Үндістан Пәкістанға әуе шабуылдарын жасады

Ядролық қаруға ие Үндістан мен Пәкістан арасындағы қатынастар сәуір айында Кашмирде туристерге жасалған шабуылдан кейін күрт шиеленісті.
6 мамыр күні кешке Үндістан «Синдур операциясын» бастағанын хабарлады. Оның барысында үнді әскерлері Пәкістандағы тоғыз нысанға соққы жасады. Атыстар Пәкістанның әскери объектілеріне емес, «Үндістанға жасалатын террористік шабуылдар жоспарланған және бағытталған террористік инфрақұрылымға» бағытталған деп Үндістан үкіметінің мәлімдемесінде айтылған, бұл ақпаратты Би-Би-Си хабарлады.
Өз кезегінде Пәкістан Үндістан әскерінің ел аумағына үш бірдей нүктеде, соның ішінде Пәкістан бақылауындағы Кашмир астанасы — Музаффарабадқа зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф Geo TV телеарнасына берген сұхбатында бұл соққылар бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға бағытталғанын айтты, деп жазады BBC. Исламабад өз кезегінде «жауапты өзі таңдаған уақыт пен жерде қайтаратынын» мәлімдеді.
Нарықтың реакциясы
Үндістанның NSE Nifty 50 қор индексіне арналған фьючерстер Gujarat International Finance Tec-City алаңында 1,4%-ға төмендеді, деп хабарлайды Bloomberg. Ал аталған индекс 6 мамыр күні Мумбайдағы сауда-саттықты 0,3%-дық төмендеумен аяқтады.
Контекст
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, 6 мамыр күні Пәкістан аумағына жасалған шабуыл ядролық қаруға ие көрші елдер – Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетіресті күшейте түсті. Бұл екі мемлекет 70 жылдан астам уақыт бойы Кашмир аймағына таласып келеді — аталған өңір екі елге бөлінгенімен, әрқайсысы оны толық иемденгісі келеді.
Олардың арасындағы жағдай сәуір айында ушығып кетті. Сол кезде Үндістан бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан 26 адам қаза тапты. Үндістан бұл шабуылға Пәкістанның қатысы бар деп айыптап, жауап қайтаратынын мәлімдеді. Ал Пәкістан бұл айыптауларды жоққа шығарып, Үндістан әскери әрекетке баратын болса, қарсы шара қолданатынын ескертті.








