Ақ киттің ізімен: жасанды интеллект дәрігерді алмастыра ала ма?

Әлемде адамның өмір сүру ұзақтығы біртіндеп артып келеді. Бұл жалпы алғанда жақсы жаңалық. Егде жастағы адамдар саны көбейген сайын, денсаулық сақтау жүйелеріне салмақ түсуде. Ал бұл жүйелер қазірдің өзінде мүмкіндігінің шегінде жұмыс жасауда. Жағдайды жақсартуға деген үміт денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырумен байланысты, әсіресе жасанды интеллекттегі жаңғырудың арқасында. Билл Гейтс секілді кейбір оптимистер, ЖИ алдағы 10 жылда жаһандық дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі деп есептейді.
Қартаю толқыны
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2020 жылы жасы 60-тан асқан адамдардың саны 1 млрд-қа жетіп, 5 жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті. Болжамынша, 2030 жылға қарай қарттар саны 1,4 млрд-қа, ал 2050 жылы 2,1 млрд адамға жетпек.
АҚШ-та 1960 жылы 65 жасқа толған ер адамның өмір сүру ұзақтығы орта есеппен тағы 12,8 жылды құраса, әйел адам үшін бұл көрсеткіш 15,8 жыл болған. Ауруларды бақылау орталықтарының дерегінше, 2016 жылға қарай бұл көрсеткіш ерлер үшін 18 жылға, әйелдер үшін 20,6 жылға дейін ұзарған.
Қарт адамдар санының күрт көбеюін 2000-жылдардың басында «күміс цунами» деп атап кеткен. Бұл жарқын әрі есте қалатын тіркес кең таралып кетті, дегенмен кейбір сарапшылар оны саяси тұрғыда дұрыс емес әрі эйджистік (жас ерекшелігіне байланысты кемсітушілік) деп санайды. Generations порталының журналисі Ричард Айзенберг былай деп жазады: «Күміс цунами» тіркесін, әрине, 65 жастан асқан адамдар санының артуына қатысты естіген боларсыз. Бірақ бұрынғы АҚШ қартаю мәселелері жөніндегі көмекші министрі Кэти Гринли атап өткендей, “цунами — бұл жойқын апат пен адам шығынына әкелетін алып толқын”. Басқаша айтқанда, қарт адамдарды табиғи апат ретінде көрсету дұрыс емес». Дегенмен қалай атасақ та, мәселе жоғалып кетпейді. Денсаулық сақтау жүйелері бүкіл әлемде дағдарыс шегінде тұр, ал ДДСҰ 2030 жылға қарай 10 млн медицина қызметкері жетіспейді деп болжайды, деп жазады Дүниежүзілік экономикалық форумы.
Дағдарыстан шығудың кілті — медициналық көмектің өз моделін қайта қарау, тиімділікті арттыру, телемедицина мен үлкен деректерді талдауға және ЖИ-ді кеңінен қолдануға негізделуі тиіс деп санайды немістің ірі медициналық Fresenius компаниясының бас директоры Михаэль Сен. Ол бұл туралы ДЭФ сайтында жазды.
Денсаулық сақтау саласы — ауқымды әлеуетке ие нарық. Grand View Research зерттеу компаниясының мәліметінше, тек аурухана қызметтерінің өзі 2024 жылы $4,4 трлн болды, 2030 жылға қарай $5,7 трлн-ға дейін өсуі мүмкін.
Сондықтан да бұл салаға енуге тырысып жатқан технологиялық компаниялардың көптігі таңғаларлық жайт емес. Алайда бұл оңай шаруа болып шықпады.
Ақ киттің ізімен
ЖИ жаңғыруы 2022 жылы басталғалы бері технологиялық компаниялар аса оптимистік болашақ болжамдарын қарша боратты.
«ЖИ-дің денсаулық сақтау саласын жаһандық деңгейде түбегейлі өзгертуге әлеуеті бар», – деді Google компаниясының денсаулық сақтау жөніндегі бас маманы Карен ДеСальво 2024 жылдың наурыз айында өткен жыл сайынғы корпоративтік іс-шарада.
Oracle президенті Ларри Эллисон да ЖИ-дің медицинадағы болашағына үлкен сеніммен қарайтынын қаңтар айында Stargate атты мега-жобасына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
Ал ақпан айында осы тақырыпқа Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс те пікір білдірді. Оның айтуынша алдағы он жылда бұл технологияны қолдану бүкіл әлем бойынша медицина қызметкерлерінің созылмалы жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектеседі. «ЖИ келіп медициналық интеллект береді, сөйтіп тапшылық болмайды» (Business Insider). Дегенмен, бұл нақты қалай жүзеге асатынын Гейтс айтпады. Визионер ретінде оған болашақты болжауға болады, ал жүйелерді денсаулық сақтау саласына іс жүзінде енгізуге тырысып жатқан адамдар күрделі кедергілерге тап болуда.
«Денсаулық сақтау – технологиялық алпауыттар үшін бұрыннан бері ең қалаулы “олжалардың” бірі, нағыз “ақ кит” саналып келеді. Apple, Amazon және Google-дың бас компаниясы Alphabet — өз салаларында сөзсіз үстемдік орнатқан жаңашылдар — АҚШ-тағы денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі өзгертуге млрд-таған доллар жұмсады. Алайда бұл саладағы күрделілік пен орныққан жүйенің қуатын сезінген соң, олар өз амбицияларын шектеуге мәжбүр болды», – деп жазады Bloomberg. Басылым Oracle компаниясының Cerner атты цифрлық медицина жүйелерін жеткізушіні $28,3 млрд-қа сатып алуы да күткендей нәтижеге әлі жетпегенін атап өтті.
Markets and Markets зерттеу компаниясының мәліметінше, 2024 жылы жаһандық ЖИ медицина нарығы (оның ішінде фармацевтика да бар) шамамен $15 млрд құрады — бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ трлн-даған доллармен есептелетін аурухана қызметтері нарығымен салыстырғанда — теңізге тамған тамшыдай ғана.
Технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, ЖИ-ді медицинада қолдану басқа салалармен салыстырғанда «ортадан төмен» деңгейде қалып отыр, делінген Дүниежүзілік экономикалық форум зерттеуінде.
Бұған себеп тек техникалық қиындықтар ғана емес. Pew Research дерегінше, америкалықтардың 60%-ы егер медициналық қызмет көрсетушісі ЖИ-ге көп сүйенетін болса, өзін жайсыз сезінетінін айтқан.
«Денсаулық сақтау — ерекше сала», – дейді Bloomberg басылымына Emarketer компаниясының цифрлық медицинаны зерттейтін аға сарапшысы Раджив Левенталь.
Оны ерекше ететін не? Жауап қарапайым — бұл салада бәрі адамдарға байланысты.
Бәрі өтірік айтады
2023 жылы жасанды интеллект негізіндегі чат-бот ChatGPT, АҚШ-тағы медициналық лицензия алуға арналған тестте (USMLE) «шекті межеге жақын нәтиже көрсеткеніне» қарамастан, дәрігерлерді ЖИ-ге алмастыратын күн әлі алыста секілді.
Мұны бір таныс дәрігер мынадай мысалмен түсіндірді — ол диалог ойдан шығарылған, бірақ нақты пациенттермен болған әңгімелерге негізделген:
– Сізге бұрын ішкі ағзаға ота жасалды ма?
– Жоқ.
– Соңғы кезде құладыңыз ба?
– Жоқ.
– Дәрі ішіп жүрсіз бе?
– Жоқ.
– Ал мына тыртық қайдан?
– А-а, иә! 10 жыл бұрын аппендицит болған, ұмытып кетіппін.
– Аяғыңыздағы көгеру ше?
– Сатымен түсіп келе жатып құлап қалдым, онша маңызды емес.
– Ал мына сөмкеңіздегі дәрілер ше?
– Дәрігер жазып берген, жүйкеге. Ол «жеңіл дәрілер» деді.
Адамдар көбіне өз жағдайын нақты әрі толық сипаттап бере алмайды. Бірақ сол маңызды ақпаратты анықтап, дұрыс сұрақ қоя білу — дәрігер жұмысының негізгі бөлігі. Бұл эмпатия мен вербалды емес белгілерді түсіну қабілетін қажет ететін күрделі процесс. «ЖИ науқастан қажетті ақпаратты “шығаруды” үйренбейінше, өз орным үшін алаңдамаймын», – деп қорытындылады дәрігер.
Бұл жеке пікір. Ал егер нақты деректер керек болса — мына тәжірибеге назар аударыңыз. Гарвардта қызықты эксперимент жүргізілді. 2 мың нақты сипатталған клиникалық жағдай негізінде GPT-4.0 моделінен ЖИ-науқас жасалды. Ол емделуші ретінде өз жағдайын «ЖИ-дәрігерге» еркін диалог арқылы сипаттайды. Бұл рөлде OpenAI-дың GPT моделі, Meta-ның Llama және Mistral AI компаниясының Mistral моделі болды. Кейін сол диалогтар мен қойылған диагноздарды кәсіби дәрігерлер тексерді.
Қорытындысы қарапайым: «ЖИ-ге негізделген чат-боттар пациентпен сөйлесе отырып нақты диагноз қоя алмайды», – деп жазды 2025 жылғы қаңтарда New Scientist журналы. Яғни формалды тестілерден өтуге келгенде, әсіресе нақты сипаттама мен дайын жауап нұсқалары берілген жағдайда, ЖИ жоғары нәтиже көрсете алады. Бірақ еркін диалог барысында ол маңызды белгілерді бөліп алып, оларды салыстырып, дұрыс диагноз қоюда жиі қателеседі.
Зерттеу былай дейді: «GPT-4 моделінің диагноз қою дәлдігі 82%-ға жеткен — оған құрылымданған жағдай резюмесі ұсынылып, жауапты таңдау керек болған. Ал егер жауап нұсқалары берілмесе, дәлдік көрсеткіші 49%-ға дейін төмендейді. Ал симуляцияланған әңгіме негізінде диагноз қою қажет болғанда, бұл көрсеткіш бар болғаны 26%-ды ғана құрады».
Бар үміт Хуада
Билл Гейтстің мәлімдемесі жай ғана қате емес, ол жауапсыздық. Дәрігерлер жақын арада қажетсіз болады деген сияқты тұжырымдар — қазіргі таңда денсаулық сақтау басшылары назар аударуы тиіс шынайы мәселеден назарды басқаға бұратын қауіпті фактор. Бұл шынайы мәселе — технологияны дәрігерлермен серіктестікте жұмыс істеуге орнатып, оны кең көлемде қолдану, деп жазады The Hill.
«Дәрігер — жүйенің қатесі емес. Олар сол жүйенің өзі. Технология дұрыс қолданылған жағдайда олардың жұмысты жеңілдетеді», – деп келтіреді портал, Америкалық медициналық ассоциацияның бұрынғы президенті Джесси Эренфельд пен медициналық ЖИ шешімдерін шығаратын Aidoc компаниясының ортақ негізін қалаушысы Элад Валахтың сөзін.
Бұл пікір қисынды көрінгенімен, оған мүлдем келіспейтіндер де бар. Олар дәрігердің жұмысын толық автоматтандыруды мақсат етіп отыр. Bloomberg хабарлауынша, қытайлық Synyi AI стартапы мен Сауд Арабиясының Almoosa Health Group компаниясы 2025 жылдың сәуірінде Сауд Арабиясында әлемдегі алғашқы клиниканы сынақтан өткізе бастады. Онда нағыз пациенттерге диагноз қоюмен «доктор Хуа» атты ЖИ айналысады.
Науқас клиникаға келіп, планшет арқылы өз симптомдарын сипаттайды. ЖИ қосымша сұрақтар қойып, адам-көмекшілер арқылы алынған деректер мен бейнелерді — мысалы, кардиограмма мен рентген түсірілімдерін талдайды. Консультация аяқталған соң, емдеу жоспарын құрып, оны пациентті тікелей қарамайтын дәрігер-қызметкер қарап, бекітеді.
Қазіргі таңда доктор Хуа респираторлық шағымдармен ғана жұмыс істейді. Оның көмегімен шамамен 30 түрлі ауру — астма мен фарингит секілді — анықталады. Bloomberg жазуынша, компания келесі жылы респираторлық, гастроэнтерологиялық және дерматологиялық бағыттағы 50 ауруды қамтуды жоспарлап отыр.
Synyi AI мәліметінше қазіргі сынақтан бұрынғы кезеңде ЖИ жүйесінің қателік деңгейі 0,3%-дан төмен болған. Алайда біз стартаптарды әсірелеуге құмар екенін жақсы білеміз.








