АҚШ-тың басты индекстері рекордтан кейін құлдырай бастады. Инвесторлар неден қорқады?

АҚШ-тың үш негізгі қор индексі 5 қыркүйектегі сауда басында рекорд жаңартқаннан кейін күрт төмендеді. Биржа ашылғаннан кейін инвесторлардың оптимизмі тамыздағы әлсіз еңбек нарығы деректерінен кейін ФРЖ мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үмітпен байланысты болды. Алайда сессия барысында бұл сенім АҚШ экономикасының баяулауы мен ықтимал рецессияға қатысты алаңдаушылыққа ауысты.
Егжей-тегжейі
— S&P 500 индексі 5 қыркүйек күнгі саудада бір сәтте 0,9%-ға төмендеді, кейін құлдырау шамамен -0,4%-ға дейін баяулады. Сессия басында ол 6532,65 тармақпен тарихи рекорд орнатты.
— Технологиялық компаниялардың үлесі басым Nasdaq Composite индексі де шамамен 0,8%-ға төмендеді. Бұған дейін ол жаңа рекордқа — 21 878,81 тармаққа жеткен еді. Жарияланған сәтте индекс шамамен -0,2% деңгейінде тұрды.
— Dow Jones Industrial Average индексі де 0,9%-ға түсті, кейін төмендеу -0,5%-ға дейін бәсеңдеді. Сауда басында ол да тарихи максимумға жеткен.
— Шағын капитализациялы компаниялар индексі Russell 2000 аздап төмендеді: күннің ең төменгі деңгейінде шамамен -0,5%, кейін -0,15%-ға дейін қалпына келді.
— «Уолл-стрит қорқыныш индексі» VIX шамамен 11%-ға көтеріліп, 16,9 тармаққа жетті. Қауіпті деңгей 20 тармақ болып саналады.
Не болды?
CNBC мәліметінше, инвесторлардың көңіл күйіне тамыздағы еңбек нарығының күткеннен әлсіз көрсеткіштері әсер етті. АҚШ-та ауыл шаруашылығынан тыс салаларда небәрі 22 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Уолл-стриттің ортақ болжамы — 75 мың.
«Барлығы қарапайым: жұмыс орындары аз болса — шығын азаяды, демек корпоративтік пайда төмендейді», — деді JPMorgan-ның бұрынғы стратегi Марко Коланович.
Жұмыс орындарының әлсіз өсуі бастапқыда нарықты ФРЖ қыркүйекте мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екеніне сендірді. Бірақ кейбір стратегтердің айтуынша, бұл уақытша реакция ғана. Bloomberg жазғандай, Miller Tabak компаниясының бас нарық стратегi Мэтт Мэйли: «Егер облигациялар табысының төмендеуі экономикалық өсімнің баяулауын білдірсе, бұл акциялар үшін теріс белгі», — деп ескертті.
Reuters дерегінше, маусым айына қайта қаралған мәліметтер соңғы 4,5 жылда алғаш рет жұмыс орындарының қысқарғанын көрсетті. Бұл коронавирус пандемиясынан бергі алғашқы құлдырау. Сондай-ақ, шілдеде жұмыссыздар саны бос орындар санынан асып түсті — мұндай жағдай да соңғы жылдары алғаш рет тіркеліп отыр. CNBC мен MarketWatch пікірінше, еңбек нарығының әлсіреуі рецессияға қатысты алаңдаушылықты күшейтуі мүмкін.








