Meta флагмандық ЖИ моделін шегерді. Бұл саланың баяулап жатқанын білдіруі мүмкін

Meta Platforms (Facebook, Instagram және Meta AI қосымшасының иесі) Llama 4 Behemoth атты жетекші тілдік моделін әзірлеу барысында техникалық және ұйымдастыру саласындағы қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Соған байланысты өнімнің релизі бірнеше айға кейінге шегерілді. Компания басшылығы бұл модельді жалпы шығару қажет пе деген мәселе төңірегінде күмәнданып отыр. Жаңа модельдерді әзірлеуде қиындықтарға Anthropic пен OpenAI компаниялары да тап болған. The Wall Street Journal жазуынша, бұл жасанды интеллект саласындағы жалпы прогрестің бәсеңдеуін көрсетуі мүмкін.
Егжей-тегжейлі
Meta флагмандық Llama 4 ЖИ моделінің релизін қыркүйекке қалдырды. Бұл шешім компания ішінде салаға бөлініп жатқан млрд-таған инвестициялардың тиімділігіне қатысты алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды The Wall Street Journal дереккөздері.
Meta инженерлері Behemoth деп аталатын үлкен тілдік модельдің (LLM) мүмкіндіктерін аса жақсарта алмаған. Бұл компания қызметкерлері арасында оның алдыңғы нұсқалардан нақты артықшылығы бар ма және оны көпшілікке ұсынудың қаншалықты қажеті бар ма деген күмән тудырған.
Сәуір айында Meta Llama 4 Behemoth-тың алдын ала нұсқасын жуық арада таныстыратынын мәлімдеген болатын. Reuters агенттігінің жазуынша, компания бұл модельді «әлемдегі ең ақылды тілдік модельдердің бірі және бүгінгі күнге дейінгі ең қуатты нұсқамыз — жаңа модельдерге арналған ұстаз» деп сипаттаған. Meta бұл релизді сәуірде өткен өзінің алғашқы ЖИ әзірлеушілерге арналған конференциясына дейін үлгертіп шығарғысы келген. Алайда іс-шара кезінде компания қуаты төмендеу екі нұсқаны таныстырды — Llama 4 Scout пен Llama 4 Maverick. Behemoth моделі бойынша ішкі дедлайн маусым айына шегерілді. Ал қазір релиз кем дегенде күзге дейін шегерілді, деп хабарлайды WSJ дереккөздері.
Meta инженерлері мен зерттеушілері Behemoth моделінің өнімділігі бұрынғы мүмкіндіктеріне сай келмейді деп алаңдаулы. Компания бұл модельді ашық түрде мақтап, кейбір тест нәтижелері бойынша ол OpenAI, Google және Anthropic өнімдерінен асып түсті делінген. Компания ішінде модельдің тиімділігі — оқыту барысындағы мәселелерге байланысты шектеліп отырғаны мойындалады.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, компанияның жоғары басшылығы Llama 4 моделін әзірлеген команданың нәтижелеріне көңілі толмайды және Behemoth-тың кешігуіне оларды кінәлап отыр. Осыған байланысты Meta ЖИ өнімдеріне жауапты бөлімде кадрлық ауыс-түйіс жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Meta өкілі WSJ-ге пікір беруден бас тартты. 15 мамырдағы сауда-саттықта Meta акциялары 10%-ға дейін қымбаттағанымен, WSJ мақаласы жарияланғаннан кейін өсімнің бір бөлігін жоғалтып, күнді 8% өсіммен аяқтады.
Llama 4 моделінде қандай кедергі бар
WSJ жазуынша, Llama моделінің алғашқы нұсқасын Meta-ның Fundamental AI Research (FAIR) зерттеу тобы әзірлеген. Бұл топ негізінен PhD дәрежесі бар академиктерден құралған. 2023 жылдың басында олар алғашқы ЖИ-модельдер мен оған қатысты ғылыми зерттеу жұмысын жариялады. Алайда сол мақаланың 14 авторының 11-і бүгінде компаниядан кеткен. Кейінгі Llama нұсқаларын басқа команда әзірлеген.
Llama 4 моделдері бойынша мәселелер туралы бұған дейін The Information басылымы да хабарлаған. Сәуірде таныстырылған Scout және Maverick модельдері чат-боттар рейтингінде жоғары нәтиже көрсеткен. Алайда The Information дерегінше, кейінірек бұл бағалау үшін ұсынылған нұсқа — пайдаланушыларға ұсынылған финалдық модельден өзгеше болғаны анықталған. Рейтинг ұйымдастырушылары Meta компаниясы тестке арнайы оңтайландырылған үлгінің қатысқанын ашық көрсетуі керек еді деп мәлімдеді. Meta Platforms бас директоры Марк Цукерберг те бұл деректі мойындап, компания сыртқы бенчмаркке бейімделген үлгіні жолдағанын растаған.
ЖИ технологиялық шегіне жетті ме?
Жасанды интеллекттің басқа да жетекші әзірлеушілері флагмандық модельдердің шығуын кешіктірумен бетпе-бет келіп отыр. Кейбір зерттеушілер мұны саладағы серпілістер баяу жүруі мүмкін және оған орасан зор шығын қажет болатынының белгісі ретінде қарастырады.
Нью-Йорк университетінің мәлімет ғылымы орталығының ғылыми қызметкері, доцент Равид Шварц-Зив WSJ-ге: «Қазір барлық зертханаларда және барлық модельдер бойынша қазіргі даму қарқыны бәсең».
Мысалы, OpenAI компаниясы GPT-5 моделін 2024 жылдың ортасында шығарамыз деп жоспарлаған, бірақ желтоқсанда бұл жұмыс кестеден кешігіп жатқаны белгілі болды. Ақпанда компания GPT-5 болуы тиіс үлгіні технологиялық серпіліс болмаған соң GPT-4.5 ретінде таныстырды. Қазіргі уақытта ChatGPT жүйесінде GPT-4o негізгі модель ретінде қолданылуда. OpenAI — GPT-5 моделінің нақты шығу уақытына қатысты пікір білдірмеді.
Anthropic компаниясы былтыр Claude 3.5 Opus моделін жариялаған — бұл бұрынғы нұсқалардан ірі әрі қуатты үлгі. Ол әлі күнге дейін ресми түрде ұсынылған жоқ. Компания тек Opus «жақында жарыққа шығады», деп түсіндіруде.








