БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы жаңалықтар: Қытай АҚШ-пен келісім аясында өсуде, алтын құлдырауда

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы жаңалықтар: Қытай АҚШ-пен келісім аясында өсуде, алтын құлдырауда

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеу белгілері алтын бағасының төмендеуіне себеп болды — ол қорғаныш актив ретінде тартымдылығын біршама жоғалтты. Келіссөздерден түскен позитивті сигнал қытай акцияларын қолдап, юаньның нығаюына ықпал етті. Сол арада CATL геосаяси тәуекелдерге қарамастан Гонконгта ең ірі акция орналастыруды жоспарлап отыр. Ал АҚШ-та OpenAI мен Microsoft серіктестікті қайта қарап, IPO-ға шығуды жеңілдетуге ұмтылуда. Осы және басқа маңызды тақырыптар туралы — 12 мамырдағы таңғы шолудан оқи отырыңыздар.

Қытай нарықтары АҚШ-пен келіссөздердің ілгерілеуі аясында өсуде

Bloomberg хабарлауынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеу белгілері Қытай акциялары мен юаньның нығаюына әкелді.

Гонконгтағы Hang Seng China Enterprises индексі 1,5%-ға көтерілді, материктік CSI 300 0,6%-ға өсті. Екі индекс те Трамптың 2 сәуірдегі баж жариялауы салдарынан болған құлдырауды толықтай қайта өтуде.

Юань долларға қарсы күшейіп, қытай облигацияларының табыстылығы да қатар өсті. Bloomberg мәліметі бойынша, өсу орташа деңгейде болды, себебі позитивтің бір бөлігі нарықта алдын ала ескерілген еді.

Бұл ралли Азия биржаларындағы жалпы өсімнің ауқымы ішінде болды: S&P 500 фьючерстері азиялық сессияда шамамен 1,4%-ға көтерілді.

Нарықтар демалыс күндері өткен келіссөздердегі «маңызды ілгерілеу» туралы хабарларға оң реакция кқрсетті. Дегенмен сарапшылар нақты шешімдер жарияланбайынша инвесторлар толық «бұқалық» көңіл-күйге көшпейді деп ескертеді.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент дүйсенбіде қосымша деректер жариялауға уәде берді. Қытай Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Хэ Лифэн тұрақты келіссөз механизмін құру және бірлескен мәлімдеме шығаруды хабарлады. Трамп келіссөздерді «толық қайта жүктеу» деп сипаттап, «достық, бірақ конструктивті» атмосфера болғанын атап өтті.

Украина Ресейдің қайта келіссөз бастау туралы ұсынысына жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу 12 мамырдан бастап атысты толық тоқтатуға келіссе, Киев тікелей келіссөздерге оралуға дайын екенін мәлімдеді. Ол сонымен қатар 15 мамырда Түркияда Ресей президенті Владимир Путинді жеке күтетіні туралы айтты.

Бір күн бұрын Киевте Зеленский Франция, Германия, Ұлыбритания және Польша кқшбасшыларымен кездесті, одан кейін олар АҚШ президенті Дональд Трамппен  телефон арқылы әңгіме жүргізді. Осыдан кейін Украина мен еуропалық одақтастары Ресейге 12 мамырдан бастап «толық әрі шартсыз» 30 күндік атысты тоқтатуды қабылдауға ультиматум қойды — бас тартса, жаңа санкциялармен бетпе-бет келеді.

Ресей бұл ультиматумға «алдын ала шартсыз» келіссөздерді қайта бастайық деп жауап берді. Путин келіссөздердің 15 мамырда Стамбулда өтуі мүмкін екенін айтты, бірақ өзі қатысатыны туралы сөз қозғамады және ультиматумға жауап берген жоқ.

Трамп Truth Social желісінде Украинадан « дереу Стамбулдағы келіссөзге келісуді » талап етті. «Кем дегенде сол жерде мәміле мүмкін бе, жоқ па анықталып, еуропалық басшылар мен АҚШ әрқайсысының позициясын біліп, әрі қарай әрекет ете алар еді», — деп жазды ол. Сонымен бірге, Трамп Украина Ресеймен келісімге келе алады ма деген күмәннің күшейіп келе жатқанын жеткізді.

Алтын бағамы әлсіреп тұр

Bloomberg-тің жазуынша АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздерінің жетістігі мен геосаяси шиеленістің бәсеңдеуі «тыныш айлақ» ретіндегі алтынның тартымдылығын төмендетіп, оның бағасын арзандатты.

Азиялық сауда сессиясының басында алтынның унциясы шамамен 1,8% төмендеп, $3 265 құрады. Бұған дейін алтын бір апта ішінде 2,6% қымбаттаған еді. Инвесторлар әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы соңғы келіссөздерге назар аудара отырып, доллардың нығаюына жауап ретінде қымбат металлды аз сатып алды.

AT Global Markets-тің Сиднейдедегі сарапшысы Ник Туидейл: «Алдағы сессияларда нақты деректер пайда болса, алтынның шегіну көлемін бағалауға мүмкіндік туады. Қорғаныш құралы сұраныс әрі төмендесе, баға $3 100-ға дейін түсуі мүмкін. Бұл шорттаушылар үшін алғашқы мақсат болмақ».

Westpac-тен Роберт Ренни пікірінше егер келіссөздер одан әрі ілгерілесе, алтын бағасы қазіргі $3 200–3 400 аралығына қайта оралуы мүмкін. Бірақ «$3 200 және одан төменге түскен сәттер қызу сатып алынады және жаңа рекордтық деңгейлер үшін мүмкіндік туады».

Алдын ала сатылымдар кезінде хедж-қорлар алтындағы ұзын позицияларын жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге қысқартып, келіссөздердің оң нәтижесіне сенім білдірді. Дегенмен сауда соғысының салдары жайындағы алаңдаушылық алтынға сұранысты қолдап, жыл басынан бері оның бағасы 25%-ға өсті де, $3 500+-дан рекорд орнатты. Оған орталық банктер мен қытайлық жеке инвесторлардың сатып алулары да септігін тигізді.

Дүйсенбі таңертеңгілік алтынның спот-бағасы 1,2% арзандап, $3 286,65-ке түсті, Bloomberg Dollar Spot индексі 0,1% өсті, күміс арзандап, палладий қымбаттап, платина бағасы онша өзгерген жоқ.

Әлемдегі ірі батарея өндірушісі CATL Гонконгте $5 млрд тартады

Financial Times жазуынша, Қытайдың электромобиль аккумуляторларын өндіретін CATL осы жылы Гонконгтегі ең ірі акция орналастыруында кемінде $4 млрд тартуды жоспарлап отыр. Егер greenshoe опционы іске қосылса, жиналатын қаражат $5 млрд-тан асып кетуі мүмкін. Проспект бойынша орналастыру келесі аптада өтеді, ал сауда 20 мамырда басталады.

Негізгі зәкірлі инвесторлар ретінде Sinopec мұнай-газ компаниясы , Кувейт егеменді қоры, Hillhouse Capital инвестициялық фирмасы, Қытай аймақтық қорлары мен Taikang Life сақтандыру компаниясы қарастырылуда.

CATL акциялары Гонконгте материктік бағадан тек 1,4% арзандай бағаланып, сұраныстың жоғары екенін көрсетуде. Дүйсенбі күні таңертең Шэньчжэнь қорында акциялар шамамен 3% қымбаттады.

CATL шетелде белсенді түрде кеңеюде, Еуропада зауыттар салып, АҚШ автокөлік өндірушілеріне технология лицензиясын ұсынуда. Дегенмен АҚШ–Қытай сауда шиеленісі мен қытай әскери құрылымдарымен байланыс айыптауларына байланысты америкалық инвесторлардың қатысуы күмән қалдыруда.

Конгрестің қысымына қарамастан, JPMorgan және Bank of America орналастырудың басты андеррайтерлері болып қалып отыр. CATL өз кезегінде әскери әрекеттерге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

OpenAI мен Microsoft IPO үшін серіктестікті қайта қарауда

Financial Times хабарлауынша OpenAI мен Microsoft ChatGPT әзірлеушісі IPO өткізе алуы үшін көпмиллиардтық серіктестік шарттарын қайта қарау жөнінде күрделі келіссөздер жүргізіп жатыр. Мәлімдемеге сай, Microsoft 2030 жылдан кейін де жетекші ЖИ-технологияларға қолжетімдігін сақтау үшін OpenAI-дегі үлесін қайта бөлу мәселесі қарастыруда.

2019 жылғы келісімнің де шарттары қайта қаралуда: ол кезде Microsoft $1 млрд инвестиция салып, пайда мен ЖИ өнімдеріне құқыққа үлес алған еді. Соңғы бірнеше жылда Microsoft стартапқа $13 млрд-тан астам қаржы салды.

OpenAI өз құрылымын коммерциялық емес ұйымнан public benefit corporation (әлеуметтік міндеттері мен табысы бар компания) форматына ауыстыруды көздеп, IPO-ға жақындай түсуді көздейді. Алайда бұл өзгеріс шиеленіс тудырды: Microsoft өзінің пайда табу мүмкіндіктерін қалайды, ал сын пікірлер (соның ішінде Илон Маск) OpenAI «адамзатқа қызмет ету» бастапқы миссиясынан алыстап барады деп ескертуде.

Құқықтық және беделдік тәуекелдерге қарамастан, OpenAI келіссөздерді сәтті аяқтап, инвесторлардың сенімін сақтайды деп сенеді. «Миссияға ұмтылатын компания инвестор қаражатына мұқтаж бола қалса, қауіпті жағдайда тұрады: миллиардтаған чек жаздырғың келсе, инвестордың көңілінен шығуың керек», — дейді Колумбия университетінің Заң мектебінің профессоры Дороти Ланд.

Toyota сауда соғысынан ең көп зардап шегуде

Әлемнің ірі автөндірушісі Toyota Motor Corp. Дональд Трамп бастамашы болған сауда соғысының ең басты зардабын тартты, деп хабарлайды Bloomberg. Екі ай ішінде компания импорттық автокөліктер мен бөлшектерге салынған баж салдарынан $1,2 млрд пайдадан айырылады деп болжайды. Бұл көрсеткіш Ford жоғалтатын $1,5 млрд және General Motors-тың жылдық $5 млрд шығынынан да жоғары.

Toyota АҚШ-тағы өндірісті ұлғайтып, сату көлемінің жартысынан астамын ел ішінде құрастырылған автокөліктер құраса да, жыл сайын шамамен 1,2 млн шетелдік автокөлік пен бөлшекті Америкаға әкеледі. Трамп 2 сәуірдегі Қызғылт бақтағы сөзінде «америкалық нарықтағы миллиондаған Toyota көлігіне» назар аударып, осыны сынға алған еді.

Баждан келетін шығын ерекше зардапты болды, өйткені Toyota АҚШ-тағы 11 зауытында бағалар мен өндіріс көлемін сақтап қалды, ал АҚШ–Жапония сауда келіссөзі ақпан айында басталды. Келіссөздер әлі жалғасуда, нәтижесі белгісіз.

Toyota бас директоры Кодзи Сато: «Баж салықтары мәселесінде әлі де көптеген белгісіздік бар. Нәтижесін бағалау мен шара қолдану әзірше қиын», — деп мойындады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары