Кейінгі үш жылдағы алғашқы Ресей–Украина келіссөзі екі сағатқа да жеткен жоқ

2025 жылғы 16 мамырда Ресей мен Украина 2022 жылдан бері алғаш рет бетпе-бет келіссөз жүргізді. Делегациялар кездесуі АҚШ президенті Дональд Трамптың ықпалымен өттіү Ол екі ел арасындағы соғысты тоқтатуды талап етіп отыр. Осы тұста Еуроодақ Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр.
Ыстанбұлдағы кездесудің нәтижесі туралы не белгілі?
— Украина мен Батыс елдері талап еткен 30 күндік атысты тоқтату туралы Киев пен Мәскеу келісімге келген жоқ.
— Келіссөз екі сағатқа жетпей аяқталды. Делегациялардың қайта қашан кездесетіні туралы ешқандай мәлімдеме жасалмады. Кездесуге екі елдің президенттері қатыспады. Владимир Зеленский Түркия президентімен кездесуге Анкараға келгенімен, Ыстанбұлдағы келіссөзге барудан бас тартты. Ол Ресей делегациясында «нақты шешім қабылдай алатын адам жоқ» деді.
— Reuters агенттігінің жазуынша, Зеленский Ресей атысты тоқтатудан бас тартса, оған қарсы қатаң санкциялар енгізілуі керек екенін айтты. Оның баспасөз хатшысының мәліметінше, келіссөз біткен бойда Зеленский Трамппен және Франция, Германия, Польша басшыларымен телефон арқылы сөйлескен. 10 мамырда Украина мен еуропалық елдер Ресейге ультиматум қойып, атысты «толық және сөзсіз» 30 күнге тоқтатуды талап еткен. Бұдан кейін Ресей Ыстанбұлда келіссөз өткізуге ұсыныс білдіргенімен, атысты тоқтатуға келіспеді. Осыдан соң Трамп Украинаға келіссөзге «шұғыл келісуді» талап еткен.
— Reuters агенттігінің дереккөзіне сүйенсек, Мәскеу Украинаға ультиматум қойған: украин әскерін елдің белгілі бір бөлігінен шығарып, бітімге келу, сондай-ақ өзге де «қабылдауға келмейтін және конструктивті емес талаптар» ұсынған. Украина делегациясындағы дереккөздің айтуынша, Ресейдің бұл талаптары «шынайылықтан алшақ әрі бұрын талқыланған шеңберден тым асып кеткен».
— The Economist журналисі Оливер Кэрролл әлеуметтік желіде дереккөзіне сілтеме жасап, келіссөз кезінде Ресей Украинаның тағы екі облысын басып алатынын айтып қоқан-лоқы жасағанын жазды.
— Ресей келіссөз барысына қанағаттанатынын мәлімдеді. Екі тарап әрқайсысы 1000 тұтқынды айырбастау туралы келісімге келгенін Reuters хабарлады.
Контекст
Еуроодақ Ресейдің қаржы секторына бағытталған жаңа санкциялар пакетін әзірлеп жатыр, деп жазды Bloomberg. Агенттіктің дереккөзіне сүйенсек, Брюссель Мәскеудің әскери әрекеттерін қолдайтын банктерге қарсы шаралар қабылдауға да дайын.
Reuters мәліметінше, жаңа пакет Ресейдің мұнай экспортындағы шектеулерді айналып өтуге қолданатын «көлеңкелі флотына» қарсы шараларды, энергетика саласындағы қосымша шектеулер мен мұнай бағасына қойылған шекті төмендетуді де қамтиды.
Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен ЕО-ның жаңа санкциялар дайындап жатқанын растады. «Біз бейбітшілікті қалаймыз және президент Путин бейбіт келісімге дайын болғанға дейін оған қысымды күшейтуіміз керек», — деді ол жұма күні Bloomberg келтірген мәлімдемесінде.








