«2027 жылға дейін өсім жалғасады»: GTA VI кешіксе де, инвесторлар Take-Two-ға сенеді

Америкалық Take-Two Interactive Software компаниясының көптен күткен Grand Theft Auto (GTA VI) ойынын кейінге қалдыруы инвесторларды қорқытқан жоқ. Take-Two табысының едәуір бөлігін әкелетін бұл франшизаның келесі жылы ғана шығатынына қарамастан, компания акциялары мамыр айының басында тіркелген рекордтық көрсеткіштен сәл ғана төмен саудаланып жатыр. Ал жыл басталғалы бері құны төрттен бірге өсті. Бірқатар сарапшылар бұл қағаздарды қауіпсіз активтер қатарына жатқызады.
Егжей-тегжейлі
Take-Two компаниясы көптен күткен GTA франшизасының алтыншы бөлімінің шығуын келесі жылға шегергеніне қарамастан, оның акциялары мамыр айының басындағы рекордтық көрсеткіштен небәрі 2,4%-ға ғана төмен саудаланып жатыр, деп жазады Bloomberg. Жыл басымен салыстырғанда Take-Two акциялары шамамен 25% қымбаттап, компания Nasdaq 100 индексіндегі ең үздік 10 ойыншының қатарына енді.
Нарықтағы құбылмалылық фонында видеойын өндірушілерінің акциялары жағымды көрініп тұр: Goldman Sachs-тың видеойын шығарушылары индексі жыл басынан бері 30%-дан аса өсті, ал Nasdaq 100 индексі небәрі 1,5% ғана артты.
Бейсенбі, 15 мамырдағы премаркетте Take-Two акциялары шамамен 0,5% арзандады. Ал бір күн бұрынғы сауда қорытындысы бойынша олар 1,5% қымбаттады.
Take-Two акцияларына әсер ететін факторлар
«Бүкіл ойын индустриясын Netflix сияқты қауіпсіз [инвестиция] санатына жатқыза алмаймыз, бірақ Take-Two-ға дәл солай қарауға болады: оған кедендік баж салығы дерлік әсер етпейді, ал компанияның өнімдік желісі соншалықты мықты, жаңа контент есебінен болатын өсу кез келген теріс сценарийден басым түседі», — дейді Gabelli Funds портфель менеджері Алек Бокканфузо. Take-Two акциялары — оның негізгі инвестициялық позицияларының бірі.
GTA VI релизінің кейінге қалдырылуы акция бағасының құлдырауына себеп болды, дегенмен бұл қадам есепті кезең нәтижелеріне қатысты тәуекелдерді азайтты. Әсіресе, Take-Two компаниясы 2026 және 2027 жылдары таза брондаулардың (табыс көрсеткішінің негізгі метрикасы) бірізді өсімі мен рекордтық деңгейін күтетінін ескерсек, бұл маңызды, дейді Bloomberg. «Биылғы Take-Two раллиі компанияның есебіне жоғары үміт көрсетіп отыр, бірақ мен бұл акцияларды әлі де өте тартымды деп есептеймін», — дейді Amplify ETFs компаниясының өнім әзірлеу және басқару жөніндегі вице-президенті Нейт Миллер.
Компания 2025 қаржы жылының төртінші тоқсанына арналған есебін 15 мамырда ұсынады.
Бірнеше рет кейінге шегерілген бұл ойын онжылдықтың ең ірі релиздерінің бірі болмақ деп күтілуде: Bloomberg Intelligence бағалауынша, ол алғашқы жылы 2 млрд долларға дейін таза табыс әкелуі мүмкін. Бұл кірістер енді келесі жылға шегерілгеніне қарамастан, Уолл-стрит сарапшылары Take-Two компаниясы нарықтағы жоғары белгісіздік жағдайында да жақсы позицияда тұр деп есептейді.
«Әрине, GTA биыл шықса жақсы болар еді, — дейді Gabelli Funds өкілі Бокканфузо. — Бірақ бұл ойынға деген қысым бұрын-соңды болмаған деңгейде: шикі күйде шығарып, қолданушылардың жағымсыз реакциясына ұшырағаннан сақтанып, релизді кейінге қалдырып, мінсіз деңгейге жеткізу әлдеқайда дұрыс». Бокканфузоның айтуынша, бұл ойыннан түсетін табыс жоғалған жоқ, тек кейінге шегерілді, ал «компанияның брондаулар бойынша болжамдары соншалықты күшті, инвесторлар релизді сабырмен күтеді».
Инвестор үшін маңызды
Take-Two компаниясы GTA ойынының релизін 2027 қаржы жылына шегеретінін жариялағаннан кейін, сарапшылар 2026 жылғы болжамдарын қайта қарады: соңғы бір айда консенсус-болжам бойынша таза пайда шамамен 32%, ал табыс 5,4% төмендеді. Осының нәтижесінде акциялар қымбатырақ бола түсті: қазір олар болжанған пайдаға шаққандағы 32 коэффициентімен саудаланып жатыр, бұл соңғы 10 жылдағы орташа мәннен (26) жоғары және видеойындардың тағы бір ірі шығарушысы Electronic Arts компаниясымен салыстырғанда (18) екі есе дерлік көп, деп атап өтеді Bloomberg агенттігі.
Болжамдар әлсірегеніне қарамастан, 2026 жылы Take-Two компаниясының табысы шамамен 40%-ға дейін жедел өседі деп күтілуде — бұл 2025 жылғы 5%-дан сәл асатын өсіммен салыстырғанда едәуір жоғары.
GTA VI ойынының кешіктірілуіне қарамастан, «Take-Two компаниясының 2027 жылға дейінгі болашағы өте оң, себебі алда бірқатар әсерлі ірі релиздер күтілуде», — дейді Wedbush сарапшысы Майкл Пактер (Bloomberg). Агенттік те GTA VI-ға деген қызығушылықтың әлі де ерекше екенін атап өтеді: өткен аптада жаңа трейлердің жарық көруі компания акцияларын қолдап, релиздің кешіктірілуі туралы жағымсыз жаңалықты біршама жұмсартты.
Сарапшылар жалпы алғанда компания акцияларына оң баға беріп отыр: MarketWatch дерегінше, 29 сарапшының 24-і акцияны сатып алуға немесе үлесті арттыруға кеңес береді (Buy және Overweight), қолда бар акцияны ұстай тұруды — 3 (Hold), ал екеуі сатуды (Underweight және Sell) ұсынады. Салыстыру үшін, бәсекелес Roblox компаниясының акцияларын 34 сарапшының сатып алуға кеңес бергені — 22 . Ал Electronic Arts акцияларына көзқарас одан да сақ: сатып алуға кеңес берді — 11 сарапшы, қалғандары бейтарап көзқараста.
Take-Two акциялары бойынша консенсус-болжам бағасы — 230,74 доллар. Бұл 14 мамырдағы жабылу бағасымен салыстырғанда 0,5% өсімді көрсетеді.








