына күмәнмен қарайтынын көрсетеді.








