БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Абу-Дабидегі жаңа парк пен стримингтегі серпіліс — Disney акциялары өсті

Евгения Ватаманюк

Евгения Ватаманюк

Oninvest тілшісі
Абу-Дабидегі жаңа парк пен стримингтегі серпіліс — Disney акциялары өсті

Әлемдегі ең ірі ойын-сауық Disney медиа компаниясы соңғы тоқсанда Disney+ стриминг платформасындағы жазылушылар саны күтпеген өсім көрсеткенін хабарлады. Бұған дейін компания бұл көрсеткіш төмендейді деп болжаған еді. Сонымен қатар, Disney Таяу Шығыстағы алғашқы тақырыптық саябағын Абу-Дабиде ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Осы жаңалықтардан кейін 7 мамыр, сәрсенбі күні компанияның акциялары екі ай ішіндегі ең жоғары көрсеткішке дейін жетті.

Егжей-тегжейлі

2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша (29 наурызда аяқталған) Disney Disney+ платформасындағы жазылушылар санының өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,4 млн-ға артқанын хабарлады. Нәтижесінде жалпы аудиториясы 126 млн пайдаланушыға жетті. Бұл сарапшылар болжаған 123,35 млн-нан жоғары көрсеткіш болды. Ал компания ақпанда маусымдық факторларға байланысты жазылым саны біртіндеп азаюы мүмкін екенін ескерткен еді. Сонымен қатар, Disney+ пен Hulu-ды қамтитын стриминг бизнесінің операциялық табысы да  $336 млн-ға жетті, бір жыл бұрын $47 млн болған еді.

Инвесторлар үшін тағы бір жағымды жаңалық — Disney-дің «Experiences» бөлімінің (тематикалық саябақтар, круиздер мен тұтынушылық тауарлар кіретін бизнес бағыты) табысы 6%-ға артып, 8,89 млрд долларға жетті. Barron’s басылымының хабарлауынша, Уолл-стриттегі сарапшылар 8,7 млрд доллар көлемінде табыс күтті. Сонымен қатар, Disney Абу-Дабиде жаңа ойын-сауық саябағын салатынын жариялады. Бұл — Disney-дің әлемдегі жетінші және Таяу Шығыстағы алғашқы саябағы болмақ. Компания саябақтың ашылу мерзімі мен құнына қатысты мәліметтерді әлі жарияламады. Алайда сарапшылар бұл жаңалықты нарық үшін оң белгі деп бағалап отыр, өйткені саябақтардан түсетін тұрақты табыс инфляция мен тұтынушылық шығындарға қатысты алаңдаушылықты азайтуы мүмкін, деп хабарлайды Barron’s.

The WSJ басылымының жазуынша, Disney 2023 жылдың соңында алдағы он жыл ішінде парктерді, круиздерді және курорттарды дамытуға шамамен 60 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғанын жариялаған. Аталған бағыт қазірдің өзінде компанияның операциялық табысының басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

«Біз Таяу Шығыс аймағында Disney брендіне деген ерекше ықылас барын білеміз, бірақ бұл нарық әлі толық игерілген жоқ», – деді Disney басшысы Боб Айгер. Оның айтуынша, Қытай мен Франциядағы Disney парктері компанияның кино, стриминг және тауар сатылымы сияқты басқа бағыттардың да өсуіне серпін берген.

Акциялардың жай-күйі

Disney акциялары 7 мамырда екі ай ішіндегі шарықтау шегіне жетіп, 12%-ға өсіп, $103,3 болды. Дегенмен, 2025 жылдың басынан бері олар әлі 10% төмен тұр.

MarketWatch деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда тек бір ғана сарапшы Disney акцияларын сатуға кеңес беріп отыр (Sell). Ал 32 сарапшының 24-і сатып алуға шақырады. 32 сарапшының 24-і Buy және Overweight рейтингін берген, қалғандары портфельде ұстауды (Hold) ұсынады.

Қосымша деректер

Disney-дің екінші тоқсандағы табысы өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, $23,62 млрд болды. Бұл көрсеткіш сарапшылар күткен межеден ($23,14 млрд) жоғары болды, деп хабарлайды CNBC, LSEG деректеріне сүйене отырып. Сонымен қатар, былтыр $20 млн көлемінде шығынға ұшыраған компания бұл жолы $3,28 млрд таза пайдаға қол жеткізді. Ал бір акцияға шаққандағы пайдасы (EPS) $1,45 болып, сарапшылардың $1,20 деген болжамынан асып түсті.

Ойын-сауық сегментінің (дәстүрлі телеарналар, стриминг және киноны қамтитын) жалпы табысы 9%-ға артып, $10,68 млрд болды. «Ақшақар» мен «Капитан Америка: Жаңа әлем» фильмдерінің әлсіз көрсеткіштеріне қарамастан, 2024 жылы шыққан «Муфаса: Арыстан патша» және «Моана 2» фильмдерінің кассалық табысы контент сату мен лицензиялауды қолдап тұр.

Спорттық контент сегменті (негізінен ESPN арнасы) жарнама сатылымының артуының арқасында 5%-дық табыс өсімін көрсетті.

Алайда, дәстүрлі телехабар тарату (linear TV) сегменті Disney-дің жалпы қаржылық көрсеткіштеріне кері әсер етуде: бұл бағыттағы табыс 13%-ға азайып, $2,42 млрд болды.

Инвесторлар назарына

Disney 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға шаққандағы пайдасы (EPS) $5,75 болады деп болжануда — бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары. Бұған  дейін компанияның өсім көрсеткіші шамамен 7–9% болады деп күткен еді

Сондай-ақ, компания қазіргі үшінші тоқсанда Disney+ жазылушыларының саны біртіндеп өседі деп үміттеніп отыр. Ал спорттық сегменттің операциялық пайдасы 2025 жылы 18%-ға артады деп болжануда — бұған дейін бұл көрсеткіш 13%-ға жуық деп күтілген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары