БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Көліктері «қақпақ» дауына қалған Xiaomi құнсыздануда

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Көліктері «қақпақ» дауына қалған Xiaomi құнсыздануда

Xiaomi акциялары 12 мамырда Гонконгтағы сауда барысында компанияның SU7 Ultra флагмандық электромобиліне қатысты «адастыратын жарнамаға» наразылық танытқан клиенттердің шағымынан кейін күрт құлдырады. Қытай брендіне тиесілі жүздеген тапсырыс беруші премиум спорткарға берген тапсырыстарын жойғысы келді, себебі өздерін алданғандай сезінді. Олар компания қосымша ақыға – шамамен $6000 – ұсынған ерекше капот дизайнын сатып алған, алайда кейбір иелер капотты ашып көргенде, әдеттегі нұсқасынан айтарлықтай айырмашылық таппады.

Егжей-тегжейлі

Xiaomi акциялары дүйсенбі күні Гонконг биржасында 5,7 %-ға құлдырады. Кейіннен АҚШ пен Қытайдың өзара кедендік баж салықтарын төмендету туралы жаңалық Гонконг нарығында ралли туғызып, қағаздар бір бөлігін қайтарып алды. Дегенмен Xiaomi акциялары күнді 1,46 % минуспен аяқтады.

Bloomberg жазуынша акциялардың құлауы Xiaomi SU7 Ultra электромобилі сатып алушыларының шағымдарымен байланысты. Компания бұл модельді әлемдегі ең жылдам төрт есікті сериялық автомобиль ретінде таныстырған. Қытайдың жетекші іскерлік басылымдарының бірі Yicai хабарлауынша Xiaomi-дің 300-ден астам клиенті «адастыратын жарнама» деп саналған қосымша опция – «екі ауа қабылдағышы бар көміртекті талшықты капот» үшін толық ақшаны қайтаруды талап еткен. Бұл опция 42 мың юань ($5800) тұрады.

Xiaomi-дің жарнамалық материалдарында және компания басшысы Лэй Цзюньнің жазбаларында ауа қабылдағыштар доңғалақтарға бағытталған ауа ағынын күшейтіп, олардың салқындатылуын жақсартатыны айтылған. Бұл ерекшелік сатып алу кезінде шешуші факторға айналып, көптеген клиент қосымша ақыны төлеуге келісіп, екі айға жуық күтуді жөн көрген, деп жазады Yicai. Алайда сәуірде жеткізілім басталғаннан кейін иелері капотта тек екі тесік пен пластик қаптамаларды ғана көрген – ешқандай функционалды каналдар да, салқындату жүйесімен байланыс та болмаған.

Xiaomi не дейді

Ренжіген автокөлік иелері жаппай видеошолулар мен шағымдар жариялай бастағанда, Xiaomi кешірім сұрап, клиенттермен «дұрыс коммуникация жасай алмағанын» мәлімдеді. Компания капот алдымен 2024 жылдың күзі Германиядағы жарыс трассасында сынақтан өткен SU7 спорттық нұсқасының стилистикалық көшірмесі ретінде жасалғанын айтты, деп жазады Bloomberg. Дегенмен, компания құны шамамен $6000 болатын опциондық капот әуе ағынын өзгертіп, қосымша салқындату қамтамасыз етеді деген пікірін сақтап отыр. Xiaomi әлі жеткізілмеген көліктерге әдеттегі капотты қайтаруды, ал жеткізіліп қойғандарға бонустық балл есептеуді ұсынды.

Алайда Yicai хабарлауынша клиенттер Xiaomi ұсынған шарттарға қанағаттанбай отыр. «Бізді бұл ұсыныс қанағаттандырмайды», – деді SU7 Ultra сатып алушы Лю Хэн басылымға.

Контекст

Xiaomi SU7 Ultra электр спорткары 2025 жылдың 27 ақпанында 529,9 мың юань (қазіргі курс бойынша $73,2 мың) базалық бағамен таныстырылды. Электромобиль брендтің автосериясындағы флагман ретінде позицияланып, Tesla Model S пен Porsche Taycan-мен бәсекелеседі. Модельге сұраныс жоғары болды – мамыр айына дейін 10 мыңнан астам тапсырыс түсті және бұл Xiaomi-дің жылдық сату жоспарын мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік берді.

Капотқа қатысты наразылық наурыз айының соңында болған, үш адам қаза тапқан SU7 Ultra қатысқан өлімге соқтырған апаттан бір жарым ай өткен соң өршіді. Bloomberg жазуынша, бұл оқиға жүргізушіге көмек көрсету жүйесінің қауіпсіздігіне, аккумулятор конструкциясына және есік тұтқалары дизайнына қатысты сұрақтар туғызды. Xiaomi басшысы 10 мамыр күні Weibo әлеуметтік желісінде «өткен ай компания құрылғаннан бергі ең қиын уақыт болды» деп мойындады. Оның айтуынша ол кездесулер мен іссапарлардың бірқатарын тоқтатып, болып жатқан жағдайды ой елегінен өткізген.

Сарапшылардың ұстанымы

MarketScreener деректеріне сүйенсек, сарапшылдың басым бөлігі Xiaomi акцияларын сатып алуға кеңес береді: компанияны қадағалайтын 39 аналитиктің 32-сі Buy және outperform рейтингтерін қойған. Олардың қатарында Jefferies экономистері бар: олар 6 мамырда Xiaomi акцияларының нысаналы бағасын 63,25-тен 69,5 гонконг долларына дейін көтеріп (қазіргі бағадан 37 % жоғары), Buy рейтингін растады. Тағы үш аналитик қағаздарды ұстауға (Hold), екеуі сатуға (Underperform және Sell) кеңес береді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары