АҚШ Қытайға чип жабдығын жеткізуге тыйым салды: кім ұтылмақ?

Америкалық чипмейкерлерге жабдық шығаратын Lam Research, Applied Materials және KLA компаниясы жұма күнгі саудада арзандады. Бұған АҚШ Сауда министрлігінің Қытайға чип басып шығаратын станоктарды жеткізуге тыйым салу туралы шешімі себеп болды. Бұл шешім Қытайда зауыттары бар оңтүстіккореялық Samsung пен SK Hynix секілді чипмейкерлерге де соққы болып тиді, деп хабарлайды Reuters.
Егжей-тегжейлі
2025 жылғы 29 тамыз, жұма күнгі саудада америкалық чип пен микросхема басып шығаратын жабдық өндіруші компаниялардың акциясы арзандады. Олардың негізгі клиенттері болып саналатын оңтүстіккореялық чипмейкерлер — Samsung пен SK Hynix. АҚШ үкіметі Қытайдағы олардың өндірісін қиындатуды шешті. Lam Research котировкасы 4,3%, Applied Materials – 2,9%, ал KLA – 2,2% төмендеді.
Сауда министрлігі бұған дейін оңтүстіккореялық компанияларға «Validated End User» (тексерілген соңғы пайдаланушы) мәртебесімен Қытай аумағында жартылай өткізгіштерді өндіру үшін америкалық жабдықты қолдануға мүмкіндік берген лицензияларды кері қайтарып алды. Бұл шектеулер 120 күннен кейін күшіне енеді, деп көрсетілген АҚШ Федералдық реестріндегі жарияланымда.
Рұқсатынан айырылған компаниялардың ішінде Intel де аталды. Алайда биылдың басында ол Қытайдың Далян қаласындағы өз бөлімшесін SK Hynix-ке сатып жіберген болатын.
«Президент Трамп әкімшілігі экспорттық бақылау режиміндегі олқылықтарды жоюға ниетті, әсіресе америкалық компанияларды бәсекелестермен салыстырғанда қолайсыз жағдайға қоятын тұстарды», — делінген Сауда министрінің орынбасары Джеффри Кесслердің Bloomberg келтірген мәлімдемесінде.
АҚШ Сауда министрлігі, Samsung пен SK Hynix Reuters сұрауларына пікір білдірмеді.
Бұл нені білдіреді?
Дональд Трамп әкімшілігінің әрекеті Қытайдағы чип өндірісін шектейді және Пекиннің кейбір технологияларға қол жеткізуін қауіптендіреді, деп санайды Bloomberg. Бұған дейін Сауда министрлігі Samsung пен SK Hynix компаниясына 2022 жылы енгізілген экспорттық шектеулерден ерекшелік жасап келген, енді оларға Қытайдағы фабрикалары үшін жабдық сатып алу үшін жеке лицензия алуға тура келеді. Соңғы айларда америкалық компаниялардың Қытайға тауар мен технология жеткізуге берген мыңдаған өтініштері, соның ішінде миллиардтаған долларлық чип өндірісіне арналған жабдық экспорттау өтініштері де Сауда министрлігінің жүйесінде тоқтап тұрғанын Reuters тамыздың басында жазған.
Бұл шешім америкалық өнімді ішінара алмастыра алатын қытайлық жабдық өндірушілерге тиімді болуы ықтимал, деп жазады Reuters. Сондай-ақ ол Samsung пен SK Hynix-тің негізгі бәсекелестерінің бірі саналатын америкалық жад чиптерін өндіруші Micron компаниясына да қолайлы жағдай туғызады.
Контекст
Маусым айында АҚШ Сауда министрлігі алғаш рет жартылай өткізгіштер өндірісіне арналған жабдық жеткізудегі ерекшеліктерді алып тастау мүмкіндігін айтқанда, Ақ үй өкілі бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздеріндегі бітімнің «бұзылу ықтималдығына дайындық қана» екенін түсіндірген, деп еске салады Reuters. Ақ үй қалыптасқан жағдайға қатысты агенттікке жедел түсініктеме бере алмады.
Қазір елдер арасында сауда бітімі бар: Қытай импортына АҚШ-та 30% баж салығы, ал Қытай тарапынан америкалық тауарларға 10% баж салығы қойылған. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы АҚШ өнеркәсібіне қажет сирек кездесетін металдардан бастап, Қытай нарығына арналған америкалық соя сатып алуларға дейінгі барлық салаға әсер етті.








