АҚШ экономикасы үшінші тоқсанда күткеннен жоғары өсім көрсетті. Алда не болмақ?

АҚШ экономикасы 2025 жылдың үшінші тоқсанында тұрақты өсім көрсетті, деп көрсетті кешігіп жарияланған деректер. Мұндай нәтижеге негізінен тұтынушылық шығындар мен бизнестің инвестициялары ықпал еткен. Бірақ, содан бері өсім қарқыны АҚШ үкіметі жұмысының уақытша тоқтауына және өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты баяулады, деді Reuters.
Егжей-тегжейлі
Алдын ала бағалауға сәйкес, АҚШ-тағы нақты ЖІӨ 2025 жылдың үшінші тоқсанында (шілде, тамыз және қыркүйек) жылдық есеппен 4,3% өсті, деп хабарлады АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросы (BEA). Бұл Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер болжаған 3,3%-дан жоғары. Бұл — АҚШ үкіметі жұмысының 43 күнге тоқтауына байланысты кешігіп жарияланған деректер. Салыстыру үшін, 2025 жылдың екінші тоқсанында АҚШ экономикасы 3,8% өскен еді.
Нарық ахуалы
АҚШ-тың негізгі қор индекстері әртүрлі динамика көрсетіп отыр. S&P 500 индексіне арналған фьючерстер 0,05% төмендеді. «Көгілдір фишка» индексі саналатын Dow Jones-тың келісімшарттары 0,08%, ал «технологиялық» Nasdaq Composite 0,03% құлдырады. АҚШ ЖІӨ деректері жарияланғаннан кейін 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі айтарлықтай өзгермей, 4,16% деңгейінде қалды, деп жазды Bloomberg. Доллар 0,3% әлсіреп, агенттіктің мәліметінше, 2017 жылдан бергі ең нашар жылын өткеруі мүмкін. Алтын мен күміс тарихи ең жоғары деңгейлерде саудалануда.
Ірі бизнес АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген ауқымды баж салығынан туындаған шығындардың өсуіне қарамастан, жалпы алғанда бұл соққыға төтеп беріп, жасанды интеллектке инвестиция салып отыр, соның арқасында экономиканың негізі нығаюда, деп жазды Reuters. Ал шағын компаниялар айтарлықтай көбірек зардап шеккен.
Бұл не білдіреді?
АҚШ экономикасының өсуіне тұрақты тұтынушылық шығын мен бизнестің инвестициясы ықпал еткен, деп жазды Reuters. Үшінші тоқсанда АҚШ экономикасына импорттың қысқаруы қолдау көрсетіп, сауда тапшылығын азайтуға көмектесті. Сонымен қатар тұтынушылық шығынның жеделдеуі көбіне 30 қыркүйекте электромобиль сатып алушыларға арналған салықтық жеңілдіктердің аяқталуына дейінгі сатып алу ажиотажымен байланысты болды.
Алайда Reuters еске салғандай, АҚШ үкіметі жұмысының 43 күнге тоқтауына байланысты деректер кеш жарияланып, қазір өзектілігін ішінара жоғалтқан. Бұл мәліметтер экономистер K-тәрізді экономика деп атайтын үрдісті растайды: табысы жоғары үй шаруашылықтары өзін сенімді сезінсе, табысы орта және төмен отбасылар күнкөрісін әрең қамтамасыз етіп отыр. Сауалнамаларға сәйкес, экономиканың негізгі қозғаушысы саналатын тұтынушылық шығынның басым бөлігін ауқатты үй шаруашылықтары қамтамасыз етеді, бұған қор нарығының өсуі олардың әл-ауқатын арттыруы әсер етуде, деп жазады агенттік.
Reuters келтірген Bank of America Institute есебінде де төмен табысы үй шаруашылықтары «жалақыдан жалақыға дейін» өмір сүріп жатқаны және биыл қаражатының барған сайын үлкен бөлігін мейрамханаларға емес, азық-түлікке жұмсап отырғаны айтылған. Олар сондай-ақ киімге, әуе сапарларына және қонақүйлерге кететін шығынды қысқартқан, бұл жоғары инфляция жағдайында олардың қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетеді.
Алда не болмақ?
«Бұл жақсы тоқсан болды, бірақ төртінші тоқсанда мұндай нәтиже сақталмайды. Үй шаруашылықтарының бюджеті қысқарып жатыр: орта есеппен алғанда отбасылар нақты жалақы өсімі тұрғысынан әрең күн көріп отыр», — деп пікір білдірді Reuters агенттігіне Бостон колледжінің экономика профессоры Брайан Бетюн.
АҚШ Конгресінің партиядан тыс Бюджет басқармасы (CBO) жақында болған үкімет жұмысының тоқтауы елдің ЖІӨ-сін төртінші тоқсанда 1–2 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін деп бағалады. Басқарма мәліметінше, ЖІӨ-дегі төмендеудің негізгі бөлігі уақыт өте келе өтелуі ықтимал, алайда экономиканың $7 млрд-тан $14 млрд-қа дейінгі көлемін қайтарып алу мүмкін болмайды, деп жазды Reuters.
Үй шаруашылықтары жасанды интеллект пен бұлтты есептеулерге арналған дата-орталықтардың қарқынды кеңеюі аясында электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты коммуналдық төлемдердің өсуіне де тап болып отыр. Сонымен қатар 2026 жылы кейбір америкалықтар медициналық сақтандыру жарналарының күрт қымбаттауына ұшырауы мүмкін, деп еске салды Reuters.
«ЖИ саласындағы бум сауда соғысының жағымсыз салдарын бүркемелеп отыр. Үкімет жұмысының тоқтауына байланысты төртінші тоқсанда өсім одан әрі баяулайды, ал одан кейін жаңа жылы қалпына келу күтіледі», — деді BMO Capital Markets-тің аға экономисі Сал Гуатьери.








