Трамптың дәрі бағасын түсіру туралы жарлығы фармкомпания акцияларына әсер етпеді

Инвесторлар Ақ үйдің дәрі-дәрмек бағасын шектеуге қатысты бастамасы нәтиже беретініне күмәнмен қарайды.
АҚШ-та кейбір дәрі-дәрмектердің бағасын шектеуді көздейтін Дональд Трамптың жарлығына қарамастан, фармацевтикалық компаниялардың акциялары саудада өсім көрсетті. АҚШ президенті бұл шешім дәрі бағасын 90%-ға дейін төмендетеді деп мәлімдесе де, Уолл-стрит сарапшылары бұл саясатты жүзеге асыру оңай болмайтынын айтады.
Егжей-тегжейі
Дүйсенбі күні таңертең Трамптың жарлығы жарияланбастан бұрын Еуропа мен АҚШ фармкомпанияларының акциялары арзандаған болатын. Алайда кейін олар қайта қымбаттап, инвесторлар Трамптың бастамасы мәлімделгендей тиімді болмайды деп шешкен, деп жазады MarketWatch.
АҚШ-та Johnson & Johnson компаниясының акциялары 0,3%-ға, Eli Lilly – 2%-ға, AbbVie – 3,5%-ға өсті. Amgen құнды қағаздары 3%-ға, Bristol Myers Squibb – 2%-ға, Novo Nordisk-тің депозитарлық қолхаттары – 1,8%-ға жоғарылады.
Францияның Sanofi компаниясының Париж қор биржасындағы акциялары 2,4%-ға қымбаттады, ал Лондонда AstraZeneca 0,3%-ға өсті.
Фармацевтика секторындағы биржалық қорлар да оң динамика көрсетті: iShares Biotechnology ETF – 4%-ға, Invesco Pharmaceuticals ETF – 2,2%-ға өсті.
Не болды?
12 мамыр күні Дональд Трамп кейбір дәрі-дәрмектердің бағасын төмендетуге бағытталған жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, АҚШ-тағы дәрі бағасы дамыған елдердегі төмен бағалармен сәйкестендірілуі тиіс. Алайда жарлықта нақты қандай дәрілерге және қай елдерге қатысты екені ашық көрсетілмеген.
Сауда министрлігі мен АҚШ-тың сауда өкілі өзге елдердің бағаны әдейі төмендету тәсілдеріне жол бермей, «АҚШ науқастарының дәріні делдалсыз, тікелей өндірушіден сатып алуына мүмкіндік беретін тетік құруы тиіс».
Келесі 30 күн ішінде Ақ үй өкілдері фармацевтикалық компаниялармен нақты қандай дәрілердің бағасы қандай болу керектігін талқылайды, деп мәлімдеді MarketWatch-ке берген сұхбатында Medicare және Medicaid қызметтері орталығының жетекшісі Мехмет Оз.
CNBC мәліметінше, Трамп баспасөз мәслихатында АҚШ-тағы дәрі бағасы 59–80%, тіпті 90%-ға дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты.
Бұл нені білдіреді?
CNBC жазуынша, бұл жарлық арқылы Трамп бірінші президенттік мерзімінде ұсынған «ең қолайлы шарт» қағидасын қайтармақ. Оның мәні – Medicare бағдарламасы дәрі үшін өзге дамыған елдерден артық төлемеуі керек. Себебі сол елдерде бұл препараттар бірнеше есе арзан тұрады. Жаңа жарлық 2020 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды өзгерістерді қамтиды, дейді Ақ үй шенеуніктері.
Дегенмен құжатта нақты қандай дәрілер мен компаниялар жарлық аясында болатыны және ол тек мемлекеттік бағдарламаларға (Medicare, Medicaid) ғана қатысты ма, әлде басқа да дәрілерді қамти ма – белгісіз.
Mizuho Securities компаниясының денсаулық сақтау саласы бойынша стратегi Джаред Хольцтың пікірінше, инвесторларды ең алдымен миллиардтаған табыс әкелетін, әсіресе Medicare бағдарламасы арқылы өтелетін дәрілердің тағдыры алаңдатады, деп жазады Bloomberg.
Jefferies Japan аналитигі Стивен Баркердің айтуынша, АҚШ-тағы дәрі-дәрмек сатылымының 40%-ы Medicare мен Medicaid арқылы өтеледі. Сондықтан бағаның төмендеуі фармацевтикалық сектор табысына «орасан зор» әсер етуі мүмкін, деп ескертеді ол.
Сонымен қатар Уолл-стриттегі кей сарапшылар мен аналитиктер Трамп бастамасының жүзеге асуына күмәнмен қарайды. JPMorgan сарапшылары 12 мамырдағы талдауында бұл саясатты іс жүзінде іске асыру қиын болатынын, ол үшін Конгресс мақұлдауы қажет болуы мүмкін екенін және түрлі құқықтық кедергілер туындайтынын атап өткен, деп хабарлайды CNBC.
Контекст
АҚШ – әлемдегі дәрі-дәрмек бағасы ең қымбат ел. Салалық өкілдер мұны жаңа емдеу әдістері мен инновацияларды қаржыландыру қажеттілігімен түсіндіреді. Barron’s жазуынша, АҚШ-та брендті рецептілі дәрілердің бағасы басқа дамыған елдерден орта есеппен 422%-ға жоғары. Бұл дерек 2024 жылы АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі тапсырысымен жасалған есепке сүйеніп берілген.
Дәрі өндірушілер қазіргі баға жүйесінің өзгеруі табыс көлемінің азаюына және жаңа препараттарды жасаудың баяулауына әкелуі мүмкін екенін айтады. Алайда Трамп бұл уәжбен келіспейтінін, америкалықтар дәрілерге «еш негізсіз» тым көп ақша төлеп отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Трамп кейбір саладағы дәрі-дәрмектерге сауда бажын енгізуді де уәде етті. Бұл шаралар жақын арада жариялануы мүмкін.








