БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Сарапшылар Palantir есебі туралы пікір білдірді

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Сарапшылар Palantir есебі туралы пікір білдірді

Wedbush компаниясы Palantir-дің акцияларының бағасы 13%-ға өседі деген болжам жасады. Ал RBC Capital Markets олар 70%-дан астам төмендейді деп отыр.

Palantir компаниясының әскери жасанды интеллект (AI) жүйелерін әзірлеуші ретінде ұсынған мықты есебі мен жылдық болжамын арттырғанына қарамастан, Уолл-стриттегі сарапшылардың пікірлері әртүрлі. 6 мамыр күні бірнеше сарапшы компанияның акцияларына бағаны көтеріп, олардың өсуін күтіп отыр. Бірақ көпшілігі акциялар бағасының төмендейтінін меңзеді және оларды асыра бағаланған деп есептейді. Сейсенбі күнгі саудада компанияның акциялары үшін жылдағы ең үлкен құлдырау болды.

Palantir акцияларының өсуін кім болжап отыр?

— Loop Capital компаниясы Palantir-дің акцияларының мақсатты бағасын 5 долларға көтеріп, 130 долларға компанияның акцияларын сатып алу ұсынысын сақтады (Buy рейтингі), деп хабарлайды CNBC. Жаңа болжам бойынша акциялар бағасы 5%-ға өсуі мүмкін.«Palantir акцияларының бағасын талқылауға болады, бірақ компанияның негізгі көрсеткіштерінен кемшілік табу қиын. Корпоративтік жасанды интеллекті нарығы өте үлкен, оның қолдану салалары барлық жерде экспоненциалды түрде өсіп келеді, ал Palantir осы саладағы жетекші компаниялардың бірі», — деп жазды Loop Capital сарапшысы Марк Шаппел.

— Wedbush аналитигі Дэн Айвз Palantir акцияларының бағасы 13%-ға өседі деп болжайды. Ол компанияның акцияларына рейтингті өзгеріссіз қалдырып, мақсатты бағасын 120 доллардан 140-қа дейін көтерді. Бұл Уолл-стриттегі ең оптимистік бағалаулардың бірі.«Біз Palantir-ді тарихи маңызы бар технологиялық компания деп санаймыз. Келесі үш жылда оның капитализациясы 3 трлн долларға жетуі мүмкін. Жасанды интеллекті революциясының аясында компания алдағы жылдары маңызды ойыншыға айналатын болады», — деп жазды Айвз CNBC-ге.

MarketWatch мәліметтері бойынша, Palantir-дің нарықтық капитализациясы 292 млрд долларға жақын. Айвз Wedbush компаниясы Palantir акцияларына инвестиция салу үшін сәтті ену нүктесін күтіп отырғанын атап өтті.

Уолл-стритте акциялардың арзандауын кімдер күтіп отыр?

— RBC Capital Markets компаниясының ең теріс болжамы бар: инвестициялық компанияның сарапшысы Риши Джалурия акцияларға Underperform рейтингісін қойып, мақсатты бағасын 40 доллар деңгейінде белгіледі, деп хабарлайды CNBC. Бұл дегеніміз, акциялар 5 мамырдағы сауда жабылу бағасынан (123,8$) шамамен 70%-ға арзандауы мүмкін.«Бізді Palantir өнімдерінің шектеулі өсу әлеуеті мен олардың бірегейлігінің жеткіліксіздігі әлі де алаңдатады. 2025 жылға арналған болжамдар көтерілгеніне және нарықтың күткенін асырғанына қарамастан, біз акция бағасының шынайылығына күмәнмен қараймыз», — деп жазды Джалурия.

— Goldman Sachs сарапшысы Габриэла Борхес Palantir-дің мақсатты бағасын 12,5%-ға көтеріп, оны 90$ деңгейінде белгіледі және Neutral рейтингісін сақтап қалды (акцияларды ұстау туралы кеңес). Дегенмен, жаңа болжам бойынша акциялар 27%-ға арзандауы мүмкін. Бірақ Goldman Sachs компанияның болашағына қатысты оң көзқарасын өзгертпеді.

«Біз Palantir-ді саладағы ең жақсы өсу қарқынын көрсетуге жақсы позицияда орныққан деп санаймыз. Бұған корпоративтік жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуі, АҚШ үкіметтік құрылымдарында тиімділікке және цифрландыруға деген ұмтылыс, сондай-ақ қорғаныс саласындағы компаниялар арасында Operation Warp Speed моделінің таралуы себепші болып отыр», — деп жазды Борхес.

— Morgan Stanley Palantir-дің мақсатты бағасын 90 доллардан 98-ге көтеріп, Equal Weight рейтингін сақтады (нарықпен қатар өсу күтілуде). Жаңа мақсатты баға акциялардың шамамен 21%-ға арзандауын білдіреді. Алайда, банк компанияның алғашқы тоқсан нәтижелерінен кейін оның негізгі бағалау көзқарасы өзгермегенін атап өтті.

«Компанияның бағасы тым жоғары, себебі 2027 жылға арналған күтілетін еркін ақша ағынына қатысты 95 коэффициентімен ақылға қонымды табыс алу қиын», — деп жазды Morgan Stanley сарапшылары CNBC-ге берген түсініктемесінде.

— Cantor Fitzgerald сарапшысы Томас Блейки Palantir-дің мақсатты бағасын  98 доллардан 110-ға көтеріп, нейтралды рейтингін сақтап қалды. Жаңа болжам бойынша компанияның акциялары шамамен 11%-ға арзандауы мүмкін. Позитивті фактор ретінде аналитик бүкіл әлемдік ұйымдардың бизнес нәтижелерін жақсарту және операциялық тиімділікті арттыру мақсатында жасанды интеллектіге инвестиция құйып жатқан қуатын атап өтті.

«Біздің пікірімізше, Palantir осы үрдістерден пайда алып, динамикалық өсуін жетілдіре алады», — деп жазды Томас Блейки.

— Jefferies компаниясы Palantir-дің акцияларын сатуды ұсынды (Underperform рейтингі) және мақсатты бағасын 60$ деп белгіледі. Бұл акциялардың 50%-ға арзандағанын білдіреді. Аналитик Брент Тилл акцияларды «қатер мен пайда қатынасы жағынан теріс» деп бағалады, деп хабарлайды CNBC. Дегенмен, ол компанияның негізгі көрсеткіштерін «айқын түрде жақсы» деп атап өтті.

— Mizuho аналитигі Грег Московиц Palantir-дің акцияларының бағасы шамамен төрттен бір бөлікке төмендейді деп болжайды. Ол акцияларға Underperform рейтингісін сақтап қалды, бірақ мақсатты бағасын 80 доллардан 94-ке көтерді.

«Palantir нәтижелері бізді шынымен таңқалдырды, компанияның күшті позициялары мен тиімділігін жоққа шығару мүмкін емес. Дегенмен, акциялардың бағасын елемеуге болмайды: ағымдағы жоғары 60 коэффициентін 2026 жылға арналған болжамды табысқа негіздеу өте қиын», — дейді Московиц. Оның айтуынша, компанияның айтарлықтай өсу әлеуеті мен аналитиктердің консенсус-болжамдарын асыра орындауы қазіргі акция бағасында бұрыннан бар.

— Deutsche Bank компаниясы акциялардың айтарлықтай асыра бағаланғанын қолдайды. Банк аналитигі Брэд Зельник акцияларды сатуды ұсынуды растады, бірақ мақсатты бағасын 50 доллардан 80-ге көтерді, бұл соңғы жабылу бағасынан 35%-ға төмен.

Deutsche Bank сондай-ақ Palantir үшін 2026 қаржылық жылға арналған болжамын жақсартты: табыс бойынша 6%, ал операциялық пайда бойынша 13%-ға арттыруды күтеді.

— UBS Palantir-дің акцияларының мақсатты бағасын 105 доллардан 110-ға көтерді. Бірақ нейтралды рейтингін сақтап қалды.DA Davidson аналитиктері де нейтралды рейтингін қалдырып, мақсатты бағасын 115 долларға көтерді.

Акциялардың жайы қалай?

Palantir компаниясының акциялары сейсенбідегі сауда кезінде қатты құлдырады: баға 15%-ға төмендеп,  105,32 долларға жетті. Бұл соңғы екі аптадағы ең төменгі деңгей еді. Алайда құлдырау қарқыны өткен жылғы ең нашар көрсеткішке айналды, деп атап өтті Barron's. Palantir — S&P 500 индексіндегі болжамды табысқа қатысты ең қымбат акция болып табылады.

5 мамырда Palantir корпоративтік тапсырыс берушілерден түскен табыстың 71%-ға артып, 373 млн долларға жеткенін хабарлады. Жалпы сатылымдар 39%-ға өсті. Таза пайда екі есеге көбейіп, 214 млн долларды құрады. Компания 2025 жылға арналған табыс болжамын жақсартып, оны 3,89 млрд $ мен 3,9 млрд $ аралығында күтіп отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары