БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Hertz акциялары 17% құлдырады. Компания Билл Экманның үмітін ақтай ала ма?

Юлия Котова

Юлия Котова

Oninvest жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
Hertz акциялары 17% құлдырады. Компания Билл Экманның үмітін ақтай ала ма?

АҚШ-тағы ең ірі автокөлік жалдау қызметтерінің бірі — Hertz компаниясының акциялары Уолл-стриттің күткен нәтижесін ақтамаған тоқсандық есебінен кейін күрт арзандады. Қазіргі таңда компания акциялары миллиардер әрі жаңа ірі акционер Билл Экман 2029 жылға болжаған бағадан 420% төмен. Бірақ Уолл-стритте оның бұл есептеріне күмәнмен қарайды — инвесторлардың жартысына жуығы компания акцияларын шорттап отыр.

Егжей-тегжейлі

Нью-Йоркте 13 мамыр күнгі сауда нәтижесінде Hertz компаниясының акциялары 16,9% арзандады. Кешкісін компания бірінші тоқсанда әр акцияға шаққандағы шығын $1,12 болғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш күкеннен әлдеқайда нашар болды — Bloomberg дерегінше, сарапшылар орта есеппен 99 цент шығын болады деп болжаған. Hertz табысы 13% төмендеп, $1,8 млрд-қа жеткені туралы есеп берді (сарапшылар $2 млрд күтті) және АҚШ-қа келетін шетелдік туристер мен корпоративтік, мемлекеттік клиенттер тарапынан сұраныстың азайғанын мойындады.

Қазір Hertz акцияларының бағасы $6-дан төмен, ал 2021 жылы банкроттықтан шыққаннан кейін олардың бағасы $46-ға дейін көтерілген болатын. Barron’s басылымының жазуынша, егер жақында жаңа ірі акционер шықпағанда, акциялар бұдан да арзандауы мүмкін еді. Сәуір айында миллиардер Билл Экман күтпеген жерден Hertz компаниясындағы үлесін жария етті. Ол өзінің Pershing Square хедж-қоры өткен жылдан бастап Hertz-ке инвестиция сала бастағанын және компанияның шамамен 20%-ын иеленгенін айтты. Бұл жаңалық басқа инвесторлардың назарын аударып, компания акциялары 50%-дан аса өскен еді.

Экман неліктен Hertz-ке сенеді?

Миллиардер өз уәждерін X әлеуметтік желісіндегі парақшасында егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Оның болжамынша, 2029 жылға қарай Hertz акциялары $30-ға дейін өсуі мүмкін — бұл қазіргі бағамен салыстырғанда 420% жоғары.

Экман негізі АҚШ-тың Дональд Трамп әкімшілігі енгізген автокөлік пен қосалқы бөлшектер импортына қатысты баждарға үмітін байлап отыр. Pershing Square қорының есебінше, егер қолданыстағы автокөліктер баждар кесірінен 10% қымбаттаса, Hertz автопаркі құны $1,2 млрд-қа өседі (автопарк 500 мыңнан астам көліктен тұрады және қазіргі бағамен $12 млрд-қа бағаланады). Бұл сома компанияның қазіргі нарықтық капитализациясының жартысынан көп.

Сәуір айындағы жазбасында Экман жақын арада компанияның қаржылық көрсеткіштері әлсіз болуы мүмкін екенін мойындаған. Бірақ Hertz үшін ең қиын кезеңдер артта қалды және алдағы орта мерзімді перспективада компания тұрақты табыс өсімін көрсетеді деп сендірген.

Экманнан кейін Hertz акцияларын сатып алған жөн бе?

Hertz-тің табысқа жету жолы ұзақ болады, деп ескертеді Barron’s басылымы. «Олардың алда атқаратын жұмысы көп, әрі бәрі өз қолдарында емес», — деді Deutsche Bank сарапшысы Крис Воронка.

Негізгі тәуекелдердің бірі — компанияның $5 млрд-тан асатын қарызы. Сарапшысының есептеуінше, автопаркті жаңартуға кететін шығындарды қоспағанда, тек пайыздық төлемдер мен бизнеске инвестиция үшін Hertz-ке жылына $500 млн қажет. Бұл табыс табуға мүмкіндік қалдырмайды деуге болады.

Тағы бір мәселе — автопарк стратегиясы. 2021 жылы банкроттықтан шыққаннан кейін Hertz тұтынушылар электромобильдерді белсенді жалдайды деген үмітпен Tesla-ның 100 000 көлігін сатып алған болатын. Алайда бұл жоспар іске аспады — электромобильдердің техникалық қызметі қымбат болып шықты, ал жалдаушылар оларды қуаттау қиындығына байланысты қызығушылық танытпады. 2024 жылы Hertz қолданыста болған Tesla көліктерін жеңілдікпен сата отырып, $2,8 млрд шығынға ұшырады.

Hertz-тің жағдайы одан әрі нашарлай түсті, себебі компания акцияларды кері сатып алу үшін қарыз алған, ал бұл автокөлік жалдау бизнесін дамытуға қажетті қаражатты азайтты. «Олар бүкіл қаражатты акцияларды сатып алуға жұмсады, ал қазір EBITDA айтарлықтай қысқарған, қарызы үлкен», — деді Barron’s басылымына Oppenheimer компаниясының сарапшысы Йан Заффино.

Бұған қоса, Экман үміт артып отырған Трамптың баждары қосарлы әсер етуі мүмкін, деп ескертеді Barron’s. Баждар бір жағынан қолданыстағы көліктердің құнын арттыруы мүмкін болса, екінші жағынан техқызмет, жөндеу мен сақтандыру шығындарын да көбейтуі мүмкін. Салдарынан Hertz автопаркті әр 2–3 жыл сайын жаңартқан жағдайда жаңа көліктерге көбірек қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Егер баждар туризмге теріс әсер етсе немесе АҚШ экономикасын рецессияға әкелсе, қолданылған көліктердің қымбаттауы компанияға айтарлықтай пайда әкелмейді.

«Hertz секілді автокөлік жалдаумен айналысатын сервистердің қызметті оңтайландыруға мүмкіндігі шектеулі, ал сақтандыру шығындары үнемі өсіп келеді», — деді EDS Service Solutions консалтинг компаниясының вице-президенті Роберто Монтес. Ол Экманның болжамына күмәнмен қарайды.

«2029 жылға дейін акциялар $30 болады дейсіз бе? Ол үшін сиқырға, мінсіз сценарийлерге және шексіз оптимизмге сүйену керек», — деп түйіндеді ол.

Hertz компаниясы екінші тоқсанда түзетілген EBITDA бойынша шығынсыздық деңгейіне жетіп, үшінші тоқсанда таза пайдаға шығамыз деп күтеді. Алайда Уолл-стрит сарапшылары әзірге пессимистік көзқараста қалып отыр: MarketWatch дерегінше, алдағы 12 айдағы Hertz акцияларына берілген орташа мақсатты баға — $3,74, бұл қазіргі бағадан 35% төмен. Компания акцияларының жартысына жуығы қысқа позицияда тұр, деп атап өтті Barron’s.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары