Кванттық Rigetti: өсуге баға кедергі ме?

Кванттық есептеу саласындағы алғашқы ойыншылардың бірі — Rigetti Computing компаниясының орташа капитализациялы (mid-cap) акциялары «шарықтаған» бағамен саудаланып жатыр, деп жазады The Motley Fool. Бұл қысқамерзімді перспективада акциялардың өсуін тежеуі мүмкін. Алайда, соңғы баға құлдырауынан кейін, бұл акциялар ұзақмерзімді инвесторлар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
Nasdaq-тағы Rigetti компаниясының нарықтық құны $3,38 млрд-ты құрайды. The Motley Fool-дың есебінше оның акциялары 2025 жылға жоспарланған табыстан 237 есе, ал 2026 жылғы табыстан 99 есе жоғары бағамен сатылып жатыр. Уолл-стрит сарапшыларының болжамы бойынша компанияның табысы биыл $14 млн-ды, ал 2026 жылы 140%-ға өсіп, $33,6 млн-ды құрауы мүмкін.
Басылым компания бағасын «шамадан тыс жоғары» деп сипаттайды және бұл бағаның қысқа мерзімде өсуге кедергі болатынын айтады. Бірақ 10–20 жылға инвестициялайтындар үшін Rigetti акциялары — тиімді мүмкіндік.
Rigetti туралы не белгілі
The Motley Fool Rigetti-ді кванттық есептеу бойынша «әмбебап дүкен» деп атайды. Компания кванттық процессорлар (QPU) жасап, Forest атты бұлтты платформасын ұсынады. Бұл платформа арқылы басқа компаниялар өздерінің кванттық қосымшаларын дамыта алады. Оның серіктестері қатарында — мемлекеттік ұйымдар, университеттер және бизнес бар.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Rigetti табысы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 52%-ға азайып, $1,47 млн-ды құрады. Бұл консенсус-прогноздан әлдеқайда төмен болды: сарапшылар тек 8%-ға төмендеуді күткен. Басылым мұны кванттық нарықтағы бәсекенің күшеюімен және Rigetti-дің ірі келісімшарттарды иеленудегі қиындықтарымен байланыстырады.
Сол тоқсанда компанияның таза пайдасы $42,6 млн болды, ал 2024 жылдың алғашқы тоқсанында ол $20,8 млн шығын көрген еді. Алайда бұл пайда $62,1 млн көлеміндегі есепті (ақшалай емес) табысқа байланысты. Онсыз компания шығыны $19,5 млн шамасында болар еді. The Motley Fool бұл компанияның 2025 жыл соңына дейін пайдада қалатынына сенудің қажеті жоқ дейді.
Акциялар қалай қозғалды?
Қаржылық есеп жарияланған 13 мамыр күні Rigetti акциялары 15%-ға құлдырады, бірақ келесі күні бірден 18%-ға өсті. Сол аптада Craig-Hallum инвестициялық компаниясы акциялар бойынша мақсатты бағаны 16%-ға өсіріп, $14 деңгейінде белгіледі және «сатып алуға кеңес береміз» деген рейтингін растады (Insider Monkey).
Сарапшылар не дейді?
MarketWatch дерегінше Rigetti-ді бақылап отырған алты сарапшының барлығы бір ауыздан бұл акцияларды сатып алуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $14,8, бұл қазіргі бағадан 27%-дан астам өсу мүмкіндігін білдіреді.








