Бұлтты жетістік пен қысқарту: Citi неліктен Microsoft акцияларының 20% өсімін күтеді

Citi инвестбанкі Microsoft акцияларының мақсатты бағасын көтерді және олардың 20% өсімін күтуде. Жаңа бағалау Azure бұлтты бизнесіне деген сенімді білдіреді және персонал шығындарының азаюын ескереді — Microsoft қызметкерлерінің 3%-ын қысқартып жатыр. Компанияның акциялары жыл басынан бері 7%-дан аса өсіп, негізгі қор индекстерінен озық нәтиже көрсетті.
Егжей-тегжейлі
Citi сарапшысы Тайлер Радке Microsoft акцияларының мақсатты бағасын $480-дан $540-ға дейін көтеріп, «сатып алу» рейтингін сақтап қалды, деп хабарлайды Barron’s. Citi ұсынған жаңа таргет 15 мамырдағы сауда жабылуындағы акция бағасынан шамамен 20% жоғары.
Сарапшының бұл шешіміне 30 сәуірде жарияланған технологиялық алпауыттың мықты тоқсандық есебі мен қызметкерлерді қысқарту жоспары әсер еткен. Microsoft кірісінің 13%, ал таза пайдасының 18% өскенін хабарлады — бұл Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан жоғары. Сондай-ақ, компания Azure бұлтты бөлімшесінің өткен тоқсандағы табыс өсімін мәлімдеді — 35%, бұл да күткеннен жоғары болды. Bloomberg атап өткендей, бұлтты қызметтерге деген сұраныс АҚШ-тағы сауда баждары мен экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан сақталып отыр. Microsoft-тың болжамынша, ағымдағы тоқсанда да 35%-ға дейін өсуі мүмкін.
Citi неліктен акцияларды сатып алуға ұсынады
Citi сарапшысы Тайлер Радкенің бағалауынша, Microsoft 13 мамырда жариялаған қысқартулардың арқасында жыл сайын операциялық шығындарын шамамен 4% немесе $2,5 млрд-қа азайта алады. Компания персоналдың шамамен 3%-ын, яғни бірнеше мың қызметкерді қысқартуда. Microsoft өкілі Barron’s басылымына бұл шаралар «қарқынды өзгеріп жатқан нарық жағдайында табысқа жетуге көмектеседі» деп мәлімдеді.
Сондай-ақ Citi сарапшысы АҚШ-тағы баж салығына байланысты экономиканың баяулау қаупі азайған тұста Azure бұлтты платформасының табыс өсімі бойынша келешегі күшті болып қала беретінін атап өтті. Бұған дейін банк Azure өсімі бойынша болжамын жылына 20%-ға дейін төмендеткен еді. Енді Citi 2 сәуірде Дональд Трамп енгізген баж салығына дейін жасалған болжамына қайта оралды.
CNBC агенттігі Радкенің жазбасынан мынадай үзінді келтірді: «Сауда кернеуінің бәсеңдеуі мен үшінші тоқсандағы тұрақты көрсеткіштерді ескере отырып, біз өсім бойынша болжамдарды сәуірдегі баж салығына дейінгі көрсеткіште қайтарамыз. Бұл нәтижелер Microsoft-тың корпоративтік секторға арналған генеративті ЖИ саласындағы көшбасшылығы оның нарықтағы құбылмалылыққа азырақ ұшырайтынын дәлелдейді. Біз Azure секілді негізгі көрсеткіштердің 2026 қаржы жылында 30%-дан жоғары өсім көрсетуін қайта болжап отырмыз».
Сарапшылар ұсынады
MarketWatch деректеріне сәйкес, Уолл-стриттегі бірде-бір сарапшы қазір Microsoft акцияларын сатуға кеңес бермейді, ал 90%-дан астамы инвесторларға оларды сатып алуға ұсынады. Акцияларға берілген орташа мақсатты баға олардың қазіргі көрсеткіштен шамамен 12% өсуін болжайды. Биыл Microsoft акциялары 7,5% қымбаттады, S&P 500 индексі небәрі 0,6% өсті, ал Nasdaq Composite 1% төмендеді.








