Ozempic өндірушісі акция құлдыраған соң бас директор қызметінен кетті

Дания фармацевтикалық алып компаниясы Novo Nordisk, артық салмақты емдеуге арналған Ozempic дәрісінің өндірушісі, 16 мамыр күні бас директоры Ларс Фрюергор Йоргенсеннің қызметінен кететінін жариялады. Компания бұл шешім акциялардың құнсыздануы мен салмақ жоғалту препараттары нарығындағы бәсекенің күшеюіне байланысты қабылданғанын мойындады. Кейінгі бір жылда Novo Nordisk-тің нарықтық капитализациясы АҚШ-тың негізгі бәсекелесі Eli Lilly-ге қарағанда алты есе қатты төмендеді.
Егжей-тегжейі
Дания фармацевтикалық компаниясы Novo Nordisk-тің бас директоры Ларс Фрюергор Йоргенсен директорлар кеңесімен өзара келісім бойынша қызметінен кететінін хабарлады. Компания мәлімдемесінде: «Өзгерістер Novo Nordisk компаниясының соңғы нарықтағы қиындықтары мен 2024 жылдың ортасынан бастап акциялардың динамикасын ескере отырып жасалды», — делінген.
Кейінгі жылы Novo Nordisk акциялары төмендеп жатыр: компанияға қысым көбейіп, әсіресе жылдам дамып жатқан салмақ жоғалту препараттары нарығындағы бәсеке күшейді. Әсіресе америкалық бәсекелесі Eli Lilly тарапынан, сондай-ақ Novo Nordisk-тің жаңа буын препараттарының клиникалық сынақтарының көңіл көншітпейтін нәтижелері себеп болды, — деп хабарлайды Reuters.
Novo Nordisk компаниясы Йоргенсен өкілеттіктерді «тұрақты түрде тапсыруды» қамтамасыз ету үшін өтпелі кезеңде қызметінде қалатынын айтты. Жаңа басшыны іздеу жалғасуда, тағайындау туралы қосымша хабарланады. Директорлар кеңесінің төрағасы Хельге Лунд: «Novo Nordisk стратегиясы өзгеріссіз қалады, директорлар кеңесі қазіргі бизнес-жоспардың орындаларына сенімді», — деді.
Акциялар жайы қалай?
Копенгаген биржасында Йоргенсеннің кететіні туралы хабарланғаннан кейін компания акциялары 4%-дан аса төмендеді. 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны үштен бірге қысқарды, ал соңғы 12 айда 54%-ға төмендеді. Салыстыру үшін: Eli Lilly бір жыл ішінде нарықтық құнының шамамен 7%-ын жоғалтты.
Сарапшылар не дейді?
Artha Kapital Forvaltning трейдинг бөлімінің басшысы Ларс Хюттинг бұл жаңалықты «нағыз сенсация» деп атады, деп хабарлайды Bloomberg. Artha – Novo компаниясының акцияларына инвестиция салып отырған ұйым. Хюттингтің айтуынша, бас директордың қызметінен кетуі жайлы хабардан кейін ол бұл акцияларды сатып та, сатпай да қоймақ. «Мен қатты таңғалдым, – деді ол. – Қазір Novo былтырғы жағдайынан мүлде басқа деңгейде тұр. Бірақ дәл Фрюергор Йоргенсен кетеді деп еш ойламадым. Оларда жақында ғана компания тарихындағы ең үздік тоқсандық көрсеткіш тіркелді ғой».
Novo Nordisk акцияларын бақылап отырған 32 сарапшының 19-ы оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Тағы 10-ы бейтарап пікірде, ал үшеуі ғана сатуды ұсынады. Уолл-стриттің орташа болжамы бойынша, Нью-Йорк биржасындағы Novo-ның депозитарлық қолхаттарының бағасы қазіргі деңгейден тағы 51% өсуі мүмкін.
Контекст
Йоргенсеннің басшылығымен Novo Nordisk диабет пен семіздікке қарсы дәрі-дәрмектер нарығында көшбасшыға айналды. Wegovy және Ozempic препараттарының сатылымы жылдам өсті. Ол компанияда 1991 жылдан бері жұмыс істейді, ал 2017 жылдың қаңтарынан бастап оны басқарды. Осы аралықта компанияның нарықтық құны үш есеге артты. 2023 жылы Novo Nordisk француздың LVMH компаниясын басып озып, Еуропадағы ең қымбат компания атанды. Алайда кейін бұл көшбасшылықты жоғалтып, қазіргі уақытта төртінші орынға түсті.
Инвесторларды қазіргі нарықтағы бәсеке алаңдатып отыр. Биылғы аптада белгілі болғандай, американдық Eli Lilly компаниясының салмақ тастауға арналған Zepbound препараты кейбір маңызды көрсеткіштер бойынша Novo-ның ұқсас дәрісінен асып түсті. Bloomberg дерегінше, наурыз айының ортасынан бастап АҚШ-та Zepbound үшін жазылған рецепттер саны Novo-ның Wegovy дәрісінен артып кеткен. Ал Eli Lilly шығарған диабетке қарсы Mounjaro препараты биыл тамыз айына қарай Novo-ның Ozempic дәрісін қуып жетуі мүмкін, – деп болжайды BMO Capital.








