«Бұқаларға» арналған жеңіс: АҚШ пен Қытай келісімі нарықты қалай өзгертті?

АҚШ-тағы жетекші қор индекстері 12 мамыр күні сауда ашылған сәтте күрт өсті. Бұл — Ақ үй Қытаймен өзара баж салығының көп бөлігін уақытша тоқтату туралы келісімге келген соң орын алған жағдай. Инвесторлар тәуекелге қайтадан дайын екенін байқатып отыр. Америкалық акциялар Трамптың «Азаттық күні» деп атаған оқиғасынан ешқандай әсер алмағандай саудалануда, — деп хабарлайды Bloomberg.
Уолл-стрит сарапшылары Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздерінің нәтижесі олардың күткенінен жақсы болғанын мойындайды. Ал Wedbush компаниясы бұл жетістікті технология секторының инвесторлары үшін «арманға айналған сценарий» деп атады.
АҚШ-та сауда қалай басталды?
S&P 500 индексі мен өнеркәсіптік Dow Jones индексі 2,5% өсіп, 2 сәуірден кейінгі барлық шығынды өтеді. Ол күні Трамп ауқымды баж салығын енгізетінін жариялаған болатын, деп жазады The Wall Street Journal. Технологиялық Nasdaq Composite бірден 3,4%-ға өсті. Ал шағын компанияларды қамтитын Russell 2000 индексі бәрінен де жоғары өсім көрсетті — 3,9%.
— Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауданың тоқтап қалуынан көп зиян шегуі мүмкін ірі технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сатып ала бастады. Өндірісінің көп бөлігі Қытайда орналасқан Apple-дің акциялары 6,5%-ға қымбаттады. Қытай нарығынан едәуір табыс табатын Tesla акциялары 8%-ға өсті.
— Чип өндірушілердің акциялары күрт көтерілді: Nvidia — 5,2%, AMD — 7,6%, Broadcom — 5,7%, Qualcomm — 6,3% өсім көрсетті. Әлемдегі ең ірі тапсырыспен чип шығаратын TSMC компаниясының акциялары да 5%-дан астам қымбаттады.
— Қытайдан келетін тауарларға тәуелді бөлшек сауда компанияларының да акциялары айтарлықтай өсті. Amazon-ның бағасы сауда ашылғанда 9,5%-ға көтерілсе, Best Buy акциялары 11%-ға өсті.
— АҚШ-та саудаланатын қытайлық компаниялардың да бағасы артты: электрондық сауда алыптары Alibaba мен JD.com — 7%-ға, ал PDD Holdings — 9,5%-ға қымбаттады.
— Макаодағы казино операторлары — Las Vegas Sands пен Wynn Resorts-тың акциялары да қымбаттады.
VIX индексі — Уолл-стриттегі «қорқыныш индексі» — 20-дан төмен түсті. Bloomberg агенттігінің жазуынша, доллар соңғы айдағы ең үлкен өсімді көрсетті. Ал «қауіпсіз» валюталар саналатын жапон иенасы мен швейцар франкі әжептәуір әлсіреді. Еуро 1,5%-ға төмендеді. Бұл — аталған валюта үшін биылғы ең нашар күн десе де болады. Айта кетейік, қазынашылық облигациялар табысы да күрт өсті.
Еуропадағы ралли
АҚШ пен Қытай арасындағы келісім еуропалық акцияларға да оң әсер етті. Stoxx600 индексы 1%-ға, Германияның DAX индексі 0,4%-ға, ал Францияның CAC 40 индексі бірден 1,4%-ға өсті.
— Әлемдік сауданың көрсеткіші ретінде саналатын даттық Maersk кеме тасымалдау алпауыт компаниясының акциялары 12%-ға шарықтады.
— Өзара баж салығының төмендеуінен ең көп пайда көретіндердің қатарында автокөлік өндірушілер бар. Бұл сала жаһандық өндіріс пен жеткізу тізбегіне қатты тәуелді. Stellantis-тің Миландағы акциялары 7%-ға, Volvo Cars — 8,7%-ға, Mercedes-Benz — 6,5%-ға, BMW — 5,9%-ға өсті.
— Люкс санатындағы тауар өндірушілердің де акциялары күрт қымбаттады. Gucci брендіне иелік ететін Kering пен LVMH акциялары шамамен 7%-ға көтерілді.
— Тау-кен компанияларының да бағасы артты. Атап айтқанда, Лондонда саудаланатын англо-швейцариялық Glencore акциялары 5%-дан астам өсті.
Тараптар не туралы келісті?
Швейцарияда өткен екі күндік кездесуден кейін АҚШ пен Қытай өзара енгізілген жоғары сауда баж салығының көп бөлігін уақытша тоқтату туралы келісімге келді. The Wall Street Journal дерегінше, Дональд Трамп енгізген Қытай тауарларына қатысты «өзара» баж салығы 125%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар, АҚШ заңсыз фентанил есірткісінің жеткізілуіне байланысты енгізілген 20%-дық баж салығын күшінде қалдырады.
Қытай да АҚШ өнімдеріне қатысты өз баж салығын 125%-дан 10%-ға дейін түсіреді.
Бұл келісім 90 күнге созылады. Осы уақыт ішінде Пекин мен Вашингтон сауда келісіміне қатысты келіссөздерді жалғастыруы тиіс. АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент алдағы күндері Қытай өкілдерімен кездесіп, кең ауқымды келісімге дайындық жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC. Bloomberg-тің жазуынша, Бессент «уақытша бітімнің» мерзімін ұзарту мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Бұл — бұрынғы жоғары ставкалардың қайта күшіне енуін болдырмауға бағытталған қадам.
Сарапшылар не дейді?
Bloomberg пен CNBC келтірген сарапшылардың көпшілігі жоғары баж салығының уақытша тоқтатылуын сауда соғысының елеулі бәсеңдеуі және әлемдік нарықтағы белгісіздік бұлтының сейілуі ретінде бағалап отыр. Bloomberg атап өткендей, инвесторлар бұл өзгеріс нарықты қалпына келтіруге серпін береді деп үміттенеді.
— «Бұл жаңалық күткенімізден әлдеқайда жақсы болды. Біз сәуірдегі жағдай ұмытылмайды деп есептейміз.Ең бастысы нашар күндер артта қалды», — дейді BNY Mellon-ның Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша валюталық және макроэкономикалық стратегы Джеффри Ю.
— Deutsche Bank стратегтері өз көзқарастары айтарлықтай жақсарғанын айтып, енді қысқа мерзімде америкалық акциялар еуропалықтардан озады деп күтетіндерін жеткізді. «Бүгінгі мәлімдеме біздің оң болжамдарымыздан да асып түсті, — деді олар. — Біздіңше, бұл хабар наурыз айында нарықтың өзі де күтпегендей жақсы болды. 90 күннен кейін не болатынын болжау қиын, бірақ нарыққа әсері жағымды... Біздің кеңесіміз — «бұқалық» көңіл-күйді сақтап, Қытай нарығына тәуелді секторларға қайта оралуды қарастыра бесреңіздер болады».
— Wedbush-тың сарапшысы Дэн Айвз бұл келісімді «нарық пен бұқалар үшін үлкен жеңіс» деп атады. «Апта соңына дейін тек ішінара жеңілдік болады деп күттік, ал таңертең дерлік мінсіз нұсқаны алдық», — деді ол жазбасында. Технология секторының болашағына сенетін Айвз 2025 жылы жаңа рекордтар мүмкін екенін айтады: «Егер сіз технология саласына инвестиция салсаңыз — бұл арман сценарийі».
— Singular Bank стратегиялық бөлімінің басшысы Роберто Шольтес керісінше, америкалық акциялардың жақын арада тарихи ең жоғары деңгейге қайта оралуы екіталай деп есептейді. Оның айтуынша, компаниялар АҚШ-тың экономикалық саясатының түсініксіздігі мен тұрақсыздығынан зардап шегіп үлгерген. «Біз акция бағасы түскенде сатып алдық. Қазір өсімді көріп отырмыз, енді «сататын уақыт келді ме?» деп ойланып отырмыз», — дейді Шольтес.
— La Financière de L’Echiquier компаниясының трейдинг бөлімінің басшысы Дэвид Крук: «Енді сатып алуға тұрарлық құлдырау қалған жоқ, сондықтан нарыққа кірмегендер үшін қазір кіру өте қиын. Қалпына келуді өткізіп алғандар үшін бұл шынымен ауыр жағдай», — дейді.








