Жылжымайтын мүлік, «Рокетмен» және ESG: Ватикан қазынасының құпиялары

Әлем жаңа Рим Папасы Лев XIV-тің саясаты қандай боларын болжауға тырысып жатыр. Оның таңдаған есімі мен бұрынғы кейбір мәлімдемелері қатаң басқару стилін таңдайтынын аңғартады. Трампқа қарсы либералдық тепе-теңдік бола ма деген де болжам бар. Бірақ бір нәрсе анық: ол Ватиканның қордаланған қаржылық мәселелерін шешуге мәжбүр болады.
Көп ғасырлық құпиялық
2024 жылғы есептерге сәйкес, 2023 жылы Қасиетті Тақтың бюджеттік операциялық тапшылығы 83 миллион еуроны құрады. Ал он жыл бұрын-ақ оның зейнетақы қорындағы өтелмеген міндеттемелердің көлемі 1,5 миллиард еуроға жуықтағанын Financial Times жазған болатын.
Содан бері жағдай, болжам бойынша, тек ушыға түскен. «Болжам бойынша» деген сөз тегін емес, өйткені бұл — Еуропадағы соңғы абсолютті монархия саналатын мемлекеттің қаржылық активтері туралы әңгіме. The Wall Street Journal газетінің жақында шыққан мақаласында осы жағдай Ватиканның ежелден бастау алатын құпия қаржылық істерімен байланыстырылған.
Бұл жабықтық екіжақты жұмыс істейтін сияқты, сондықтан деректер жиі қайшылықты болады. Бір жағынан, 2005 жылы Бенедикт XVI сайланған кезден бері ондаған жыл бойы Қасиетті Тақтың тапшылығы мен қаржылық қиындықтары жайлы айтылып келеді. Екінші жағынан, Еуропа кеңесінің Moneyval комитеті 2024 жылы Ватиканның ақшаны жылыстатуға қарсы күрес шараларының тиімділігіне жоғары баға берді.
Ватикан банкі 12 мыңнан астам клиентке қызмет көрсетеді. 2023 жылдың соңында олардың активтері 5,4 миллиард еуро деп бағаланған. Жалпы Ватикан капиталының көлемін қазіргі банк басшысы Жан-Батист де Франссу (марқұм Папа Франциск тағайындаған) 1,75 триллион АҚШ доллары деп бағалаған. 2023 жылы банк 30,6 миллион еуро таза пайда тапты.
Папа Франциск шіркеу активтеріне иелік ету құқығын Апостолдық Тақтың мүлкін басқару басқармасына (APSA) тапсырған. Бұл активтердің құрамына Римдегі 5 мың жылжымайтын мүлік нысаны, сондай-ақ Франция, Ұлыбритания және Швейцариядағы бірқатар ғимарат кіреді.
Ватиканның бухгалтерлік есебін аудиттен өткізу өте қиын, өйткені есептер әлі күнге дейін қағазға қарындашпен жазылады. Бұдан бөлек, мәдени, діни немесе басқа да артық символдық маңызы бар жылжымайтын мүлік тек шартты түрде – ғимаратқа бір еуро есебімен бағаланады. Ал Ватикан тарихының сан ғасырлық екендігін ескерсек, оның көптеген нысандары осы санатқа енетіні анық.
Financial Times түсірген «Ватикан қаржысын реформалай ала ма?» атты деректі фильмде мәселе былайша сипатталған: қаржы саласынан бейхабар дін қызметкерлері әлемнің түкпір-түкпірінде жүздеген миллион еуроны инвестициялап, кейде қисынсыз нәтижелерге ұрынуда. Мысалы, Ватикан Элтон Джон туралы «Рокетмен» атты өмірбаяндық фильмге, сондай-ақ «Қара киімділер» фильмінің келесі бөліміне қаржы салған.
«Ватиликс» және өзге де мәселелер
Ватикан банкі дәстүрлі түрде дүниелік бухгалтериядан тыс тұрған мекеме ретінде қабылданатын. Алайда ашықтық пен есеп беруге ұмтылыс Рим Папасы Франциск тұсында басталды.
Ол қарапайым Fiat 500L көлігімен жүре бастады, кардиналдардың жалақысын қысқартты. Дәл осы Папаның бастамасымен Діни қызмет институты (Ватикан банкі деп те аталады) 125 жылдық тарихында алғаш рет 2013 жылы стандартты қаржылық есеп жариялады. Ол есепке сәйкес, 2012 жылғы таза пайда 86,6 миллион еуроны құраған. Бұл — алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт есе көп.
Алайда банк келесі жылы мұндай нәтиже қайталанбайтынын ескерткен. Айтқандары келді: 2013 жылғы таза пайда небәрі 2,9 миллион еуро болды. Мұндай құлдырауды пайыздық мөлшерлемелердің өсуімен, реформаларға кеткен шығындармен, күмәнді есепшоттардың жабылуымен, инвестициялық бағдарлама аясындағы шығындармен және алтын бағасының төмендеуімен түсіндірді (Ватиканның алтын қорының едәуір бөлігі АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінде сақталады).
Дегенмен, сұрақтар легі тоқтаған жоқ. 2012 жылы Папа Бенедикт тұсында «Ватиликс» деп аталып кеткен оқиға болды. Папаның жеке қызметшісі құпия құжаттар мен хаттарды ұрлап, журналистерге берген. Бұл құжаттардан Ватикан банкіндегі жемқорлық, қаржы бұзушылықтары мен кейбір шіркеу қызметкерлерінің әдепсіз әрекеттері әшкереленген. Оқиға салдарынан Ватикан банкі басшысы Этторе Готти Тедески қызметінен кетті.
2019 жылы католиктік «Христос легионерлері» ұйымының негізін қалаған Марсель Масиель мен оның серіктес дін қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қарсы 175 жыныстық қылмыс жасағаны үшін атышулы дауға ілікті. Сонымен қатар The Pillar атты сайт жұмыс істейді, ол дін қызметкерлерінің гей-клубтарға баруы немесе Grindr қосымшасында тіркелгені туралы ақпараттар таратады.
Соңғы ең шулы қаржылық дау кардинал Анджело Беччумен байланысты болды. Ол Папа Францискке жақын болған, Анголада қызмет еткен және кезінде Рим Папасы болу ықтималдығы қарастырылған тұлғалардың бірі еді. Алайда бұл мүмкіндік 2021 жылы мүлде жоққа шықты: сол жылы ол ұрлық пен алаяқтық бойынша сотқа тартылды. 2023 жылы ол 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл — 18 ғасырдың 30-жылдарынан бері алғаш рет жоғары дін қызметкеріне қатысты осындай жаза қолданылған жағдай.
Кардиналға тағылған негізгі айып — Лондондағы Челси ауданынан нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбат ($390 млн) зәулім үй сатып алу ісі. Жалпы, шіркеудің жылжымайтын мүлігіне қатысты мәселе — өз алдына бөлек әңгіме. Guardian басылымының мәліметінше, Италиядағы шіркеуге тиесілі ғимараттардың тек 14%-ы ғана нарықтық бағамен жалға беріледі, ал қалғандары қаржылық шығын ғана әкеліп отыр.
Ватикан табысы неден құралады?
Ватиканның табысы дәстүрлі түрде төрт негізгі көзден тұрады:
1. Активтерді басқарудан түсетін кірістер,
2. Мақсатты қайырымдылық,
3. Туризмге байланысты табыс көздері. Мысалы, ватикандық Annona супермаркеті, мұражай билеттері, пошта маркалары мен естелік заттардың сатылымы,
4. Әулие Петр динарийі деп аталатын ерікті қайырымдылықтар. Бұл салымдар түрлі елдердегі шіркеулер арқылы жиналады.
1949 жылдан бері Әулие Петр динарийін Ватикан банкі басқарады. Міне, дәл осы қаражатты кардинал Анджело Беччу заңсыз жұмсады деп айыпталған еді (ол мұны мойындаған жоқ).
Католик шіркеуінің тарихы бойынша маманданған америкалық журналист Джейсон Берри 2012 жылы жарық көрген «Ватикан ақшасы. Шіркеу қаржысының құпия тарихы» атты кітабында былай деп жазған:
«Ватикан банкі пайда болмай тұрған кезде де Папалар Әулие Петр динарийі арқылы қаражат жинаған. Бұл қайырымдылық соғыс пен күйзеліс кезеңдерінде Ватиканның тірегіне айналды. Ватиканның қаржылық жүйесі қайырымдылық ретінде басталып, капиталдық инвестицияға айналған».
Көмек көрсету әлі де бар. Мысалы, Папа Бенедикт XVI 2010 жылы Гаитиде болған зілзаладан зардап шеккендерге 1,2 млн доллар аударған.
Алайда жылдар өте келе бұл қаражат Ватикан бюджетіндегі тапшылықты жабуға жиі жұмсала бастады. Сондықтан діни қызметкерлерге қатысты сексуалдық жанжалдар тек моральдық дағдарыс қана емес, қаржылық проблемаға да айналды. Кейбір дінбасылар дауды реттеу мен сот процестеріне қайырымдылық қаражатын жұмсап, артынша банкротпыз деп мәлімдеген. Бұдан бөлек, шіркеудің беделі түскен сайын, жамағат та қайырымдылық жасауға құлықсыздана бастады.
Мысалы, 1980-жылдары Ватикан банкі Banco Ambrosiano банкі арқылы ақша жымқыру схемасына араласқаны үшін 244 млн доллар төлеуге мәжбүр болды. Бұл шығынның едәуір бөлігі Әулие Петр динарийі есебінен жабылған.
Тағы бір мысал: 2020 жылы COVID-19 салдарынан және туристердің болмауынан туындаған 64,8 млн еуро дефициттің 50 миллионы дәл осы қайырымдылықтардан алынды.
Көркем шегініс: «Берегись автомобиля» фильмі туралы
КСРО-да шыққан әйгілі «Берегись автомобиля» фильмінде пастор «Волга» көлігін жәшікке толы қайырымдылық ақшасына сатып алады. Осы көріністегі ақша — әлгі Әулие Петр динарийі деп елестетуге болады. Сюжет бойынша көлік Рига маңында сатылады, демек, кейіпкер — Латвиядағы Рим католик шіркеуінің өкілі (әрине, Латвияда лютерандар саны көбірек, бірақ бұл — көркемдік қиял).
Фильм 1966 жылы шыққан. Ол кезде Папа Павел VI болатын. Оның тұсында Екінші Ватикан соборы өтіп, шіркеу реформасы басталды Бұл реформа «аджорнаменто» (жаңғыру, жаңару) деп аталады. Латвиялық болашақ кардинал Юлиан Вайводс осы соборға Папаның шақыруымен қатысқан.
Сол себепті пастордың ұрланған көлікті құжатсыз сатып алуы — символдық әрекет: собордан кейін шіркеу қарапайымдылық пен модернизацияға бет бұрды. Павел VI Папалық сарайдың қызметкерлерін қысқартты, тәжден бас тартты, Ватикан гвардиясын таратып жіберді. Оның «Populorum Progressio» энцикликасы солшыл католиктерге ұнады, тіпті чех коммунистік журналы «Мир және социализм мәселелері» де мақұлдаған.
Әрине, Франциск Папаның кейінгі қаржылық аудитімен салыстыруға келмейді, бірақ қолдағы ақшадан құтылу сол кездің өзінде де қауіпсіз әрекет болған. Міне, фильмдегі пастордың да әрекеті осыны бейнелейді.
Дегенмен, католик шіркеуінің жер бетіндегі мүлікке қатысты дәстүрлі ұстанымы өзгермеді: жердегі игіліктер — адамдар игілігі үшін.
Фильмде айтылғандай, «Ақшаны ешкім әлі жоққа шығарған жоқ».
Ватикан ақшасын кім жақсы санады?
Ватиканның нақты қаржысын ең жақсы есептегендердің бірі — кеңестік тарихшы әрі барлау офицері Иосиф Григулевич болды. Ол Троцкийге қарсы операцияға қатысқан, Папа Пий XII-мен 15 мәрте жеке кездескен (бүгінгі журналистердің бірде-бірі мұндаймен мақтана алмайды).
Григулевич «Папалық. ХХ ғасыр» атты кітабында жазады:
«1968 жылы Павел VI Ватиканның қаржылық құрылымын орталықтандыруға бағытталған жаңа тәртіп енгізді. Осылайша, Ватиканда Қасиетті Тақтың экономикалық префектурасы — қаржы министрлігі құрылды».
1967 жылы Италияның қаржы министрі Прети Ватиканның тек Италия акцияларындағы үлесін 100 млрд лира деп, ал жылдық дивидендін 3–4 млрд лира деп бағалаған. Сонымен қатар, Ватикан көптеген облигациялар мен акцияларды делдал тұлғалар атына рәсімдеп, қоғамдық бақылаудан тыс ұстап отырды.
The Economist журналы Ватиканның активтерін 22 млрд неміс маркасы, ал Time — 40–60 млрд марка деп есептеді.
Ватикан келесі салалардағы компаниялардың үлесін иеленеді:
• жылжымайтын мүлік,
• пластмасса және электроника өндірісі,
• болат, цемент, тоқыма, химия өнеркәсібі,
• азық-түлік, дәретхана қағазы, шиналар, газ, шайыр, газ плиталары, кокс, ауыз су.
Тіпті, шіркеу контрацептивтерді айыптағанымен, Ватикан үлесі бар «Иституто фармаколоджико Серано» компаниясы босануды болдырмайтын таблеткалар шығарады.
Католиктік ESG
2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ватикан банкі бес жылға есептелген жаңа инвестициялық саясатты жариялады. Бұл саясат тұрақты даму қағидаттарына да, шіркеу моралі нормаларына да сай келуге тиіс.
Ватикан өзіне тән католиктік ESG қалыптастыруға тырысты — бұған қаржыны басқарудағы ашықтыққа арналған апостолдық хат та дәлел. Папа Франциск шіркеу мекемелерінің шетелдік қаражаттарын APSA ұйымының қоластына біріктіріп қана қоймай, инвестицияларды тек Құдайға жағымды, нақты өндіріспен байланысты салаларға бағыттап, тәуекелі жоғары немесе моральдық тұрғыдан күмәнді табыстардан аулақ болуға шақырды.
Ішкі бақылау үшін комплаенс-офицер (ішкі сәйкестікке жауапты маман) тағайындалуы керек еді — бұл қызметкерді Экономика хатшылығының префектісі бекітеді.
Жоғарыда аталған банкир Этторе Готти Тедески 2004 жылы «Ақша және жұмақ» атты кітап жазған (дәлірек айтсақ, түпнұсқада атауы «Денаро е Парадизо», яғни «лепта» деп аталған). Онда қазіргі капитализмнің барлық кемшіліктері протестанттық этиканың бұрмалануынан бастау алатыны айтылған. Шынайы капитализм тек католиктік мораль аясында ғана өміршең болады деп есептелген.
Өте көне институт заманауи ашықтық талаптарымен бетпе-бет келгенде, Інжілдегі елші Павелдің Коринфтіктерге жазған бірінші хатындағы мына сөздер еске түседі: «Қазір біз айнаға қарап тұрғандай, бұлдыр ғана көреміз». Жағдай осындай болса, транспаренттік қайдан болсын?
Журналист Джейсон Берридің айтуынша, «шіркеудегі жемқорлық — бұл жай ғана тарихи ақиқат».
Осы орайда, қазіргі кезде жасанды интеллектпен күрес секілді декларативті істермен айналысып жүрген Лев XIV кез келген сәтте кез келген комплаенс-офицерге 1982 жылы Юрий Андропов Михаил Горбачевке (Горбачевтің өз естеліктеріне сүйенсек) айтқан сөзін қайталауы мүмкін: «Бюджетке жол жоқ».








