БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Airbnb брондау өсімінің баяулау қаупі туралы ескертті. Акциялары 6%-ға құлдырады

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Airbnb брондау өсімінің баяулау қаупі туралы ескертті. Акциялары 6%-ға құлдырады

Тұрғын үйді онлайн брондау сервисі Airbnb үшінші тоқсанға нарық күткеннен де оптимистік болжам ұсынды — компания жазғы маусымда сапарларға сұраныс жоғары екенін айтты. Алайда, жыл соңына қарай брондау өсімі баяулауы мүмкін екенін ескертті. Осы жаңалықтардан кейін Airbnb акциялары кеңейтілген саудада бірден 6%-ға дейін құлдырады.

Егжей-тегжейлі

6 тамызда жарияланған акционерлерге арналған хатында Airbnb үшінші тоқсанда брондаулар — түндер мен орналастыру орындарының саны бойынша — «салыстырмалы түрде тұрақты» болатынын мәлімдеді. Бұл екінші тоқсандағы 7,4% өсімнен кейінгі көрсеткіш. Bloomberg деректеріне сүйенсек, бұл Уолл-стриттің орташа 7% болжамына сәйкес келеді.

Алайда, қысқамерзімді жалға беру сервисі қазіргі тоқсанның соңында және келесі тоқсанда өткен жылмен салыстыру қиындай түсетінін, бұл жылдың қалған бөлігіндегі өсімге қысым тудыруы мүмкін екенін айтты. Себебі 2024 жылдың екінші жартысында Airbnb нәтижелері күтпеген жерден жоғары болды — туристер кейінге қалдырған сапарларын белсенді түрде брондай бастады, деп жазады Bloomberg. Ал биыл сервис бұл деңгейдегі нәтижені қайталай алуы екіталай  екенін мойындап отыр.

Airbnb үшінші тоқсандағы кірісін $4,02 млрд пен $4,1 млрд аралығында болатынын болжап отыр — бұл көрсеткіштің орташа мәні сарапшылар консенсусынан жоғары. «Біз үшінші тоқсанға оптимизммен қараймыз. Шілде айында брондау өсімі жеделдей түсті, әсіресе Солтүстік Америкада», — делінген Airbnb мәлімдемесінде.

Бірақ компания ескерткендей, үшінші тоқсанда табыстылық төмендеуі мүмкін, себебі АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салықтары Швейцария мен Үндістан секілді елдерге қатысты күшіне енеді. Сонымен қатар, 29 шілдеде бәсекелес Booking Holdings те экономикалық белгісіздіктің күшеюі саяхат сұранысына кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Airbnb-дің осындай сақ болжамы инвесторлардың акцияларды сатуға көшуіне себеп болды. Есептен кейін акциялар кеңейтілген саудада 5,94%-ға төмендеп, $122,7 деңгейінде тоқтады. Бұған дейінгі күндізгі сессияны Airbnb акциялары 0,4% өсіммен, $130,5 бағасында жапқан болатын.

Компания есебі

Airbnb екінші тоқсандағы жақсы қаржылық нәтижелерінің арқасында $6 млрд көлеміндегі акцияларды кері сатып алу бағдарламасын жариялады. Есепті кезеңде компания $1 млрд бос ақша ағынын көрсетті — бұл сарапшылардың күткенінен жоғары нәтиже, деп жазады Bloomberg.

Екінші тоқсандағы түсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, $3,1 млрд құрады. CNBC келтірген LSEG сарапшылары $3,04 млрд күтті. Таза пайда 16%-ға артып, $642 млн немесе бір акцияға $1,03 болды — бұл Уолл-стриттің $599,3 млн немесе $0,93 болжамынан айтарлықтай жоғары.

Жалпы брондау көлемі (Gross Booking Value) $23,5 млрд болды — бұл да StreetAccount болжамы бойынша $22,66 млрд-тан жоғары, деп жазады CNBC.

Airbnb ақпан айында инвесторларға мәлімдегендей, жаңа бизнес бағыттарына $200 млн инвестиция салатынын нақтылады. Бұл сома бұған дейін аталған ауқымның төменгі шегіне сәйкес келеді. Компанияның айтуынша, бұл инвестициялар ағымдағы жылдың екінші жартысында операциялық маржаға айтарлықтай әсер етеді.

Инвесторлар үшін маңызды жайттар

Airbnb бас директоры Брайан Чески мамыр айында жаңа өнім желілерін іске қосып, табысты арттыруға тырысты. Енді сервис саяхатшылар мен жергілікті тұрғындарға химиялық тазалау, шаштараз қызметі немесе танымал аспаздардан аспаздық сабақтар алуға мүмкіндік ұсынады.

Airbnb қаржы директоры Элли Мерц жаңа бағыттардан жақын арада айтарлықтай табыс күтпейміз, дегенмен ұзақмерзімді тұрақты өсудің негізгі драйверіне айналады деді, деп жазады Financial Times.

2025 жылдың басынан бері Airbnb акциялары 0,7%-ға арзандаса, соңғы 12 айда 15,5% өсім көрсетті. MarketWatch-тың дерегінше компанияны бақылап отырған 47 талдаушының ішінен көпшілігі акцияны портфельде ұстауды ұсынады. 26 сарапшы — Hold, 14 сарапшы — Buy немесе Overweight, 7-уі — Underweight немесе Sell деген ұыныс жасады.

Уолл-стриттің консенсус-бағасы $138,7 деңгейінде — бұл Airbnb акциясының негізгі сауда сессиясын жапқан бағасынан 6,3% жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары