Moody’s АҚШ-тың ең жоғары несие рейтингін төмендетті

Бұл шешім, Уолл-стрит стратегтерінің пікірінше, инвесторларды акция бағасының жақында қалпына келуінен кейін табысын бекітуге итермелеуі мүмкін.
Moody’s агенттігі АҚШ-тың несие рейтингін төмендетті. Бұған елдегі бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуі себеп болды. Агенттіктің бағалауынша, АҚШ-тың экономикалық артықшылықтары, мысалы, экономика көлемі мен доллардың резервтік валюта ретіндегі мәртебесі, енді бюджет пен қарыз көрсеткіштерінің нашарлауын өтей алмайды.
Moody’s-тің бұл шешімі нарықтағы сақтықты күшейтіп, акцияға инвестиция салған инвесторларды тәуекелді азайтып, табысын шегеруге итермелеуі мүмкін, дейді сарапшылар.
Толығырақ
Moody’s агенттігі 16 мамырда АҚШ-тың несиелік рейтингін Aaa санатынан Aa1 деңгейіне түсірді. Болжамы — «тұрақты». Агенттік: «АҚШ-тың айтарлықтай экономикалық және қаржылық күшті тұстарын мойындай отырып, бұл артықшылықтар енді әлсіреген бюджеттік көрсеткіштерді толық өтей алмайды», — деп мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, енді АҚШ Moody’s шкаласы бойынша Австрия мен Финляндиямен бір деңгейде. Бұл шешім Moody’s агенттігі 1,5 жыл бұрын АҚШ-тың несиелік рейтингінің болжамын «теріс» деп өзгерткеннен кейін қабылданып отыр. Ол кезде агенттік өсіп келе жатқан бюджет тапшылығын және саяси қайшылықтардың күшеюін алға тартқан. Ал осы жолы Moody’s рейтингті төмендете отырып, болжамды қайтадан «тұрақты» деп көрсетті.
Бұл шешімнен кейін 10 жылдық АҚШ облигацияларының кірістілігі 4,49%-ға дейін өсті. Ал S&P 500 индексін бақылайтын биржалық қор сауда аяқталғаннан кейінгі уақытта 0,5%-дан астам төмендеді, деп хабарлайды Bloomberg.
Уолл-стрит не дейді?
— «Бұл — алаңдатарлық белгі. АҚШ-тың акциялар нарығы шегіне жетіп қалды. Moody’s рейтингінің төмендеуі активтерді басқаратын мамандарды соңғы бір айдағы акциялар раллисінен кейін пайдасын бекітуге итермелеуі мүмкін», — дейді Steward Partners компаниясының атқарушы директоры Эрик Бейли (барлық пікірлер Bloomberg арқылы алынған).
— «Меніңше, акциялар нарығы соңғы ірі өсімнен кейін пайдасын бекіту кезеңіне өтеді. 2011 жылы S&P АҚШ рейтингін түсіргенде, инвесторлар алдымен мемлекеттік облигацияларды сата бастады, бірақ артынан қорғаныс активтеріне сұраныс артты да, олардың бағасы өсті», — дейді JonesTrading компаниясының бас нарық стратегі Майкл О’Рурк.
— «АҚШ-тың қазыналық облигациялары әлемдегі ең сенімді инвестиция ретінде бағаланады. Америка рейтингінің төмендеуі басқа елдердің мемлекеттік қарызына да теріс әсер етуі мүмкін, өйткені АҚШ – эталон ел. Бұл қор нарығына алдағы апталарда қалай әсер ететіні әзірге белгісіз, бірақ соңғы қарқынды өсімнен кейін сақтықтың артуы ғажап емес», — дейді Tigress Financial Partners инвестициялар жөніндегі директоры Иван Файнсет.
— «Мемлекеттік қарызды өтеуге кететін шығындар өсе береді, өйткені ірі инвесторлар қазыналық облигациялардың орнына өзге қауіпсіз активтерге көшеді. Бұл қауіпті «аю үрдісіне» (яғни, облигациялар кірісінің өсуі мен бағалардың түсуі) алып келіп, долларға қысым жасайды және америкалық акциялардың тартымдылығын азайтуы мүмкін», — деп ескертеді Franklin Templeton Investment Solutions компаниясының инвестициялар жөніндегі директор орынбасары Макс Гокман.
— «Нарықтар АҚШ-тың несиелік қабілетінің нашарлауын бұрыннан күтіп отыр. 2011 жылдың тамызында S&P рейтингті түсіргенде бұл күтпеген жағдай болған еді. Қазір бәрі бюджеттік тұрақсыздық пен тарифтік қауіптерге байланысты алаңдаушылық аясында болып жатыр. Сондықтан қор нарығына әсері бұрынғыдай күшті болмайтын шығар», — дейді Roundhill Investments компаниясының бас директоры Дейв Мацца.
Moody’s неге АҚШ-тың рейтингін түсірді?
Moody’s баспасөз хабарламасында жазғандай, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы мен оны өтеуге кететін шығындары он жылдан астам уақыт бойы үздіксіз өсіп келеді және қазіргі таңда ең жоғары рейтингке ие өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Агенттік АҚШ билігі бюджеттік шығындар мен тапшылықты айтарлықтай қысқарта алады дегенге сенбейді. Керісінше, Moody’s болжамы бойынша, алдағы он жылда бюджет тапшылығы ұлғая береді: ел табыстары сол қалпында қалса, әлеуметтік шығындар арта түседі.
Moody’s есебінше, 2035 жылға қарай АҚШ-тың бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 9%-на дейін өсуі мүмкін (2023 жылы 6,4% болған), ал мемлекеттік қарыз 98%-дан 134%-ға жетуі ықтимал. 2035 жылы бюджет кірісінің шамамен 30%-ы тек қарызды өтеуге жұмсалуы мүмкін (2021 жылы — 9%, 2024 жылы — 18%). Салыстырмалы түрде, ең жоғары рейтингке ие өзге елдерде бұл көрсеткіш — небәрі 1,6%, деп жазады Moody’s.
Контекст
Moody’s — АҚШ-қа ең жоғары несие рейтингін соңғы болып ұстап тұрған ірі рейтинг агенттігі еді. S&P агенттігі АҚШ-ты «ААА» рейтингінен 2011 жылы, ал Fitch 2023 жылы айырған.








