Tesla төрағасы Масктың ескертуіне қарамастан акцияларын сатуда. Инвестор үшін таңдау

Tesla директорлар кеңесінің төрағасы соңғы алты айда компания акцияларын сату арқылы 198 млн доллар тапты, ал барлық жұмыс істеген кезеңінде оның табысы — жарты миллиард доллардан асты. Кейбір акционерлер бұл сатылымды директорлар кеңесінің төрағасы компанияның болашағына сенімсіздік танытқанын көрсететін белгі ретінде қабылдайды. Сарапшылар да Tesla-ның болашағына қатысты соңғы уақытта барған сайын пессимистік көзқарас білдіре бастады. Уолл-стриттегі консенсус-бағалау бойынша, қазір компания акциялары артық бағаланып отыр.
Егжей-тегжейлі
Tesla директорлар кеңесінің төрағасы Робин Денхолм соңғы алты айда компания акцияларын сату арқылы $198 млн табыс тапқан, деп жазады The New York Times. Ол кеңестегі жұмысы үшін төмен бағамен акция сатып алып, сол күні нарықтағы қымбат бағамен сатқан. Мысалы, өткен аптада Денхолм 112 мыңнан аса акцияны $24,73 бағамен сатып алып, оларды бірден $270-тан жоғары бағамен сатқан. Бұл келісімдер 2023 жылдың шілдесінде жарияланған сауда жоспары аясында жасалған, дәл сол кезде Илон Маск Дональд Трампты ашық қолдаған еді. Сарапшылардың пікірінше, Масктың бұл қадамы Tesla-ның электромобильдеріне деген сұранысты төмендетіп, 2025 жылдың бірінші тоқсанында компания табысы соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп кеткен.
The New York Times есептеуінше, Робин Денхолм бүгінде Tesla-ның 1,4 млн-нан аса акциясын сатқанымен, әлі де шамамен 85 мың акциясы мен 49 мың опционы бар. Ол 2018 жылы директорлар кеңесінің төрағасы болғаннан бері акция сатудан $530 млн-нан аса пайда тапқан — бұл АҚШ-тағы өзге алпауыт компания басшыларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мұндай сатылымдар Денхолмның Tesla-ның болашағына қаншалықты сенетіні туралы сұрақ тудырып отыр. «Компания директорлар кеңесінің төрағасы акциядан құтылып жатса, бұл оның болашағына сенімділік білдіреді деу қиын», — деді New York Times-қа Нью-Йорктегі бес зейнетақы қорын басқаратын Брэд Ландер. Бұл қорлардың иелігінде Tesla-ның 3 млнан аса акциясы бар.
Наурызда Илон Маск акциялар үш айда 40%-ға құнсызданған соң, қызметкерлерге оларды сатпай ұстап тұруды ұсынды.
Сарапшылар пікірі
Tesla акцияларын Денхолм үлгісімен сатуға қазір кейбір сарапшылар да кеңес беріп отыр — мысалы, UBS банкі. 13 мамырда банк компания акцияларына қатысты Underweight (төмен үлесте ұстау) рейтингін сақтап қалды, деп хабарлайды CNBC.
Сәуір айындағы қолжетімді деректер бірінші тоқсандағы әлсіз нәтижелерден кейін сату көлемінің қалпына келе бастағанын көрсетпейді. Банктің бақылауындағы үш негізгі нарық бойынша Tesla жеткізілімі жылдық есепте 18%, ал наурызбен салыстырғанда 49% азайған. «Бұл әлі алдын ала мәліметтер, бірақ тоқсанның әлсіз басталуы екінші тоқсандағы жеткізілімдерге қатысты консенсус-болжамға қауіп төндіреді», — деп ескертті UBS сарапшылары.
Goldman Sachs сарапшысы сол күні Марк Делани компания акцияларына арналған мақсатты бағаны $235-тен $295-ке дейін көтерді, бірақ рейтингті бейтарап күйінде қалдырды. Оның жаңа таргеті Tesla акцияларының соңғы жабылу бағасынан 7%-дан аса төмендейтінін көрсетеді. Делани Tesla-ның Қытайда толық автономды жүргізу жүйесін (FSD) және роботакси жобасын іске асыруы болашақта компанияның бағасын қолдауы мүмкін екенін атап өтті. Алайда, ол бұл технологияның потенциалы болғанымен, әлі 100%, дайын емес екенін ескертті. Сарапшы атап өткен өзге де тәуекелдердің қатарында, әсіресе Қытай нарығында, жоғары бәсекелестік пен реттеуші кедергілер бар.
Өткен аптада Jefferies инвестициялық банкі Маск басқаратын компанияның акцияларына бейтарап рейтингті растады, ал олардың мақсатты бағасы — $300, бұл 12 мамырдағы жабылу бағасынан 5,7% төмен. Сарапшылардың айтуынша, маусымда Остинде іске қосылатын роботакси қызметінің арқасында Tesla технология саласындағы бұрынғы позициясын қалпына келтіре бастаған. Дегенмен, олар бұл жобадан елеулі табыс 2026 жылдың ортасына дейін болмайды деп есептейді. Jefferies пікірінше, қазіргі уақытта Tesla-ның басты артықшылығы — технологиялық басымдығы емес, өндірісті жедел ұлғайта алу қабілеті. Бұл әсіресе бәсекелестердің автономды көлік жобаларын белсенді дамытуы аясында маңызды. Сонымен қатар, сарапшылар Илон Масктың көшбасшылығы мен рөліне қатысты пікірталастарға қарамастан, Tesla миссиясы оның жеке тұлғасынан әлдеқайда кең екенін атап өтті.
MarketWatch деректеріне сәйкес, Tesla акцияларына 57 сарапшы рейтинг берген. Ең жиі ұсынылатын кеңес — бұрынғысынша «сатып алу» (23 сарапшы — Buy, тағы 7-еуі — Overweight). Бейтарап көзқараста қалған — 16, қолдағы акцияларды портфельде ұстауға кеңес береді. Ал инвесторларға акциядан құтылуды ұсынады — 11 сарапшы. Уолл-стриттің консенсус-бағасы — $305,8, бұл 12 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда Tesla нарықтық құны тағы 4% төмендейді деген болжамды білдіреді.
Tesla акциялары 13 мамырдағы сауда-саттықта шамамен 6% өсті, бұл ақпан айының соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда осы өсімге қарамастан, компанияның нарықтық құны жыл басынан бері әлі де 17%-дан аса төмен. Салыстырар болсақ, АҚШ-тың кең ауқымды S&P 500 индексі АҚШ пен Қытай арасындағы уақытша сауда келісімінен кейін шығындарын өтеп, аз да болса өсімге шықты.








