Алтын раллиі: тарихи рекорд

2025 жылдың қазан айында алтын бағасы тарихта алғаш рет бір унция үшін $4000 шегіне жетіп, кейін $4200-ден асты. Бірақ бұл жерде мәселе тек цифрларда емес, бұл қорғаныш актив көрсеткен бұрын-соңды болмаған өсімде. Жыл басынан бері алтынның бағасы 60%-дан астам көтерілді.
Физикалық алтынды сатып алмай-ақ, оған қалай инвестиция құюға болады?
Ресей активтерінің бұғатталуы, Трамп алтын раллиін қалай жандандырды
2025 жылғы 8 қазанда алтынның бағасы алғаш рет тарихта $4000 белгісінен асып түсті, ал бір аптадан соң жаңа рекорд орнатылды: 15 қазанда бір унцияның құны $4235-ке жетті — яғни тағы $200-ға өсті. Бұған дейінгі $3000 шегі 14 наурызда тіркелген болатын. 15 қазанға дейін алтынның жыл басынан бергі өсімі 60,8%-ды құрады.
Ондаған жылдар бойы «қауіпсіз айлақ» деп саналатын физикалық актив үшін бұл — бұрын болмаған серпіліс, оған көптеген акция иелері қызыға қарады.
ING банкінің аналитикалық бөлімі еске салғандай, алтын әрдайым қаржылық дағдарыстар кезінде қымбаттайды. 2008 жылғы АҚШ-тағы sub-prime ипотекалық дағдарысы кезінде баға $1000-нан жоғары көтерілген, COVID-19 пандемиясы кезінде $2000-ға жеткен. Ал 2025 жылдың басында АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғыстары алтынды $3000 және одан жоғары деңгейге жеткізді.
2025 жылғы алтын бағасының өсуі ерекше болды — ол қаржы нарығындағы дағдарыспен емес, басқа факторлармен байланысты екенін The Wall Street Journal атап өтті.
Алтын неге қымбаттап жатыр?
Егер қаржы дағдарысы, пандемия және Трамптың билікке келуі арасындағы тікелей ұқсастықты шетке қойсақ, ING есебіне назар аударуға болады.
Банк сарапшыларының айтуынша, бағаның осылай өсуі бірнеше фактордың тоғысуынан туындаған:
— қарулы қақтығыстар,
— АҚШ әкімшілігінің ауысуы,
— сауда соғыстары.
Әлемдегі тәуекелдер тым көбейіп кетті, инвесторлар оны сезіп, жоғары тәуекелді активтерден кетіп жатыр. Бұрын қорғаныш актив ретінде АҚШ доллары немесе қысқа мерзімді облигациялар саналса, қазір инвесторлар долларлық активтерін құнсызданудан сақтандыру үшін алтынды таңдауда.
ING атап өткендей, қазіргі таңда алтынның ең ірі сатып алушылары — орталық банктер. Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан бері олардың алтын сатып алу көлемі екі есеге артқан.
«Орталық банктердің алтынға қызығушылығы АҚШ пен Еуропаның Ресей активтерін бұғаттау шешімінен және елдердің өз валюталық резерв стратегияларын қайта қарауынан туындап отыр», — дейді ING.
Жыл басынан бері алтын қорын 67 тоннаға ұлғайтқан Польша Ұлттық банкі көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда — Әзербайжан, Қазақстан және Қытай.
ING сарапшыларының пікірінше, егер орталық банктер доллар тәуелділігін төмендетіп, инвесторлар тұрақсыздықтан қорғану үшін алтынға бет бұра берсе, $4000 унция үшін — шекті меже емес.
2025 жылғы 13 қазанда Bank of America өзінің болжамын көтеріп, 2026 жылға қарай бағаның $5000-ға жететінін, ал жылдық орташа баға $4400 болатынын айтты.
Goldman Sachs 24 қыркүйекте алтын 2026 жылдың ортасына қарай $4000 шамасында болады деген еді, алайда бұл межені алтын олардың болжамынан небары екі апта кейін-ақ бағындырды.
Алтын өндіруші компаниялардың акциялары раллиден қалай пайда көрді
Алтынның өз бағасынан да жылдам өсіп жатқан — алтын өндірушілердің акциялары.
Мысалы, әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі Newmont компаниясының акциялары жыл басынан бері 150% қымбаттады. Мұндай айырмашылық тек алтын бағасының емес, басқару тиімділігінің де нәтижесі.
Нарық көбіне кешігіп әрекет етеді: жаңа кеніштерді іске қосу үшін уақыт пен инвестиция қажет, ал шығындардың өсуі акция бағасын тежей алады.
Компаниялар баға құлдырауынан қорғану үшін фьючерстер мен опциондар арқылы сатылымды хеджирлейді, бірақ баға көтерілу кезінде бұл олардың пайдасын шектейді. Сондықтан қазір көптеген өндірушілер сақтандыру көлемін қысқартуда.
Үш ірі өндірушінің көрсеткіштері:
— Newmont Corporation (АҚШ)
S&P 500 индексіне кіретін жалғыз алтын өндіруші. Компания жүз жылдан астам уақыт бойы Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Африка мен Австралияда жұмыс істейді.
2025 жылдың бірінші жартысында таза пайдасы $2,1 млрд болды, бұл — сарапшылардың күткенінен жоғары.
Қыркүйекте CEO Том Палмер 2025 жылдың 31 желтоқсанында отставкаға кететіні, оны вице-президент және COO Наташа Вилджоэн алмастыратыны хабарланды.
Сонымен қатар, Newmont активтер портфелін оңтайландыру аясында Orla Mining және Coffee жобаларындағы үлесін $150 млн-ға дейін сататынын мәлімдеді.
S&P Global Market Intelligence дерегінше, компания акцияларын бақылайтын 21 аналитиктің 11-і «Сатып ал» деп, тек 1-еуі «Сат» деп ұсынады.
Орташа мақсатты баға — $95,56, бұл 15 қазандағы жабылу бағасынан 2,12%-ға жоғары.
Алайда Citi сарапшылары 15 қазанда мақсатты бағаны $74-тен $104-ке көтеріп, өсу әлеуетін көрсетті.
— Agnico Eagle (Канада)
Компанияның активтері Канада, Мексика және Финляндияда орналасқан.
2025 жылдың екінші тоқсанында таза пайда $1,07 млрд немесе акциясына $2,13 болды — рекордтық нәтиже.
Компания 2025 жылы 3,3–3,5 млн унция өндіру жоспарын растады.
Seeking Alpha сарапшысы Маника Премсингхтің пікірінше, алтын бағасының тұрақты өсуі, операциялық негіздің мықтылығы, таза қарыздың аздығы және ақша ағынының артуы акциялардың әрі қарай өсу әлеуетін арттырады.
15 қазанда Citi мақсатты бағаны $140-тан $198-ға көтерді (жабылу бағасынан 10,7%-ға жоғары).
MarketWatch дерегінше, орташа мақсатты баға $177,98 — яғни небары 0,5% жоғары.
21 аналитиктің 15-і «Сатып ал» деген баға берген.
— Barrick Mining Corporation (Канада)
Жыл басынан бері акциялары 123,82% өсті. Компания өзін алтын мен мыс өндіретін диверсификацияланған өндіруші ретінде сипаттайды, яғни екі металл да қымбаттаған жағдайда ұтады.
2025 жылдың екінші тоқсанында таза пайда жылдық есеппен 124%-ға өсіп, $811 млн немесе акциясына $0,47 болды (былтыр — $370 млн немесе $0,21).
Дегенмен, Африкадағы активтер бойынша белгісіздік және Мали үкіметімен келіспеушіліктер сияқты тәуекелдер бар.
TD Securities қыркүйекте мақсатты бағаны $30-дан $38-ға көтерді (15 қазандағы жабылу бағасынан 9,5% жоғары).
Орташа мақсатты баға — $35,04, бұл 1%-ға жоғары.
22 сарапшының 10-ы «Сатып ал», 5-еуі «Нарықтан жоғары» рейтингін берген.
Үш компанияның да 2025 жылдың бірінші жартысындағы өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген: мысалы, Barrick Mining –16,57%.
Ал керісінше, өсім көрсеткен — Солтүстік Америкадан тыс компаниялар: оңтүстік африкалық Gold Fields өндірісті 22,75%-ға арттырды.
Қыркүйек айының соңында нарықта жаңа ойыншы пайда болды — Zijin Gold, қытайлық Zijin Mining холдингінің алтын өндіру дивизионы IPO-ға шықты. Сауда күні компания акциялары 60% қымбаттады.
Zijin Mining-тің алтын өндірісі 2025 жылдың алғашқы жартысында 16,34% артқан.
Алтынға байланған ETF-тер
ING банкінің Gold Monthly: All that glitters is gold есебіне сәйкес, алтынға байланған биржалық қорларға капитал ағымы айтарлықтай өсті.
ETF сатып алған инвестор алтынның «виртуалды унциясын» иеленеді, оның бағасы нақты активтің динамикасына сәйкес өзгереді.
Сол себепті олардың табыстылығы алтын бағасымен дерлік бірдей — жыл басынан бері 60%.
Ірі алтын ETF-тердің көпшілігі физикалық алтынмен қамтамасыз етілген, ол серіктес банктердің қоймаларында сақталады.
SPDR Gold Shares ETF
Алтын көлемі: 32,8 млн унция
Бір акция құны: $381,81
Басқару ақысы: 0,40%
Инвестициялық мақсаты — қор акциялары алтын құймаларының бағасын, қордың шығындарын шегергеннен кейінгі динамикасын дәл көрсету. Яғни, қор алтын бағасындағы ауытқулардан табыс табу үшін сауда жасамайды. Қор NYSE-де, сондай-ақ Гонконг, Мексика, Сингапур және Токио қор биржаларында саудаланады. Жалпы салмағы 1019 тонна алтын JPMorgan мен HSBC банктерінің қоймаларында сақталады.
iShares Gold Trust
Алтын қоры: шамамен 14,2 млн унция
Бір акцияның бағасы: $78,16
Басқару төлемі: 0,25% активтер құнынан
Қордың жұмыс принципі негізгі бәсекелесі SPDR Gold Shares секілді — алтын бағасының жалпы динамикасын көрсету. Құймалар сол сияқты JPMorgan қоймаларында сақталады, бірақ көлемі аздау — шамамен 402 тонна. Барлық құймалардың нөмірлері көрсетілген тізім шамамен 600 бетке созылады. Қор акцияларын серіктестер арқылы таратады, яғни 50 000 акциядан тұратын пакеттерді шығарып, оларды нақты алтынмен қамтамасыз етеді.
abrdn Physical Gold Shares ETF
Алтын қоры: шамамен 1,6 млн унция
Бір акцияның бағасы: $39,5
Басқару төлемі: 0,17% активтер құнынан
Бұл қордың ерекшелігі — ол тек London Good Delivery стандартына сай алтын құймаларын сақтайды. Мұндай алтын, Лондон қымбат бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығының (LBMA) талаптарына сәйкес, өндірушілерден экологиялық жауапкершілік, ақшаны жылыстатуға қарсы шаралар және адам құқықтарын сақтау бойынша ашық есеп беруді талап етеді. Тізімде ресейлік «Московский завод по обработке специальных сплавов» және «Красцветмет» зауыттарының алтыны да бар.
Ралли шегіне жетті ме?
Нарықтағы сарапшылар алтын бағасының әрі қарай өсуіне сенімді емес. Соңғы айлардағы күшті раллиге қарамастан, HSBC талдаушылары өсім қарқынының баяулап келе жатқанын атап өтеді. Deutsche Bank те алтынның әрі қарай өсу әлеуеті шектеулі болуы мүмкін деп есептейді. Олардың техникалық көрсеткіштері бойынша, қыркүйек–қазан айларындағы тренд өзінің шегіне жетіп, импульс әлсіреген.
Банк күрт түзету болмайды деп болжап отыр, бірақ нарықтың бейтарап бағытқа өту ықтималдығы жоғары. Deutsche Bank болжамынша, алтын мен мұнай бағасының арақатынасы 72–73 деңгейіне дейін өсіп, бұл 2026 жылы алтынның бағасын шамамен $4450 деңгейіне жеткізуі мүмкін.
Ал JPMorgan 10 қазандағы есебінде жыл соңына қарай баға қазіргі деңгейден 10% төмендейді деп болжады — олардың пікірінше, желтоқсанда алтынның бір унциясы шамамен $3800 болады.








