БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Люкс нарығындағы құлдырау: Инвесторлар қандай акцияларға үміт артқаны жөн?

Юлия Котова

Юлия Котова

Oninvest жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
Люкс нарығындағы құлдырау: Инвесторлар қандай акцияларға үміт артқаны жөн?

2025 жылы әлемдегі сән-салтанат тауарларының сатылымы 2–5%-ға төмендейді. Бұл туралы Bain атты консалтингтік компания хабарлады. Сарапшылар бірнеше ай бұрын ғана шағын өсім болады деп болжаған еді. Алайда қазір олардың пікірі күрт өзгерді. Нарықта бағаның шектен тыс өсуінен тұтынушылар шаршаған, сондықтан брендтердің бағаны әрі қарай көтеруі қиын.

Нақтырақ айтқанда

Bain компаниясы люкс секторы бойынша болжамын едәуір нашарлатты, деп жазады Reuters. 2025 жылы олар сатылым 2–5%-ға қысқарады деп отыр. Ал 2024 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейде қалады немесе 4%-ға өседі деп күтілген. Bain-нің дерегінше, 2024 жылы люкс тауарлар нарығы 1%-ға азайған.

Компанияның мәлімдеуінше, сән-салтанат нарығы бірнеше бағытта «тұрақсыздыққа» тап болды. Тұтынушыларға экономикалық белгісіздік пен бағаның үнемі өсуі ауыр тиіп жатыр. Сонымен қатар, олар брендтерден тың, шығармашылыққа бай өнімдер күтеді. Bain жүргізген сауалнамаға сәйкес, сәнді бұйым сатып алушылардың 75%-ы импорт салығына қарамастан, люксқа жұмсайтын қаражатын қысқартпайтынын айтқан. Бірақ соңғы бір жылда шығындарын азайтқан тұтынушылардың жартысына жуығы бұл қадамға бағаның өсуінен барғанын мойындаған.

Брендтер не істеп жатыр?

Бағалар төмендейді деп үміттенудің қажеті жоқ. Керісінше, сәнді тауарлар одан әрі қымбаттайды. Себебі компаниялар импорттық салықтардан туындаған шығындарын өтемек. Barron’s мәліметінше, француздық Hermès сән үйі мен италиялық Brunello Cucinelli бренді бағаның көтерілетінін ескертті. Prada және Gucci брендіне иелік ететін француздық Kering тобы импорт салығының нақты мөлшері анықталғаннан кейін ғана баға саясатын қайта қарастыратынын айтты.

UBS-тің есебінше, Еуроодақ пен Швейцариядан АҚШ-қа импортталатын тауарларға салынатын салық еуропалық люкс брендтерін АҚШ-та орта есеппен 6%-ға бағаны көтеруге мәжбүр етуі мүмкін. Citi деректеріне сәйкес, Gucci, Chanel және Cartier биыл наурызда кейбір тауарларының бағасын 5–6%-ға көтеріп үлгерді.

Reuters-тің жазуынша, кейінгі жылдары шығындарын тұтынушыларға артқы есікпен өткізуге тырысқан брендтер қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе пандемиядан кейін сұраныс артқан тұста көптеген бренд бағаны тым белсенді көтеріп жіберді. UBS дерегінше, 2010 жылдан бері Chanel-дің классикалық сырмалы конверт-сөмкесі үш есеге, ал Lady Dior мен Louis Vuitton-ның Keepall сөмкелері екі еседен аса қымбаттаған.

HSBC сарапшысы Эрван Рамбур бұл құбылысты «ашкөзфляция» деп атайды: «Соңғы бір жылда біз үнемі осы жайтты айтумен келеміз — сіздер шектен шықтыңыздар: тым тез, тым көп, тым биік. Соңында өз брендіңізге қызығушылық танытқан тұтынушыдан айырылып қалдыңыздар», — дейді ол.

Инвесторларға қандай брендтерге назар аудару керек?

Сарапшылардың айтуынша, сән-салтанат нарығында швейцариялық Richemont компаниясы (Cartier, Van Cleef & Arpels, Montblanc брендтерінің иесі) мен француздық Hermès алдыңғы қатарда.

TD Cowen компаниясының сарапшысы Оливер Ченнің пікірінше, қысқа мерзімде зергерлік бұйымдар басқа санаттарға қарағанда тұрақтырақ болады. Ол Richemont-ты басты фавориті санайды. Себебі, соңғы екі жылда Cartier мен Van Cleef бағаны тым агрессивті түрде көтермеген, бұл оларға болашақта көбірек маневр жасауға мүмкіндік береді.

Citi сарапшысы Тома Шове де Richemont-пен қатар Hermès акцияларын ұсынады. Оның айтуынша, Hermès бәсекелестеріне қарағанда АҚШ нарығына азырақ тәуелді. Jefferies талдаушылары да Hermès-ті нарықтағы тұрақсыз жағдайда «қауіпсіз аймақ» деп атады. Олар брендтің АҚШ-тағы сұраныс азайған кезде де баға саясаты арқылы басқалардан озып шығуға мүмкіндігі жоғары деп есептейді.

Ал «АҚШ брендіне инвестиция салғысы келетіндерге» Barclays сарапшысы Адриенна Йих Tapestry компаниясын (Coach және Kate Spade брендтерінің иесі) ұсынады. Бұл компанияның тұтынушылары – жас әрі төлем қабілеті орташа адамдар болғанымен, олар тауарды толық бағасына алуға дайын. Бұл Tapestry-ге баға саясатын икемді жүргізуге жол ашады. Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, қымбат сөмкелерден қолжетімді сегментке ауыса бастаған тұтынушылар да осы брендке бет бұруы мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары