БастыReview
Бөлісу

АҚШ-тың орнына Еуропада қандай салаларға инвестиция салу тиімді: есептеулер нәтижесі

Константин  Гненный

Константин Гненный

АҚШ-тың орнына Еуропада қандай салаларға инвестиция салу тиімді: есептеулер нәтижесі

2025 жылы АҚШ қор нарығы ең қолайлы кезеңін бастан кешіп отырған жоқ. Осының аясында еуропалық активтер тартымды көрінеді. Алайда бұл ұзақ мерзімді үрдіс пе, әлде қысқамерзімді құбылыс қана ма? Oninvest есептеулері ұзақ көкжиекте америкалық нарықтың еуропалық нарықтан әлі де озық екенін көрсетеді. Тек екі секторда ғана Еуропа артықшылық сақтап тұр — қаржылық қызметтер мен өнеркәсіп.

Америкалық нарықтардағы шок

Көп жыл бойы Еуропа нарығы АҚШ-тан айтарлықтай кенже қалып келді. Алайда 2025 жылдың басынан бері АҚШ қор нарығы күрделі кезеңді бастан кешіруде. 16 мамырды қоса алғанда S&P 500 индексі жыл басынан бері небәрі 1,3 % қана өсті. Негізгі себеп — АҚШ әкімшілігінің радикалды сауда саясаты.

Еуропа жағдайы басқаша. АҚШ НАТО-дағы одақтастарына қауіпсіздігіне енді өздері төлейтінін ашық айтқаннан кейін, Еуропа қорғаныс бағдарламалары мен инфрақұрылымын қаржыландыру жолдарын іздей бастады. Соның нәтижесінде инвесторлар талай жылдан бері алғаш рет еуропалық нарыққа назар аударды. Нәтижесінде кең еуропалық нарықтың Eurostoxx 600 индексі сол кезеңде 8,8 % өсті.

Oninvest әдістемесі

Oninvest Еуропа мен АҚШ нарықтарындағы кірістілік динамикасы бойынша қатты айырмшылық байқалатын секторларды талдады.

Біз Еуропа мен АҚШ қор нарықтарының секторлық динамикасын бақылайтын 24 биржалық қордың (ETF) кірістілігін салыстырдық. Негіз ретінде BlackRock және State Street Global Advisors — әлемдегі активтері бойынша ең ірі және төртінші орындағы жекеменшік инвестициялық компаниялардың ETF-тары алынды.

Өнеркәсіп секторына кіретін қорғаныс және аэроғарыш компанияларының саласын айқын көрсету үшін біз осы жылы Еуропада қорғаныс шығындарының өсуіне байланысты қарқынды өсіп келе жатқан EUAD биржалық қорын (тек еуропалық қорғаныс-аэроғарыш компанияларын қадағалайды) жеке бөліп қарастырдық.

Негізгі қорытынды

Жыл басынан мамырдың ортасына дейін АҚШ пен Еуропаның 11 секторының үшеуі теріс динамика көрсетті, ал 11 сектордың тоғызы бойынша Еуропа АҚШ-тан озық шықты. Еуропалық ETF-тердің ең үлкен басымдығы қаржы секторында және коммуникациялық технологиялар секторында байқалып отыр.

Еуропалық қорғаныс кіші секторы ерекше назар аударарлық: оны қадағалайтын EUAD ETF-і жыл басынан бері 47,4 % өсім көрсетті. Салыстыру үшін, АҚШ-тың қорғаныс-аэроғарыш компанияларын бақылайтын BlackRock-тың ITA қоры сол кезеңде 8,2 % ғана өсті. Айта кетерлігі, EUAD тек 2024 жылдың қазанында құрылды, бұл сегменттің шапшаң дамуын білдірсе керек.

Экономикамен бірге қозғалатын проциклдік секторларда Еуропадағы құлдырау АҚШ-қа қарағанда азырақ. Мысалы, циклдік тұтыну тауарлары секторы (автомобильдер, тұрмыстық техника, т.б.) Еуропада шамамен 7 % төмендесе, АҚШ-та 12 % азайды. Технологиялар секторы Еуропада 4 %-ға жуық, ал Штаттарда 9 %-дан аса құлдырады.

Жыл басынан бері АҚШ тек екі секторда ғана көш бастады: негізгі материалдар секторында еуропалық ETF 9 %-ға жуық төмендегенде, америкалық қор 0,3 % өсті; денсаулық сақтау секторында Еуропадағы қор 2 % төмендеп, АҚШ-тағысы 2,6 % өсті.

Барлық секторлардың жыл басындағы динамикасымен сілтеме арқылы танысуға болады.

4,5 жылдық көкжиек: АҚШ әлі алда

Алайда 2021 жылдың басынан 2025 жылдың мамыр ортасына дейінгі кең көкжиекті алсақ, қарама-қайшы сурет шығады. Төрт жыл бұрын америкалық нарыққа бәс тіккен инвесторлар әлі де оқ бойы озық тұр. Oninvest есептеулері бойынша 2021 жылдан бергі жиынтық кірістілік тұрғысынан АҚШ 11 сектордың тоғызы бойынша Еуропаны басып озды.

АҚШ-тың артықшылығы ең көп байқалатын секторлар: энергетика (73 б.т.), жылжымайтын мүлік (45 б.т.) және технологиялар (36 б.т.).

Дегенмен ұзақ көкжиекте Еуропа артықшылығын сақтап отырған екі сектор бар — қаржылық қызметтер және өнеркәсіп.

Барлық секторлардың 4,5 жылдық динамикасымен сілтеме арқылы танысуға болады.

Еуропаның АҚШ-тан неге қалып қойды

Freedom Finance Global талдау департаментінің директоры Вадим Меркулов ұзақмерзімді кірістілік айырмасын айқындайтын бірнеше фактор бар екенін айтады.

Біріншісі — салалық құрылымдағы айырмашылық. S&P 500 индексінде технология секторының үлесі 31,7 %. Alphabet, Meta және Amazon-ды ескерсек, америкалық индексте жоғары технологиялы компаниялардың жиынтық салмағы 41,5 %-ға жетеді. Eurostoxx 600-де бұл көрсеткіш небәрі 7 %.

Дәл технологиялық компаниялар ең агрессивті өсу мен жоғары маржиналдылық танытып, нарықтың жалпы кірістілігіне әсер етеді, дейді Меркулов.

Тағы бір мысал: циклдік тұтыну тауарлары секторының еуропалық ETF-інде (ESIC) негізгі үлесті люкс-брендтер LVMH және Richemont ұстап тұр (24,3 %), ал америкалық баламалы қорда (XLY) Amazon мен Tesla басым (37 %), деп түсіндіреді сарапшы.

Екінші фактор — экономика өсімінің қарқыны.

«АҚШ экономикасы құрылымдық тұрғыдан едәуір жылдам өседі, бұл нарық бағасына әсер етеді», — дейді Меркулов.

2005–2024 жылдары, яғни соңғы 20 жылда, Eurostoxx 600 бен S&P 500-дің таза маржасының жиынтық өсімі тиісінше 4 % және 37 % болды.

Осы кезеңде еуропалық және америкалық индекстерге кіретін компаниялардың жиынтық кірісі мен бір акцияға шаққандағы пайдасының орташа жылдық өсімі сәйкесінше 1,4 % және 1,6 %, сондай-ақ 4,4 % және 6,1 % құрады.

Инвесторларды таяу болашақта не күтіп тұр?

Меркуловтың пікірінше 1–2 жылдық перспективада Еуропадағы фискалдық ынталандырудың кеңеюі және іскерлік белсенділіктің қалпына келуі аясында Eurostoxx 600 пен S&P 500 арасындағы бағалау айырмасы біршама қысқаруы мүмкін. Еуропада инвестиция үшін ең тартымды салалар — қаржы секторы мен қорғаныс кіші секторы, дейді ол.

Алайда ортамерзімді көкжиекте айырма, шамасы, сақталады: бұған америкалық экономиканың құрылымдық жоғары өсім қарқыны, индекстердің салалық құрамындағы айырмашылықтар және еуропалық компаниялардың қаржылық көрсеткіштерінің әлсіздеу динамикасы себеп.

АҚШ-тың сауда саясаты тұрақтанса, америкалық нарық қалпына келіп, қайтадан озық өсімге қол жеткізу әлеуетіне ие. Тарихи деректер көрсеткендей, құлдырау кезеңдерінен кейін АҚШ-тың технология секторы әсіресе қарқынды қалпына келеді, дейді Меркулов.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары