Walmart баж салығына байланысты бағаның өсуін ескертті, бірақ пайда болжамын ұсынбады

АҚШ-тағы ең ірі сауда ритейлері Walmart-тың қаржы директорының мәлімдеуінше, компания осы айдың соңына қарай баж салығына байланысты бағаны көтеруі мүмкін. Қытай мен АҚШ арасындағы уақытша сауда бітіміне қарамастан, баж салықтарының деңгейі әлі де жоғары. Осы жағдайға байланысты ритейлер ағымдағы тоқсан бойынша пайда жөнінде болжам ұсынбады. Ал өткен тоқсан қорытындысы бойынша компанияның табысы соңғы бес жылда алғаш рет нарықтағы күтімнен төмен болды. Walmart акциялары 15 мамырда шамамен 2% арзандады.
Егжей-тегжейлі
Walmart-тың қаржы директоры Джон Дэвид Рейни, CNBC-ге берген сұхбатында сатып алушылар бағаның өсуін мамырдың соңында-ақ байқай бастауы мүмкіндігін, ал маусымда бұл үрдіс күшейетінін ескертті. Оның айтуынша, Қытай импортына салынатын баж салықтарының уақытша төмендегеніне қарамастан, олардың деңгейі әлі де жоғары. «Біз арзан бағаға бағытталғанбыз, бірақ шығындардың өсу ауқымы тым үлкен — ешбір ритейлер немесе жеткізуші оларды толық өтей алмайды», — дейді Рейни. Ол компанияның жеткізушілермен бірлесіп бағаны ұстап тұруға тырысып жатқанын, алайда бағаның мұндай жылдам әрі ауқымды өсуімен алғаш рет бетпе-бет келгенін айтты.
Walmart АҚШ-тағы тұтынушылардың қаржылық жағдайының индикаторы саналады. Сондықтан компанияның ашық мәлімдемесі нарық үшін маңызды белгі болды: егер әдетте шығындарды агрессивті түрде қысқарту арқылы бағаны төмен деңгейде ұстап тұратын алып компанияның өзі баға өсетінін айтып отырса, демек сауда соғысы бизнеске шын мәнінде қысым жасап жатқанын білдіреді, деп жазады Reuters.
Баж салығына қатысты белгісіздік аясында Walmart осы тоқсанға арналған операциялық пайда мен бір акцияға шаққандағы табыс бойынша болжам бермеді — ықтимал сценарийлердің ауқымы тым кең, деп мәлімдеді компания. CNBC мәліметінше, АҚШ-тағы Walmart өнімдерінің шамамен үштен бірі — импорттық, негізінен Қытай мен Мексикадан. Компанияның бас директоры Даг Макмиллонның айтуынша, ең үлкен қысымды Қытайдан келетін импортқа салынатын баж салығы тудырып отыр — әсіресе электроника мен ойыншықтар санатында.
Есепте не көрсетілді?
CNBC арнасы LSEG деректеріне сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Walmart-тың өткен тоқсандағы бір акцияға шаққандағы табысы сарапшылар күткеннен жоғары болды: 58 центтің орнына 61 цент. Алайда, 2020 жылдың ақпанынан бері алғаш рет компанияның табысы нарықтық болжамнан төмен түсті — $165,61 млрд, ал Уолл-стрит сарапшылары $165,84 млрд деп болжаған еді.
АҚШ-тағы Walmart дүкендеріндегі отын бағасын есепке алмағанда, салыстырмалы сату көлемі 4,5%, ал мүшелік жүйе бойынша жұмыс істейтін Sam’s Club дүкендерінде — 6,7% өсті. Онлайн-сатылымдар АҚШ нарығында 21%, ал халықаралық нарықта 22% ұлғайды — бұл қатарынан он екі тоқсан бойы екі таңбалы өсім көрсеткен нәтижелер. Орташа сатып алу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,8% артты, ал сатып алу саны 1,6%. Алайда CNBC атап өткендей, бұл көрсеткіштің өсімі қатарынан төртінші тоқсанда баяулап отыр.
Walmart тарихында алғаш рет электронды коммерция сегментінде — АҚШ-та да, шетелде де — таза пайдаға шықты. Бұл көбіне онлайн-жарнама мен сыртқы сатушыларға арналған маркетплейстер есебінен мүмкін болды.
Компания тоқсандық болжамнан бас тартқанына қарамастан, жылдық нұсқасын растады: Walmart табыстың 3–4% аралығында өсетінін күтеді, ал түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда $2,5–2,6 диапазонында болады деп болжайды. CNBC еске салғандай, осы сақтықпен жасалған болжам ақпанда жарияланған кезде-ақ Уолл-стритті біраз қобалжытқан.
Уолл-стрит не дейді?
Reuters агенттігінің жазуынша, сарапшылар Walmart бағаның өсуін уақытша тежеуге қауқарлы деп есептейді — бұл жеткізушілерге қысым жасау және операциялық тиімділікті арттыру арқылы мүмкін болмақ. Алайда бұл шаралар ұзаққа бармайды. Annex Wealth Management компаниясының бас экономисі Брайан Джейкобсеннің пікірінше, сұраныс сәл әлсіреуі мүмкін, бірақ күрт құлдырау болмайды. Оның айтуынша, жоғары белгісіздік жағдайында тоқсандық болжамнан бас тарту орынды шешім болды, ал жылдық бағдарды сақтау инвесторлар үшін оң белгі ретінде қабылданды: баж салығының әсері ұзақ мерзімді перспективада бәсеңдеуі мүмкін.
Telsey Advisory Group сарапшысы Джозеф Фелдманның айтуынша, кең тауар ассортиментінің арқасында Walmart баға өсімін икемді түрде қайта бөліп, оны тұтынушылар үшін аса байқалмайтындай ете алады. Компания баж салығының салдарын көп бәсекелестерге қарағанда тиімдірек еңсере алады.
Акциялардың жай-күйі
Walmart акциялары 15 мамырдағы сауда-саттықта 1,8% арзандап, $95 болды. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 5%-дан аса өсіп, АҚШ-тың кең ауқымды нарық индексі S&P 500-ден озық көрсеткіш көрсетті.








